Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2019

«Қайырболатты қайтарыңдар!»

686 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мас күйінде көлік жүргізіп, көршісінің ауласын соққан шенеунікті қорғауға ауылдастары бел шеше кіріскен сыңайлы.

«Қайырболатты қайтарыңдар!»

Оқиға былай өрбіген. Қызыл­жар ауданы Якорь ауылдық округінің әкімі Қайырболат Чех­манов түн қараңғылығында «ақаңа» сылқия тойып алып, шамасы рульге ие бола алмаса керек, бір үйдің шарбағын сүзе-мүзе тоқтаған. Оның аяғын әзер басып, тәлтіректеп тұрған мүшкіл халін бір ауылдасы әлеуметтік желі арқылы таратып жіберген. Оқыс оқиға облыс басшылығына дейін жетіп, қарамағындағы қызметкерлерге бақылауды босаңсытқаны үшін аудан әкімі Жанат Сәдуақасовқа сөгіс жариялаған. Осымен «іс бітті, қу кетті» дегендей соңғы нүкте қойылуы керек еді. Жоқ, мына қызықты қараңыз. Экс-әкімнің бір топ ауылдасы қол жинап, тиісті орындарға хат жолдаған. Онда Чехмановтың іскерлік қасиеттері бүге-шігесіне дейін тізіліп, бұрынғы қызметіне қайтару сұралған. Ол келгелі ауыз су, жол, жарық мәселелері түбегейлі шешілген. Мектепке баратын батпақ жолға қиыршық тас төселіп, көшелерге жа­рық шамдар орнатылған. Қор­­­ғау­шылардың сөздеріне қара­ғанда, қоршауды қиратты деген адамның сөзі – жаптым жа­ла, жақтым күйе. Хат «дуалға еш­қандай сызат түспеген. Бір қа­телігі үшін қызметтен кеті­румен келіспейміз», деген үлкен үмітке толы леппен аяқталған. БАҚ өкілдері тарапынан бейнетас­па иесі неге әлеуметтік желіні шулатып жүр деген сұраққа бұрыннан келе жатқан ішкі егесі бар екен, «қақпанына» түсіріп, бопсалаған көрінеді. Ол талабы орындалмаған соң төрткүл дүниеге таратып жіберген, деген уәжді алға тартады. Оның ақ-қарасын тиісті орындар анықтай жатар.

Бізді таңғалдырғаны, лауазым тұтқасын бар-жоғы бір жыл ғана ұстаған экс-әкімнің осынша орасан шаруа тындырғаны емес. Қызылжар аудандық әкімдігінің аппарат жетекшісі Қуаныш Сарбалиновтың мәлім­деуінше, Қ.Чехманов өз ер­кімен арыз жазып кеткенге ұқсайды. Оқиға болғанға дейін бе, әлде кейін бе, ол арасы ашып айтылмайды. Ерсі қылығымен көзге түскен әрекеті Әдеп кодексіне қайшы бола тұра жазасыз сытылып кетуі қалай деген заңды сұрақ туады. Әгәрәки, оқиға болар күннен бұрын өз ықтиярымен босатылса, қызметтік көлікпен жүру құқығын кім берген? Айта берсе, дүдәмал тұстар көп. Ауыл­дастары аяқ-қолын жерге тигіз­бей мақтаған шенеуніктің жап-жақсы қызметінен ың-шың­сыз табан жалтыратуы тү­сініксіз.

Жергілікті билік якорьлық­тардан жоғарыдай белсенділік күтпеген болу керек, ауылдық әкімдікке қайта оралуына қарсы емеспіз деген ымыра келісімге пәтуаласқан секілді. Бірақ әкім ретінде емес, қатардағы қыз­меткердің бірі есебінде. Сөйтіп келісімшарт бойынша қызмет ұсынылған. Осылайша «Қайырболатты қайтарыңдар» деген талап толық орындалмаса да билікті біраз ығыстырып алғандарына қарағанда келесі жылы өтетін ауыл әкімі сайлауында басты үміткер ретінде ұсынып жіберулері де әбден кәдік.

 

Солтүстік Қазақстан облысы