Әдебиет • 05 Желтоқсан, 2019

Әдебиет алыбы

568 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Жартылай ұйықтап жүретін қамарлы заман өтіп кетті. Немесе ондай заман болған да емес. Әйтеуір біз ойымызға кірмеген цифрлы заманға келіп тұрғанымызды бір-ақ білдік. Біз оған келдік пе, ол бізге келді ме, ол маңызды емес. Маңыздысы – мұның көркем шығармаға да, оны оқитын оқырманға да тікелей қатысты болып тұрғандығында.

Әдебиет алыбы

Қазіргі оқырманға кейіпкердің бір аттағаны бір оқиға болып тұрмаса, іші пысады. Қазіргі оқырман әдеби шығарманың тұзы удай болып, бұрышы ауыз күйдіріп, қасіретімен емес, уытты­лы­ғымен көзінен жас ағызары болмаса немесе шынайылығы шыңырау-ойлар­дан жарқырай көрініп, өзіне тартып бара жатпаса, анау-мынау «сүйді-күй­ді» дегенге аса әсерлене қоймайды. Әсер­ленудің өзінің бәсі биіктеп кеткен заман бұл. Дегенмен Әбіш ғұлама осы цифрлы заманның сиқырлы сипа­тын өз шығармаларында осыдан 30-40 жыл бұрын-ақ дәл тауып, ХХІ ғасыр оқырмандарының да талғам-тұздығына лайықты еткендігін байқар едік. Лайықты етейін дегендіктен емес, қаламгердің ой-тұжырым галактикасында бір ғасыр­дың ғана емес, келер ғасырлардың да мәселе­ден де зор мәселелері шоғыр-шо­ғыр болып, өзіне тарта жөнелетін ауқым­дылығында болатын. Қаламгер мысал­ға келтір­ген майда жүріс құмырсқа мен ірі ат­тайтын піл күллі тіршіліктегі жазыл­ған да, жазылмаған да заңдардың орта­сын­да­ғы адам әрекеттерінің сан ғасырлар қайта­ланып келе жатқан траекториясын көрсе­те­ді. «Кімге қандай жүріс лайық болса, солай ғана жүре алады», дейді жазушы. Дейді де әрі қарай: – «Оған көнбеген асау жүріс­тің бәрі бұрыстық. Бұрыстыққа тыйырым бар. Бұрыс аттадың-ақ, мықтының аузындағы жемтік боп шыға келесің. ...Піл құрдым құмырсқаның мұң-мұқтажын, қайғы-қасіретін қайдан түсінсін. Еті селк етпестен тапап өте шығады. ...Неге өйте­ді? Өйткені – ол әуелден солай». Әбіш ғұламаның бұл сілтемесі – әркімді ірі болуға ұмтылдыратын әрі үрейлі, әрі әр­кімді қайрап жіберетін алтын Ереже. Біздің қазақ – сол қайралып түсе­тін­­дер­дің қатарында келе жатқандар. Олай дей­­ті­німіз – осындай аз халық осын­дай ауқым­ды жерді жан-жақтан анта­лаған­дар­мен тіс­тесіп-тебісіп жүріп қалай аман сақ­тап қал­ды және әлі де алдырмай-шал­дыр­­май келе жатыр? Кекілбайұлы шығар­масы қа­зақ­ты осылай қайрайды.

Дегенмен, бұл ғасырдың да ширегін жеп тауысуға қаужаңдасып жатқан осы кезеңі­мізде «Ханша дария хикаясын» бір ақ­тарып, «Еңсеп қазғанға» еңкейе қара­саңыз немесе «Күй» повесіндегі мәң­гүрт­тердің қасына барып, бетіне үңіліп көр­се­ңіз, қазіргі ғаламдық қоғамның ғалам­дық сырқаттарын да сезіне алар едіңіз. Ал біз – қазақ – «Елең-алаңдағы» елең-алаң халдің әлі де солай екендігін түйсінер едік. Елең-алаң болатын себебіміз де түсінікті. Кеңес Одағының көгенінен ағытылып кеткен бізді алпауыт мемлекеттердің өз көгендеріне байлап алу ниеті әзірге қалғи­тын түрі көрінбейді. Дінін жібереді, тілін жібереді, саясатын өткізбек болады, әйтеуір құлмезгіл іргелетіп жүргенін сезі­ніп отырғанымыз жасырын емес. Бұл тек біздің елге, біздің заманға ғана қатысты емес. Қай дәуірдің есігін ашып қалсаңыз да, әрбір ұлттың маңдайында тап осы жағ­дай­­дың болғанын, бола да беретіндігін ұғы­­намыз.

