Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2019

Көксу ауданының дәрігерлері көне ғимараттарда қызмет көрсетуде

539 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысында жыл сайын 15 медициналық қызмет көрсету нысаны жаңадан іске қосылуда. Алайда, ауылдық округтердегі тұрғындарға алғашқы жәрдем беретін дәрігерлік амбулаториялардың жағдайы сын көтермейді екен.

Көксу ауданының дәрігерлері көне ғимараттарда қызмет көрсетуде

Мысалға, Көксу ауданындағы екі ауылдың медициналық мекемесі орналасқан ғимарат құлаудың алдында тұр. Айнабұлақ стансасының тұрғыны Роза Тәнекенованың айтуынша, ауылдағы фельдшерлік пункт орналасқан нысан 1934 жылы салынған. Қазір тозығы жеткен ғимаратқа барып, ем алудың өзі тәуекелді қажет етеді. Билік өкілдері бұдан хабардар. Стансадағы дәрігерлік пункт үшін жаңа ғимарат салу жайы шешілгендігін айтқан. Қаржысы да бөлінген екен. Бірақ, құрылыстың қашан басталып, қай кезде аяқталатыны ауыл тұрғындарына белгісіз болып отыр.

Осы ауданның Ақшатоған ауылындағы дәрігерлік пункттің де тозығы жетіп тұр. Іргетасы 1956 жылы қаланған ғимаратта ақ халатты дәрігерлер амалсыздан қызмет көрсетіп келеді. Ал облыс басшылығына өтініш айтқан ауыл тұрғындары амбулатория нысанының «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы жөнделетіндігі жайлы жауап алған.

Айтпақшы, биыл облыс бойынша денсаулық сақтау саласына бөлінген бюджет қаржысы  95,2 млрд теңгеге жетті. Оның қомақты бөлігі елді мекендердегі емхана мен дәрігерлік пунктерді жаңғырту мен жаңадан салуға бөлініп отыр екен.