Аймақ басшысының хабарлауынша, облыс экономикасының басым салаларында оң динамика байқалуда. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,5 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,4 пайызға, құрылыс 9,2 пайызға, көлік 3,6 пайызға, сауда 4,5 пайызға, сондай-ақ байланыс қызметі 6,4 пайызға жоғарылады. Жергілікті қамтуды арттыруға бағытталған «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша жалпы құны 70,5 млрд теңгеге 112 жобаның ішінен 20,2 млрд теңгеге 38 жоба мақұлданды.
– Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Тараз қаласында «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін заманауи фронт кеңсе ашылды. Биыл кәсіпкерлерге 8,6 млрд теңге көлемінде шағын несие берілді. Бұл республика бойынша 1-орынға ие көрсеткіш. Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 2025 жылға дейін 2,9 трлн теңгені құрайтын 69 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Биыл 89 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске қосылады. Оның ішінде шетел инвесторларының қатысуымен M-KAT GREEN күн электр стансасы (100 МВт) жобасы бар. Облыста балама электр қуатын өндіретін 5 жобаның құрылысы жүргізілуде. Қолданыстағы 9 жобаны (170 МВт) қосқанда жалпы қуат 403 МВт құрайды, – деді А.Мырзах-
метов.
Облыс тұрғындарының әл-ауқаты агроөнеркәсіп кешенінің даму деңгейімен тығыз байланысты. Өңірлер арасында ауыл шаруашылығы өнімі өндірісі бойынша Жамбыл облысы бірінші орында тұр. Атап айтқанда, егістік алқабы 18 мың гектардан 687 мың гектарға жетті. Озық технологияларды енгізу арқылы үдемелі бақ 40%-ға артып, 1029 гектарды құрады. Қант қызылшасының түсімі 135 мың тоннаға жетіп, 7%-ға артты. Қант өндірісін дамыту үшін қуаты жылына 148 мың тонна өндіретін, құны 85 млрд теңге болатын заманауи қант зауытының құрылысы басталды. Соңғы 2 жылда 25 кооператив құрылып, олардың жалпы саны 55-ке жетті. Онда 13,3 мың тонна сүт, 4,5 мың тонна ет өндірілді. Былтыр республика көлемінде экспортталған қой етінің 43 пайызы Жамбыл өңіріне тиесілі. Биыл бұл меже еселеніп, 972 тонна қозы еті экспортталды.
– Жыл басынан бері 430 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 30 көппәтерлі тұрғын үй салынуда. Баспанаға мұқтаж аз қамтылған және көп балалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 11 жатақхана бой көтеруде. Инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында биыл облыстың 3 аудан орталығында 3 млрд теңгеге 108 жоба іске асырылып жатыр. Оның 104 жобасында жөндеу жұмыстары аяқталып, 4 әлеуметтік нысан құрылысы 2020 жылы бітеді. «Еңбек» бағдарламасымен 36 мыңға жуық адам қамтылып, 27 мың адам жұмысқа орналастырылды. Есепті кезеңде облыста 18 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 11,5 мыңы тұрақты. Тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту жобасы 5 бағытта жүзеге асырылмақ, – деді облыс әкімі.
Спикер білім саласында 15 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар ашылып, 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту үлесі 100%-ға жеткенін айтты. 2 жылда 14 мектеп салынып, 4 апатты, 4 үш ауысымды, 6 орын тапшылығы бар мектептің мәселесі шешімін тапқан. Бүгінде 3 апатты мектептің орнына жаңа нысан салу іске асырылуда. Келер жылы аталған мәселе толығымен реттелмек.
– Медициналық ақпараттық жүйе барлық медициналық ұйымдарда енгізілді. Интернет желісіне 391 мекеменің 383-і (98%) қосылған. Халықтың 95%-ның электронды денсаулық паспорттары бар. Сондай-ақ 200 орындық онкологиялық диспансер салынып жатыр. Құрылыс 2021 жылы аяқталады. Облыста шағын спорт алаңдарына түгендеу жүргізіліп, қажеттілік 266 нысанды құрады. Биыл 134-і салынды. Жыл соңына дейін 40 нысан пайдалануға беріледі. Жергілікті тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуы үшін демеушілер көмегімен 400 адамға арналған 1 спорт кешені салынды, бюджет есебінен 2-уінің құрылысы жүріп жатыр. Мәдениет саласында ауыл тұрғындарының сұранысын қамту үшін облыста 153 ауылдық округте ақпараттық орталық ашылды, – деді Жамбыл облысының әкімі.
Туризм саласында инвестиция тарту үшін аймақтық карта бекітіліпті. «Оған 33 туристік нысан енгізіліп, 12 туристік бағыт айқындалды. 2 жылда 8 саябақ, гүлзарлар мен аллеялар салынды. Таяу уақытта «Шахристан» этномәдени кешені (200 га астам) пайдалануға берілгелі отыр. Онда «Руханият», «Көрме орталықтары», «Көркем сурет галереясы», «Қолөнер шеберханасы», «Өлкетану мұражайы», «Тарихтану орталығы» сынды нысандар қамтылған», деді А.Мырзахметов.