Осындай кезеңдегі біздің әрқай­сы­мызға Ә.Кекілбайұлының «Шан­до­зын­дағы» Махамбеттің бойын­дағыдай эпи­калық қуат, «Шыңырауындағы» Еңсеп құдықшы сияқты еңбекқорлық қажет екен-ау деп ойлайсыз. Ендігі тір­ші­лік­ке «Ханша дариядағыдай» не шаруаны қолға алса да, өрттей ыстық махаббат­пен атқарып шыға­тын жас шебер-хас шебер­лер керек. Ендігі тіршілікке бесі­гі­не тектілікті теліп тер­бететін Бопай ханымдар керек. Ендігі тір­ші­лікке шет­тің тілі­мен ере келіп, мәңгүрт­тік­ке айнал­ды­руға әрекет жасайтын қа­сиет­­сіз­дік­ті Әбіш сомдаған «Абылай хан­­ның» салмағындай салмақпен жаншып тастайтын жасампаздық керек. Тек Әбіш Кекілбайұлының ғана емес, жалпы ұлттық көркем әдебиет бізге осындай жол сілтеп, осы­лай тәрбиелейді.

Ә.Кекілбайұлы сомдаған әдеби-тари­хи образдар қаламгердің өзін де то­лық­­тыра түс­кен секілді. Басқасын айтпа­ғанда, «Үркер» мен «Елең-алаң­да­ғы», «Абы­лай хан» драмасындағы Әбілқайыр хан мен Абы­лай хан болып тебірену үшін немесе сол Әбілқайыр мен сол Абылай болып өкі­ніп, үрейлену үшін немесе сол ішкі үре­йін білдірмей, хан тағында қарқарадай болып отыру үшін немесе басы асау қоғамның тізгінін берік ұстау үшін, керек жерде кідіріп, ерек жерде елдік пен ерліктің үлгісін көрсету үшін қаламгердің соның бәрін алпыс екі тамырынан өткізіп, ғасыр болып зорайып, іштей жасын болып шайқасуына тура келгенін сеземіз.

Оның кейіпкерлерінің ішінде қолы бос біреуі жоқ. Ол суреттеген желдің өзін роман оқиғаларын бір ауылдан бір ауыл­ға жет­кізіп жүрген маңызды кейіпкер­лерін­дей елестетесің. Құдықтары да су ала кел­гендердің бетіне құдық түбінен тесіле қарайтын шығар деп ойлайсың. Қай шығар­масында да құж-құж қайнаған кейіп­кер­лер. Тіпті ине шаншар орын жоқ. Адам-кейіпкер жоқ тұста, амал-кейіп­кер­лер, амал-кейіпкер жоқ тұста, заман-кейіпкерлер, заман-кейіпкер жоқ тұста, алаң-кейіпкерлер кеу-кеулесіп келе жатады.

Қазіргілерге тек шапшаңдық керек десек, бұл да уақытты салт мініп шаба беру деген сөз еместігі түсінікті. Әңкі-тәңкі әлем де ара-тұра рухани азықпен әлденіп алғы­сы келіп тұрады. Әбіш ғұлама тілімен айтқан­да «жанын қинамай жаратылып, жанын қинамай жоғала салатын маймыл өмір» қазақтың қанында жоқ. Қазақтың қанында сан бұлақтана ағып жатқан мәрт­тік бар. Алпыс екі тамырыңның бойын­да мігірсіз жүгіріп жүрген ата-салт, ана-нарт бар. Оның бар екендігін Әбіш ғұламаның кейіпкерлерінің де әр қимылынан көреміз.

