Руханият • 05 Желтоқсан, 2019

Күлкі керуені № 19

3621 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Күлкі керуені № 19

*Әзіл әңгіме

   Саңырауға сәлем берсең...

– Ассалаумағалейкүм, Қисық! Тірімісің? Сені өлгелі жатыр деп еді ғой. Өлетін болсаң мына қиын заманда өкіметке текке масыл болмай, неге тезірек кетпейсің? Базаргүл құрдас қалай, бабында ма?

– Көбікпісің? Аузыңды жыбырлатып не оттап тұрсың?

– Тірімісің деймін. Базаргүл құрдас қалай деймін, қу саңырау.

– Немене? Базарға бардым дейді. Базар күйіп тұрған шығар. Еттің бағасы қалай?

– Базарың не, әй сенің? Қайдағы базарды айтып тұрсың? Етті қайтпексің? Етсіз де өлмейсің.

– Немене?

– Етсіз де  өлмейсің деймін.

 – Бетсіз дейді. Бетсіздік сенен өтіп, маған жетіп пе? Көрінгеннің малын ұрлап, қыр асырып, түк көрмегендей мүләйімсіп, байып жатқан көрінесің ғой. Қазіргі заманда бетсіздер байымаса, жөні түзу адам байи ма?

 – Ау, саған бетсіз деген біреу бар ма? Қайдағы байлықты айтып отырсың? Жаз бойы аузымыз не қантқа, не шайға жарымады. Күзде анау құнан өгізді айырбастамағанда бітіп ек.

 – Немене?

 – Енді  болмағанда бітіп ек деймін, қу саңырау, бітіп ек.

–Үкімет дейді! Үкіметте нең бар? Үкімет халықты қалай жеткіземін деп жанталасып-ақ жатыр ғой. Жетпесе, енді қайтсін. Үкімет не істесе де, біліп істейді. Білмейтін адам үкімет бола ала ма? Үкіметте шаруаң болмасын.

 – Қап, мына саңырау құртты-ау. Әй саған үкімет деген  кім бар? Үкімет бәрін біледі  дейді. Білгіш болса, айтсыншы, биыл менің балам  мектепке неліктен бармай қалды?

 – Не оттап тұрсың?

 – Өй, үкімет білгіш болса айтсыншы, биыл менің балам мектепке неліктен бармай қалды деймін, неліктен бармай қалды?

 – Сары май қайдан болсын. Екі-үш сиырдың бәрін сойып, көр-жерге айырбастап құртқанбыз.Қара шайға қарап қалдық.

 – Қап, мына саңырауға қайдан ғана келіп ем. Әй, сенен кім сары май сұрап  тұр. Сары майың не? Қара шай ішсең қатып қалармын дейсің бе? Қайта қара шайың бар екен.

 – Қарасайға бардым дейді. Ондағылар қалай екен?

 – Қой мына саңырауға дауа болмас. Иә, Қарасайға бардым. Бәрі де жақсы.

 – Немене?

 – Жақсы ғой деймін.

 – Жақыбай дейді. Ол ит не істеп жүр екен?

 – Иә, Жақыбай деймін. Ол ит пәле ғой. Жаңа кәсіпке машықтанып алыпты. Шаш қиып, сақал аламын дейді.

 – Не қылам дейді.

 – Сақал аламын дейді.

 – Тоқал аламын дейді?.

 – Иә, тоқал аламын дейді. Өзі тіпті қутың-қутың етеді. Ажарланып алыпты. Түрі тура жиырмадағы жас сияқты.

 – Немене?

 – Өй, жиырмадағы жас сияқты деймін, жас сияқты.

 – Мас сияқты деймісің?

 – Иә, мас сияқты.

 – Ау?

 – Немене, ау? Мас сияқты деген жоқпын ба енді. Атаңның басына ау-аулап отырсың ба?

 – Немене?

 – О, құдай!  Бұл таскереңнің көңілін сұраймын деп  нем бар еді. Әй, қу саңырау, сені жұрт өлейін деп жатыр деп сүйінші сұрап жүр еді ғой. Ананы да, мынаны да «ау»,  «мау» деп жүйкесін жүн қылсаң қайтсін енді. Халықты өтірікші, қарабет қылмай, неге кетпейсің? Өкімет те бір  масылдан тезірек құтылар еді. Ана жаққа да бір саңырау  керек шығар.

 – Не оттап тұрсың?

 – Өй, кетпейсің бе деймін. Шіреніп неғып жатырсың, кетпейсің бе?

 – Екпейсің бе дейді. Нені егуім керек еді менің?

 – Иә, екпейсің бе.  Егетін нәрсе таппай жүрсің бе? Картоп ек, марков ек, сәбіз ек, қарбыз ек, қияр ек, анау саңырау құлағыңды ек, ек, ек, ек, ек...

 – Ау?

 – О, атаңның...

 – Әлгі осы не оттап кетті? Өзінің есі  дұрыс емес-ау деймін. Мынаусы кім-ей, е, бір қызымнан бір қызым сорақы демекші, мылжыңнан  құтылып, қыртқа тап келдім бе... Кірсін бермен...

                                                                   

Дәмер ӘБІШ

Қостанай