...балабақша құрылысы басталды
Өңірдегі басқа қалалардағыдай, Жезқазғанда да жеткіншектерді мектеп жасына дейінгі орындарға жаппай қамту өзекті мәселе саналады. Осыған байланысты «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан жаңа балабақша оны шешуді жеңілдете түспек.
Бүгінде шаһардағы 3-тен 6-ға дейінгі және 2-ден 3-ке дейінгі бүлдіршіндерді арнаулы орындарға тәрбиеге тарту 80 пайыз шамасында болса, бой көтеріп келе жатқан құрылыс олардың бәрінің осындай мекемелерге қамтылуын қамтамасыз етеді.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ЖЕЗҚАЗҒАН.
...қызмет көрсету орталығы
Көкшетаудағы «Алатау» әкімшілік орталығында Халыққа қызмет көрсету орталығының филиалы ашылды.
– Жаңа орталық көкшетаулықтар үшін өте тиімді. Бұрын бас кеңсе күніне 500-600 азаматты қабылдайтын. Енді ұзын-сонар кезек азайып, құжаттарды жылдам ресімдеуге мүмкіндік туып отыр. Бүгінде қызметтің 148 түрін көрсетеміз, алдағы уақытта оның санын 425-ке жеткізбекшіміз, – дейді облыстық Халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Шоқан Әбділмәнов.
Сонымен қатар, №1 бөлім мен Бурабай ауданындағы бөлімшеде «Сonnection орталық» өзіне өзі қызмет көрсету секторы ашылды. Осының арқасында азаматтар «Электронды үкімет» порталы арқылы үйде отырып-ақ жұмыс жасауға мүмкіндік алды. Қанатқақты жоба алдағы уақытта барлық 22 филиалды қамтиды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.
...пәтерлер –
жас мамандарға
Жақында Зайсан ауданының Біржан ауылында алты пәтерлі баспананы пайдалануға беруге арналған тұсаукесер рәсімі өтіп, оған аудан әкімі Алмас Оңдақанов, аудандық мәслихаттың хатшысы Дәулет Ыдырышев, ауыл тұрғындары қатысты. Пәтер алғандардың қатарында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен қызмет жолын бастаған ұстаз, дәрігер, кітапханашы, әкімшілік мамандары бар.
Аудан әкімі пәтер кілтін алғандарды қуаныштарымен құттықтап, Дархан Қасымханұлы бастаған құрылысшыларға алғысын айтты. Сол күні көршілес Дайыр ауылында футбол алаңы да ашылды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.