Балалық және жастық шақтағы жа­ғым­­ды оқиғалар біздің санамызда сақ­талып қал­ған оқиғалардың ішін­де­гі өзіндік брендтер дер едік. Осы «оқиға-брендтер» ерекше дарынды адам­­дардың санасында терең ойларды қа­лып­тастыруға себепші бола­ды. Яғни, бұл «оқиға-брендтер» тыңайтқыштар қызметін атқарады. Ақыл-ойы толыса, бойдағы дарыны тамыр жая бастағанда қаламгер сол «оқиға-бренд­тер­ді» өзіндік метафораларға немесе қандай да бір ойды жеткізудің әдісі ретінде көрсете алады. Тың теңеулер табуға себепші болады. Әбіш Кекілбайұлы шығармаларының көркемдігі осындай нәрден тамыр тарт­қан. Әр шығармасындағы жеті қат терең­дік­тен ләуліктей көркемдеп шыға­ра­тын ой шо­ғыр­­лары сана-сезіміңе қыран-қанат болып, тар бөлмеңнен кең жай­лау­ға алып шыққандай әсер береді.

Рас, қазіргі әдебиет те, ол туралы ақпа­­рат­­тар да суыт жүреді. Суыт оқыла­ды. Қысқа қайырылады. Бірақ сол суыт жү­ріс пен қысқа қайырым ішін­де­гі қы­рық бұ­рым тіршілікке, бәрібір, тоқ­сан тарау амал керек. Оны көркем әдебиет ақта­р­масаң, қайдан аласың? Ал көр­кем әде­биетке асығыстық жүрмейді. Асы­ғыс­­тық жүрмейтін Әбіш әлемі де ой ұш­қыр­­­лығына машықтандырады. Сананы сал­­ғырт­­тықтан арылтады. Ғарыш­қа сам­ға­­та­ды. Яғни, Әбіш әлемін – Жан­дүн­ие академия­сы десек болады.

Бірақ цифрлы дәуірге Жандүние ака­де­миясы ке­рек пе өзі? Цифрлы дә­уір­ге ой­лы­лық керек пе? Керек болғанда қандай. Гуманитарлық ғылым тұрғысындағы цифрлылық дегеніміз – бұл екінің бірі емес-ау, мыңнан бірінің ой-лабиринтіне орала бермейтін тұжырымдар шоғыры. Адамзат ой-тұжырымдарды санасында сақтап, ғасырлар­дың керуенінің ең маңызды жүгі етіп осы күнге дейін жеткізді. Әрине, керек болған соң. Әрине, «цифрлы» болған соң. Бір тұжырымның өзі ой-санаңдағы өзіңе де белгісіз болып келген бір нүктені басып қалады да, ол сан тармақталған ой-ғарышына қарай тарта жөнелетіндігін біл­ген­діктен. Тұжырымдардың адам сана­сын­­да фотондар сияқты аса жылдам­дық­пен «сәулелене» жөнелетін қасиеті бар екендігін білгендіктен. Ал Әбіш әлемі – осындай тұжырымдардың кеніші: «тарих қанмен жазылып, қанмен түзетіледі», «өткенге өкпе жүрмейді, ...өткенге тек тәубе жүреді», «адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», «за­ман­ға таң қалма – адамға таң қал», «абзал­дық та, түптеп келгенде, азаптың екін­ші аты болса керек», «музыкаға елті­мей­тін кісі сөзге де түсінбейді. Бұл – анық!», «күні-түні кітаптар арасында өмір өткізе­мін», «ереуілге елікпе, тек сабырға серік бол, қара жердей төзімді, қара жердей берік бол!». Осындай жолдарды оқып, ой-санаңыз дүр-дүр көтеріліп, көңі­ліңіз гүл-гүл жапырақтанып жүре бере­тін көркемдігін сезінгенде, көркем шығар­ма­ның неліктен «көркем» екендігін, неліктен «цифрлы» екендігін түсінесіз.

