Экономика ғылымының көптеген саласына сүбелі үлес қосқан ғалым, «Тұран» университеті жанынан құрылған Қазақстан қоғамын жүйелі зерттеу институтының директоры Тоқтар Есіркепов ел тәуелсіздігін алған алғашқы кезеңде отандық экономика үшін көп еңбектенген жан. Үлкен қазанда қайнап, экономика ғылымының майталмандарынан үлгі алған ғалымды аз-кем сөзге тартқан едік.
– Тоқтар Әбенұлы, қазіргі таңда экономиканың қай саласын шұқшия зерттеп жатырсыз?
– Біз бақытты ұрпақпыз. Бабаларымыз аңсап кеткен тәуелсіздікті көріп отырмыз. Мемлекеттер ғана емес, жекелеген тұлғалардың өзі тәуекел етпейтін өліара шақты абыроймен, жеміспен, жеңіспен артқа тастап бара жатырмыз. Біздің ендігі алға қояр мақсатымыз – осы тәуелсіздікті келер ұрпақтың сенімді қолына табыс етуіміз керек.
Елбасы бір сөзінде: «Дағдарыс – экономикалық жетістіктерге жетуге жасалған мүмкіндік», деген еді. Шынында да, дамушы біраз елдер дағдарыс кезінде экономикасын түзеп, дұрыс бағытқа жол ашып алды. Сондай сауатты сап түзеген елдердің қатарында Қазақстан да бар.
Мен Қазақстан экономикасының барлық саласымен қоса, әлемдік экономика және саяси қадамдар туралы қомақты қор жинақтаған жанмын. Еліміз егемендік алған күннен бастап отандық экономиканың әрбір тынысы мен тәжірибесі, бәрі-бәрі менде сақтаулы. Сондықтан да, өз басым белгілі бір саланы ғана зерттеп, өзіме шектеу қою арқылы тар ауқымда жұмыстанбай, көңілім құлап зерттеуге ерекше сұранып тұрған саланы мейлінше кең де терең қаузағанды ұнатамын.
Мәселен, менің кейінгі зерттеуім елдегі тарифтер мен өзін өзі басқарудың жергілікті формасындағы меншіктер туралы.
– Өзін өзі басқару жүйесіндегі экономикалық тепе-теңдік қалай болуы керек?
– Негізі, ләжі болса, коммуналдық меншік биліктің қарауында болғаны дұрыс. Кез келген өркениетті мемлекетте халық өзін өзі басқаруы керек, яғни әкім сайлауы арқылы қоғам өзінің сауаттылығын арттыруы тиіс. Жергілікті өзін өзі басқару үшін ауылдың, ауданның әкімінде, кішігірім басшының қолында белгілі бір күш (меншік) болуы керек. Муниципалды меншік деп аталатын бұл тәжірибе бүкіл әлемде бар. Шалғай аудандар мен ауылдардың әкімдерін сайлағанымызбен, ертең олардың өзіндік меншігі болмаса, ол қашанғы орталыққа жәутеңдеп отырады? Басқарудың ең төменгі деңгейінде де мәселені дербес шешетін кішігірім әлеует болуы керек.
Болашақта «әкім сайлаймыз» деп отырмыз. Алайда, қоғамдық демократияның «әкім сайланбалы болуы керек» деген жарқын үлгісі болғанымен, тағы да «муниципалды меншік» дейтін бап, яғни жергілікті қажеттіліктерді дербес шешетін «күш» туралы бір ауыз сөз жоқ. Шағын ауылдың мектебіне автобус әперу үшін де республикалық бюджетке көз сату керек пе. Ауыл арасындағы көпірді су шайып кетті, соны жөндеу үшін мемлекеттік дәрежеде мәселе қозғауға тиістіміз бе?! Муниципалды меншік болса, бұл шаруаның бәрі өздігінен шешімін тауып, ел басқару ісі жеңілдер еді. Қолында экономикалық билігі бар әкім ғана халықтың мұң-мұқтажын шеше алады.
– Тарифтер күн санап көтеріліп жатқан тұста бұл мүмкін бе?
– Кейінгі кездері жасалған әлеуметтік зерттеулердің бәрінде тарифтердің қымбаттауына халықтың наразылығы басым екені рас. Бізде электр жарығы күн санап емес, сағат санап қымбаттап бара жатыр. Әрбір отбасының ішкі шығынының 30 пайызын осы электр жарығына жіберген шығысы құрайды.
Еліміздегі электр қуатын өндіруші және тасымалдаушы кәсіпорындар түгелге жуық жекешеленген жоқ қой, олардың көбісі әлі де мемлекет меншігінде. Тек олар инвестициялық несиеге сатылған нысандар. Міне, сол компаниялар мемлекет меншігі боп табылатын нысандарға инвестиция салудың орнына, күні бүгінге дейін тек төлем тарифтерін көтерумен ғана шектеліп келеді.
2009 жылдан бастап ел үкіметі инвестициялық тариф дегенді енгізгені белгілі. Электр жарығын тасымалдаумен айналысатын компаниялар өздері табатын табыстан бөлек, тұтынушылардың есебінен тағы да үстеме ақы көріп отыр. Ол ақша, әрине, жаңағы компаниялардың ескірген-тозған техникаларын жаңартуға жұмсалады. Сонда, бұл жерде халықтың өзі инвестор емес пе?! Олай болғанда алпауыт компаниялар халықпен санасуы керек деп есептеймін.
– «Халықтық акционер» деген теңеуді де көбірек айтып жүрсіз. Ол ұсынысыңыз қаншалықты көңілге қонарлық?
– Жалпы, біздегі энергетикалық компаниялар акционерлік қоғам ретінде қайта құрылымдалуы керек деп е