Бұл келісім бойынша Қарағанды облысында ондаған жыл бойы жұмыс істемей келген лифтілер желтоқсан айында толығымен жаңасына ауыстырылады. Айта кету керек, Қарағанды облысы аталған бағдарламаны іске асыру бойынша сынамалы өңір ретінде таңдалып отыр. Алдағы уақытта бұл жобаны еліміз бойынша жүзеге асыру жоспарланған.
Кездесу барысында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жоғарыда аталған мәселенің өзектілігін атап өтті.
– Қарағанды облысы бойынша Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Жезқазған, Шахтинск, Сәтбаев, Саран және Абай қалаларында лифт шаруашылығына толықтай тексерулер жүргізілді. Көпқабатты үйлерде 361 лифт жұмыс істемейді. Бұдан бөлек тағы 800-ге жуық көтергіш құрылғылардың пайдалану мерзімі аяқталуға жақын. «ТКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығымен» бірлесіп, біз үлкен жұмысты бастаймыз. Сынамалы жобаны іске асыруға желтоқсан айында кірісеміз. Жыл соңына дейін 10-20 лифті ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Бұл тек бастамасы ғана. Ал келесі жылы 160-170 жаңа лифт орнатамыз, – деді өңір басшысы.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ өкілдері қарағандылықтардың сынамалы жобаны жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді. Мұның өзі жұмысты жедел бастауға мүмкіндік береді.
– Лифт шаруашылығының мәселесі – бүкіл ел үшін өзекті. Республикада 4 мыңнан астам лифт ауыстыруды қажет етеді. Бағдарламаны сынамалы режімде Қарағанды облысында іске қосамыз. Қаржы бөлінеді. Механизмдерді жетілдіреміз, – деп атап өтті «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ төрағасының орынбасары Мейіржан Мәкенов.
Бұл мақсатқа аталған орталық сегіз жыл мерзімге 2 млрд теңге көлемінде қарыз береді. Тұрғындар бұл қаражатты біртіндеп өтейтін болады. Есеп айырысу бойынша әр пәтерден ай сайынғы төлем 4 мың теңгеден аспайды.
Облыс әкімі бұл жобаның қысқа мерзім ішінде көп жылдан бері қордаланған проблеманы шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Менің ойымша, несие шарттары жеңілдетілген және қолайлы. Біз алдын ала үй тұрғындарымен жиындар өткіздік, тәртіп түсіндірілді. Әрине, белгілі бір мәселелер болды. Мәселен, әлеуметтік осал санаттағы отбасылар үшін басқа өлшемдер болады. Олар тұрғын үй көмегі арқылы шығындарды өтейді. Жалпы, тұрғындар осы бағдарламаны асыға күтіп отыр деп айтқым келеді. Күн сайын 8-9-ші қабатқа жаяу шығу ыңғайсыз және өте қиын. Менің ойымша, келесі жылы осы проблеманы түбегейлі шешуге болады, – деді Жеңіс Қасымбек.
Қарағанды облысында 2021 жылға дейін көпқабатты үйлердегі жұмыс істемейтін 361 лифт толығымен ауыстырылады деп жоспарланған. Бұл дегеніңіз, алдағы уақытта атқарушы билік барлық лифт шаруашылығын нормативтік талаптарға сай келтіреді деген сөз.
ҚАРАҒАНДЫ