Адамзат есте жоқ ескі замандардан бері қа­рай кітап арқалап келе жатыр. Әлі де арқа­лап кетіп бара жатыр. Неге? Оның жауабы өте кең. Айта бастағанмен ол ешбір қалың кітаптың құшағына сыймасы анық. Әбіш аға сондықтан «әрбір талантты шумақ пен парақты айрықша қастерлейік» деді. Бірақ ол қазіргі қаптап кеткен «графоманияның» нағыз көркем әдебиетті көлеңкелеп кетуінен қауіптенді. «Жоқ, бізде әдебиет өлген жоқ. Бірақ қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр» деп жазды («Тұмар», 2009. №3. – 126 б.).

Адамзат екі аяғын ат қылып, екі қолын қамшы етіп, қайда көшпеген. Сол адам­зат бір орынында отыра алмай­тын­ды­ғым­ен-ақ қалыңдығы Қап тауындай немесе терең­дігі Тынық мұхиттай тарих жасап жүр­ген­дігін білген де жоқ. Ал сол тарих­ты олай-бұлай төңкеріп, әр пара­ғы­­нан табылған өзгенің де ізін тауып, өзгенікі деп өгейсімей, бір адамзатпыз ғой деп, оны білу борышымыз ғой деп, санада сүзіп, есте сақтау қабілетінің асқан қабілетімен хаттап-хаттап айта жөнелетін Әбіш Кекілбайұлындай мұхит-білім адамды көргендер де бар, көрмегендер де бар. Қаламгердің «Дала балладаларында» топталып берілген аңызға құрылған повестері Германияда неміс тілінде жарық көрген кезде, неміс халқынан шыққан И.Кантты, И.Фихтені, Ф.Шеллингті, Г.Гегельді, Л.Фейербахты және де басқа ой-жұлдыз­да­рының жаңашыл туындыларын оқып, талғампаздықтың шыңына шыққан неміс оқырмандарының өзі қазақ жазушысына таңдана қарағанын білеміз. Немістің белгілі әдеби сыншысы, философ Клаус Шнайдер оның шығармашылығы тура­лы жасаған баяндамасын «Сізді өз көзім­мен көре алғаныма қуаныштымын, Кекіл­ба­ев» деп аяқтаған екен. Ол, шынында да, осылай айтылуға әбден лайықты тұлға.

2009 жылы жазушының 70 жылдығы қарсаңында сол кездегі Парламент Сенатының Төрағасы, қазіргі Қазақ­стан Прези­ден­ті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тұмар» журналына жазған шағын эссе­сін­де «Менің әкем оның гуманитарлық саладағы энциклопедиялық білім иесі екендігін жиі айтушы еді. ...Ә.Кекілбаев қазақ рухының өзіндік керемет жиын­ты­ғы тәрізді. Ол қазақ әдебиетінің классигі ре­тінде танылатын болады дейтін» деп еске алған еді. Енді таяуда ғана Әбіш ғұламаның 80 жылдығына орай Ақтау қала­сында өткен салтанатты жиында Президент Қ.К.Тоқаев әкесі Кемел Тоқаев­­тың сол айтқаны дәл келгендігін «Біз бүгін рухын ұлықтап отырған Әбіш Кекіл­байұлы – адамзаттық болмыстың жоғары дең­ге­йі­не көтерілген біртуар тұлға, қазақ хал­қы­­ның ұлы перзенті» деген сөздерімен нақтылады.

Айтса айтқандай, арғы тегіңді сенің өзің де білмеген бұрылыстардан та­уып әкеліп көрсететін шежірешілдігіне таң­ға­лып отырғаныңда, жер дүниенің тарихын, адамзаттың айдамал тірші­лігін­де қай халықтың қайда, қашан қоныс­танып, қазір қайда кеткендігін, көне құр­лық­тардың көміліп қалғандай көрінетін деректерін де уақыт құмының ішінен екшеп алып шығатын мұндай ғұлама сирек.

