Қоғам • 08 Желтоқсан, 2019

Кіріс көзі емес, уақытша қаржылай көмек

780 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде еліміздің қаласында да, даласында да мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) қатысты әр түрлі мазмұндағы әңгімелер тасқыны толастамай тұр. Мүмкін алдағы 2020 жылы оны тағайындау ережесі мен көп балалы отбасылардың балаларына берілетін жәрдемақыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде бұл әңгімелер бір арнаға тоғысар да. 

Кіріс көзі емес, уақытша қаржылай көмек

Айталық бұған дейінгі тәжірибеде қол-аяғы балғадай денсаулығы жақсы отбасы иелері мен мүшелері жұмыс істемесе де көп жағдайларда АӘК-ні алып келгені мәлім.

Алдағы уақытта «Мұндай мұрадан» бас тартуға тура келетіні айтпаса да түсінікті. Яғни қайткен кезде де еңбекке жарамды отбасы мүшелері міндетті түрде жұмыс істеуге тиіс. Мұндайда жұмыс жоқ, жұмыс табылмайды деп қара аспанды төндіріп, әр түрлі сылтау айтушылар да аз кездеспейді. Мүмкін солай да шығар. Әйтсе де масылдық пиғылға бой ұрушылардың арасында тиісті ұйымдар ұсынған жұмыстан бас тартатындар да бар. Жаңадан енгізілген өзгерістерге сай мұндай жағдайда оларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайтыны белгілі болып отыр.

Қысқасы алдағы 2020 жылдан бастап АӘК әр отбасы мүшесіне отбасы табысы мен кедейшілік шегінің арасындағы айырмашылықты есептеу арқылы төленбек. Мысалы бүгінгі күні тұрғындардың басым бөлігін 1,2 және 3 балаға дейінгі берілетін жәрдемақының жәй-күйі көбірек толғандыратыны байқалады. Бұл ретте әлеуметтік төлемнің бұл түрі алдағы кезде де бұрыңғыша қала бермек. Яғни отбасындағы кіріс кедейлік шегінен асып кетпесе, әр балаға төленетін қаржылай көмек тоқтамайды деп мәлімдейді әлеуметтік қорғау мекемесінің мамандары.

АӘК-ні тағайындау ең алдымен облыстардағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына жауапты міндеттер жүктейді. Әсіресе әлеуметтік мекеме ұжымы мүшелері мен мамандарының тұрмысы төмен отбасы иелерімен және әлеуметтік көмекке мұқтаж өзге де жандармен жиі кездесіп ой-пікір алмасып тұруының орны айрықша деуге болады. Бұл бағытта Ақтөбе аймағында соңғы кезде оң үрдіс байқалып жүргені де атап айтуға тұрарлықтай. Осы орайда басқарма ұжымы тұрғындармен әлеуметтік желі арқылы да байланыс ұстап олардың сан-алуан сұрақтарына жауап қайтарып жүргеніне куә бола аламыз.

Бұл бағыттағы басты мәселе жоғарыда айтылғандай тұрғындарды жұмыспен қамтудың оңтайлы тактикасын белгілей білуге байланысты болмақ. Бұл үшін өңірде арнайы жұмыс жәрмеңкелері ұйымдастырылып жұмыссыз жүргендердің отбасына кіріс кіргізу мүмкіндіктері қарастырылуда. Осы ілкімді істі одан әрі жалғастыру үшін алдағы 2020 жылы 2020 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр екен. Басқарма тарапынан іске жарамды отбасы мүшелері еңбек етуден бас тартпауы керектігі жөнінде де ой саларлық әңгімелер айтылып, бұған нақты мысалдар келтірілуде.

Рас, бұған дейін өңірде табыс пен кіріс көзін жасырып АӘК-ні заңсыз иелену деректері де болғаны жасырын емес. Қазіргі кезде бұған қайтадан жол бермеу жолдары қарастырылған. Тағы бір айтарымыз соңғы кезде атаулы әлеуметтік көмекке арқа сүйеп, алтынмен парапар уақытпен қолда бар мүмкіндікті уысынан шығарып алатын отандастарымыз да жеткілікті екендігі. Бұл жағдай масылдық пиғыл мен көзқарасты одан әрі тереңдете түспек. Осы тұста мемлекет тарапынан төленетін АӘК-нің ғұмыры шексіз, мәңгілік емес екенін ұғына білудің де орны айрықша. Өйткені ерте ме, кеш пе мемлекет атаулы әлеуметтік көмек беруді тоқтатып, бұдан бойды аулақ салу бағытын ұсынатынына шек келтіру қиын-ақ.

Бір өзбен айтқанда бүгінгі күні кедейлік шегінде жүрген жандарға тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмек тұрақты табыс пен кіріс көзі емес, тек уақытша ғана берілетін қаржылай көмек екенін түйсіне алсақ болғаны. Өйткені өмір бір орында тұрмайды. Өмір ұдайы өзгеріс пен қозғалыс үстінде. Осындайда «Жас өспей ме, жарлы байымай ма?» деген халқымыздың нақылға бергісіз ойлы сөзі еске орала береді.

Кәсібің – нәсібің дегендей «Еңбек қылып мал табу» үшін кез келген отбасының өз кәсіптерін ашуға ұмтылуының әрі оған Үкімет пен жергілікті атқару органдары тарапынан тиісті қолдау көрсетілуінің орны бөлек. Бұл ретте елімізде жаңа кәсіпке бейімдеу бағытында тегін оқыту курстары жүйесі белгіленуі оны ширата түсуге септігін тигізбек. Қазіргі кезде Мемекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқимын, үйренемін, кәсіп ашамын деген адамдарға ешқандай шектеу жоқ екенін мәлімдеп отырғаны да осындай өміршең ойдан туындайды.

Міне, бүгінгі күні отандастарымыздың ой-пікіріне тамызық болып жүрген атаулы әлеуметтік көмек мәселесінің кейбір қырлары мен иірімдері осындай.

 

Ақтөбе