(Қызылағаштықтарға қайырымдылық көмек көрсету жөніндегі бүкіл қазақстандық акция күні Алматы телеарнасынан айтылған сөз)
Қадірлі достар, бауырлар! Қымбатты қызылағаштықтар!
Қазақта: “От пен су – тілсіз жау” деген сөз бар. Ол рас. Мен осыған тағы екі жауды қосар едім – соғыс пен жер сілкіну деген. Өрт пен су тасқыны, соғыс пен жер сілкінісі – адамзаттың ежелгі төрт жауы. Осы қас жауларға халық қасарысып, қарсы тұра білген.
Мен осы тажалдың бірімен бетпе-бет жүздескен кісімін. Ол кешегі Ұлы Отан соғысы болатын. Қасымда осы Қызылағаш, Ақсудан Тәкен Майшынов, Әдікен Сейсенбеков, Нүсіпбек Дүйсекенов деген қаһарман достарым болған. Кеңес Одағы халықтарының ынтымағы, бірлігі арқасында ол зұлым жауды да жеңгенбіз.
Биылғы қыс қатал болды. Абай айтқандай, кәрі құда – қыс әлегін асырып кетті. Шығыс Қазақстан облысы кісі бойы қардың астында қалды. Ол елдің ұйымшыл халқы аяз, боран, дүлей желмен қаһармандықпен күресіп, кәрі құда-қыс тажалды Алтай тауларынан асырып, қуа бастады, қуып шығады, әрине.
Енді, міне, кешегі ұлы ақынымыз Ілияс Жансүгіровтің ауылы Қызылағашқа топан суы төгіліп, есіл ауылды тып-типыл етті. Оны естігенде Алматы қаласының халқы да есінен танғандай болды, теледидар алдында үнсіз егіліп, еңіреп отырдық. Теледидар экраны ұлы суретшілер салған қайғылы ғажап картиналардың біріне айналып кеткендей болды. Іштен тындық.
Қымбатты қызылағаштықтар, бауырларым, балаларым, немерелерім менің! “Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме” деп атамыз Абай айтқандай, бұл апатқа да кешегі соғыс кезіндегідей ерлікпен қарсы тұрыңдар. Қайыспаңдар, қалқаларым! Бүкіл Қазақстан сендермен бірге. Әр облыс сендерге көңіл айтып, көмек жіберіп жатыр. Алматы қаласының халқы да аянып жатқан жоқ. Мектеп, институт, университеттер, кәсіпорындар сендерге азық-түлік, киім-кешек жіберуде. Осы жерде отырған бәріміз сендерге жалақы, зейнетақымыздан жырып, қаражат жөнелттік. Өз басым қызылағаштықтардың қорына деп зейнетақымнан тиісті қаржы аудардым.
Жер сілкінісі болған апат кезінде армяндарға да, өзіміздің Арал теңізін құтқару қорына да, “Семей-Невада” қозғалысы қорына, Зайсанда жер сілкінісі болып, Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданына су жайылып кеткен кездерде де жіберген болатынмын. Өйткені, мен кешегі сұрапыл соғыс кезінде халық қасіретінің қандай болатынын көрген қарттардың бірімін ғой.
Қымбатты достар, берік болыңдар, бекем болыңдар. Ес жиып, ерлене түсіңдер. Су апатынан опат болған жандарды кешегі соғыс кезінде қайтыс болғандар қатарына қосып, олардың орнын толтыруға тырысыңдар.
Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан, Премьер-Министріміз Кәрім Мәсімовтен бастап, Үкіметіміз, Парламент, бүкіл халық сіздермен бірге, сіздердің қастарыңызда, қызылағаштықтар. Солардың ішінде мен де сіздерге шын жүректен көңіл айтып, бас иемін.
Қызылағаш қасіретін тартып, зәрелері ұшқан кішкентай балалардың – кешегі жауынгер жолдастарымның немерелерінің, шөберелерінің бастарынан сипап, беттерінен сүйемін.
Сәлем жолдаушы Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, Ұлы Отан соғысының майдангер-ардагері, Қазақстанның халық жазушысы.