Танымал жазушы Смағұл Елубаев бір мақаласында «Әбіш аға анадай жерде жусанды төбе үстінде желге қарсы қарап, зорайып тұр. ...Бұйра шашы қобырап, сәл қабақ шытып, өзімен өзі күбірлеп тұр екен: «Этот ...вечный... мировой неуют!» деп еске алған екен. Бұл тіркесті қазақшалайын деп едім, ғұламаның ойына ғарыштан келе қалған бұл сом тіркес менің аудармашылық ырқыма көнбеді. Осы екпінімен естілсін деп қай тілде айтылды, сол тілде келтіріп отырмын. Жалпы Әбіш Кекілбайұлының қай шығармасы да дәл сол жұпарлы қалпымен аударыла қоюы қиын шығар. Дегенмен басқа тілде сол жұпарының жартысынан көбірегінің айтылуының өзі де қаламгердің даңқын асқақтатты.

Рухымыздың жіліншігі жіңішкеріп кетпес үшін бізге әлі де талай талпыныс­тар керек екенін ұғынасың. Бір-біріне ат кө­тер­мес ауыр сөз айтатын емес, арғы­­мақ­қа мінгізіп жібергендей рух бере­тін сөз керек­тігін ойлағанда, ой-қиял­дың өркеші ертең де биіктен көрінуін ойлағанда, Әбіштей ойшылдарды оқыту үшін есейіп қалған бала біткеннің бәрін кітапханаға қуып тыққың келеді. Себебі біздің алдымызда адамзатқа керемет жай­лы қоғам орнату міндеті тұр. Адам жар­ық дүниеге тек қана жағымды ниетпен келеді. Ал жағымсыздық ниеттері басқалардың жағымсыз іс-әрекеттерінің кесірінен оянады. «Менің пайымдауымша, – дейді Әбіш ғұлама, – адамзат шын мәніндегі демократияшыл, адамгершілігі мол қоғамда әлі өмір сүріп көрген жоқ» (Ә.Кекілбаев. Дәуір дауысы. 27 б.). Осы сөйлемге назар салсақ, әлемдегі ең демократияшыл деген мемлекеттің өзі бұл дең­гейге жетпегендігін айтады жазушы. Жан дүниеміздегі демократия сезі­мі­не қолдан жасалған қоғамның қол жет­кізе қоюының қаншалықты қиын екен­дігіне сілтеме жасайды. Демек, ол нағыз демократиялық және адамгершілік идеясын ұстанатын қоғам орнату жолын іздеу адамзаттың алдында тұрған ұлы міндет екендігіне сілтеме жасайды. Қателік қай жерден басталады? Қателік «болдым, толдым» деген жерден басталады. Демократиялық қоғам орнатып болдық, адамгершіліктік қоғам орнатып қойдық деу АҚШ үшін де әлі ерте. Тым ерте. Ондай дәуірдің анықтамасын қазақ «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деп бір ғана мақалға сыйғызған. Сол заманға жету – күллі жер шарының арманы. Бәрін де адам баласы өз қолымен жасайды. Біздің қазақ та өз бейнетін өзі жеңіп, өз тұлғасын өзі сомдап, бәрін де өз қолымен жасауда. Келіп көмек беретіндей, Әбіш Кекілбайұлының сөзімен айтқанда «Жерден Мәді шыққан жоқ, көктен Ғайса түскен жоқ».

Ғаламдық уақыт үшін 20 секундтай ғана болып өте шыққан ХХ ғасыр да әлі ентігін басқан жоқ еді. Аптыға кірген ХХІ ғасырдың табалдырығын аттап, енді еркін жүре бастаған шақта Әбіш ғұлама өз мәңгілігіне аттанды.

Қазақ әдебиетінің классигі Әкім Та­ра­зи осыдан он жыл бұрын Әбіш досы тура­лы жазған мақаласында оған «ғұлама­лық­тың мызғымайтын құз-жартасы» деп баға беріп еді. Сөйлеп тұрса да, сөйле­мей тұрса да, оның сырт тұлғасы, шынында да, дәл сондай көрініс беретін еді. Өзін өзі тың тыңдағандай тыңдап жүре­тін тылсым тұлға болатын. Біз енді сол тұл­ғаның тылсым әлеміне құлақ тосып, «ғұла­ма­мыз айтқан ойлардың астарын тағы бір зерде­лейік­ші» деп, оның 80 жылдық тойы өтетін ға­сыр салтанатына келе жатырмыз.

 Оңайгүл Тұржан