25 Шілде, 2013

Келемін деп еді, келмеді

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ай басында Байқоңырда «Протон» құлады. Гептил төгілді. Айнала ластанды. Сырттан бірен-саран адам келіп, «халықтың денсаулығына ешқандай қауіп жоқ» деп кетті. Біз сенгендей кейіп таныттық. Сенбегенде қайтерсің? Бірақ айтпағымыз басқа.

Облыс әкімдігіндегі жауапты жігіттер «17 шілдеде Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров келеді. Байқоңырға барады. Ақпараттандыруға қалайсың?» деген. Келістік. Бірақ мәртебелі министр келмеді. Сапарын екі күнге шегеріпті. Қош дедік. Құдайдың күні тоқтай ма?! Айтылған мерзім де келді. Дегенмен, Қаппаров келмеді. Қоршаған орта ластанып жатқанда Қоршаған ортаны қорғау министрінің қолын басқа жұмыстары байласа керек. Содан Астанадан бір топ делегацияны бастап келетін Нұрлан Қаппаров Қызылордаға сапарын 25 шілде деп белгілепті. Яғни, ол кеше Байқоңырға барып, апат орын алған жерді көзімен көруге тиіс-тін. Тағы да келмейтінін айтып жіберіпті. «27 шілдеде барамын» деген-ау. «Енді мына күнге шегерілді», деп жетті хабар. «Жазған құлда шаршау жоқ». Қайтеміз? Қауырт шаруаларынан бас ала алмай жатқан да. Десек те, Қаппаров мырзаның ол күні де Ақмешітке атбасын тірей алмайтыны анық болды. Сапарын тамызға қалдырғандай ма, қалай... Бұл не сонда? Тамам жұртты алаңдатып, келін күткендей елеңдетіп қойғанында не сыр бар? Әлде төгілген гептилдің уы қайтсын деп жүр ме? Олай ойласа, айтайық, гептилдің залалы 30 жылға дейін кетпейді. Сонда 30 жылдан кейін келе ме, министр?

Ақыры айттық қой. Мына мәселені де назардан тыс қалдырмайық. Зымыран құлады. Апат па? Апат. Енді неге Төтенше жағдайлар министрі Божко сол мезетте жетпейді Қызылордаға? Бүкіл Қазақстанның ғарыш мәселесіне жауап беретін Мұсабаев па? Иә, сол. Ендеше, неге ол Астанадан аттап баспай отыр? Айналайындар-ау, мұнда да ел-халық бар ғой. Келсеңдерші. Көрсеңдерші. Ойға түйіп, байқағандарыңды Үкіметке айтсаңдаршы.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

ҚЫЗЫЛОРДА.