Қоғам • 12 Желтоқсан, 2019

Стипендия көтеріледі

2351 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, студенттердің шәкіртақысы 2020 жылдың қаңтар айынан бастап 25 пайызға көтеріледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов стипендияны көтеру және ЖОО-дағы мәселелер сөз болған брифингте хабарлады.

Стипендия көтеріледі

Президент Жастар жылының жабылу және Волонтер жылы­ның ашылу салтанатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап бакалавриат, магистра­тура және докторантура студент­терінің стипендиясын 25 пайызға көтеруді Үкіметке жүктеген болатын. «Биыл қыркүйектен бас­тап жұмысшы мамандықтары бо­йынша білім алатын 122 мың студенттің стипендиясы 30 пайызға көтерілді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Үкіметке арнайы орта білім алатын колледж студенттерінің де стипендиясын  25 пайызға арттыруды тапсырамын», деді Қ.Тоқаев.

Осыдан соң іле-шала ұйым­дастырылған шағын жиында министр А.Аймағамбетов сту­дент­тердің стипендиясын көте­руге республикалық бюджет­тен қосымша қаражат бөлінеті­нін жеткізді. «Мемлекет басшы­сының тапсырмасы уақытында орындалады. Әрине оған қомақты қаражат қажет. Айталық, бір жылда ЖОО студенттеріне 13 млрд теңге қаржы керек. Енді оған колледж студенттерін қос­сақ, тағы 5-6 млрд теңге қажет болады. Әлбетте, түптеп келгенде ай­тар­лықтай сома шығады. Дегенмен, бұл маңызды шешім. Студенттер осы жаңалықты көп күтті. Біздің студенттер үшін бұл – үлкен қолдау», деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, жағымды жаңа­лық барлық студенттерді қуант­пақ. Себебі жоғары оқу орнындағы бакалавриат, магистратура, док­торантураны қоса алғанда ізденушілер арасында жоғары дәрежелі стипендия алатын студенттер де бар. Бұдан бөлек, мүгедек, асырау­шысынан айырылған жандар да қосылады. Демек, еліміз­дің барлық студенттері жаңа жыл­дан бастап биылғыдан 25 пайызға көп стипендияға қол жеткізеді.

Баспасөз жиынында ЖОО-лар­дағы мәселелер де сөз болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жол­дауында білім берумен емес, дип­лом сатумен айналысатын уни­верситеттерді қатаң сынға алып, еліміздегі ЖОО-лар санын қысқарту керектігін айтқан еді. Қ.Тоқаевтың тапсырмасынан кейін министр А.Аймағамбетов тексерістің басталып кеткенін және университеттерге лицензия­ны министрлік беретіндіктен, айыруға да осы ведомствоның уәкілетті орган болатынын еске салған-ды. Сондай-ақ жабылған ЖОО-лардағы студенттердің мұндай мәселеде зиян шекпеуі жан-жақты қарастырылатынын айтқан. Ал осы брифингте ведомство басшысы бұған дейінгі тек­серістің қорытындысы бойынша 5 ЖОО-ны лицензиясынан айыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. «Естеріңізде болса, қара­ша айында Шымкенттегі Аймақ­тық әлеуметтік-иннова­циялық университеті, Павлодар­дағы Инновациялық Еуразия уни­верситеті, «Алматы» универ­ситеті, Өскемендегі Қазақ­стан-Америка еркін университеті және Ақтөбедегі қазақ-орыс халық­аралық университеті лицен­зиясының жұмысы тоқтатылған болатын. Қазір біз қосымша тек­серіс жүргізіп жатырмыз және оның нәтижесімен жақында тағы бес ЖОО-ның лицензия­сын тоқтату туралы шешім шығардық. Олар заңға сәйкес бұл шешімге 10 күн ішінде шағым түсіруге құқылы. Егер шағымдану немесе сотта басқа шешім болмаса, біз қандай ЖОО-лар екенін айта аламыз», деді Білім және ғылым министрі.

Бұдан бөлек, брифингте университеттердегі қордаланған, көп күттірмей шешімін табуды қажет ететін мәселелер де айтылды. Оның бірін А.Аймағамбетов ашық атады. «Біз бірінші курсқа бес студент қабылданып, аяғында 150-ге жуығының бітіргені туралы фактілерді көріп отырмыз. Екінші, үшінші курста жөн-жосықсыз жұмыс істейтін ЖОО-лар басқа университеттердің оқудан шығарылған студенттерін жинайды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, біз жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарды күшейттік, жоғары білім беру саласында тәртіп орнату үшін қосымша тетіктер енгізіледі», деді ол.