Спорт • 08 Желтоқсан, 2019

Жекпе-жекте жерлестерміз дес бермеді

384 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда бразилиялық джиу-джитсу мен грэпплингтен «ArlanGrip Championship2019» деп аталатынхалықаралық турнир аясында өткен ересектер мен ардагерлер арасындағы бәсекелер өз мәресіне жетті.

Жекпе-жекте жерлестерміз дес бермеді

Айтулы додада алты мемлекеттен келген 320 спортшы бақ сынап, 50 алтын, 48 күміс және 45 қола медальді сарапқа салды. Жарыстың екі түрі бойынша да Қазақстан құрамасы асқан шеберлік танытып, «Алматы Арена» спорт кешеніне жиналған жанкүйерлерді қуанышқа бөледі. 

Жерлестеріміздің арасынан Жасұлан Айтқазы, Тұрлан Ақтанов, Әшімжан Мұхиддинов, Баян Мұратбеков, Арман Дәулеткәрімов, Жандос Қаражанов, Азат Қатаубаев, Нүркен Шыныбаев, Бауыржан Арыстанбеков, Юрий Шестопалов, Болатбек Байбосынов, Әмір Малғаждар, Айбар Оразалы, Вячеслав Буницкий, Карен Пашикян, Ермек Бадан, Ербол Нұқышев, және тағы басқа спортшылар қарсылас шыдатпай, бас жүлделерді олжалады. Әйелдер арасында Әлфия Рысжанова, Юлия Керейбаева, Гүлмира Мұқанова, Ботагөз Елдосқызы, Даяна Аманжолова, Диана Шәпенова сынды сұлулардың өнеріне тамсандық.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен байрақты бәсекеде отандық спортшыларымыз 39 алтын, 38 күміс және 34 қола медальді иеленіп, жалпы командалық есепте көш бастады.

Жарыстың деңгейі аса жоғары болды. Барлық командалар Алматыға «бес қаруларын асынып» келген екен. Әсіресе, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан құрамаларының қарқыны күшті болды. Десек те айтулы дода өз елімізде, өз жерімізде, өз жанкүйерлеріміздің көз алында өтіп жатқандықтан біздің спортшылар намыс туын биік ұстап, көздеген мақсаттарына қол жеткізді, - дейді Қазақстан Республикасының бразилиялық джиу-джитсу және грепплинг федерациясының вице-президенті Ақмарал Қанатбаева.