Қоғам • 13 Желтоқсан, 2019

Қолдаудың астарында не бар?

601 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әне-міне дегенше, жыл басында жарияланған Жастар жылы да аяқталуға жақын. Аталған бастама аясында биыл жас ғалымдардың жобаларына мемлекеттен тағы 3 млрд теңге бөлінген. Жұмыстарын өткізгендер «тақым қысып жүр». Жыл ортасында «Қазақ ғылымы қашан жасарады?» деген мақала жазғанбыз. Сондағы түйін – жас ғалымдарды қолдау. Әлбетте қолдау қажет, бұл қадам тиісті ведомстволар тарапынан да жасалды. Десе де қолдау кімге керек? Демеу, көмек, қамқорлық – қай-қайсысы болсын өз иесін тапқанда ғана жемісін береді. Ал бізде мұның бәрі дәл егесін тауып жатыр ма? Мәселе – сонда.

Қолдаудың астарында не бар?

 Жас ғалымдар студенттерге жолдама берді

Әлемді өзгерту өзіңді өзгертуден бастала­ды ғой. Жақында өткен жас ғалымдардың жүз­десуі осы ойды тағы бір еске салды. Елі­міз­­дің әр өңірінен бас қалаға ат басын бұрған жас ға­лым­­дар нағыз қолдаудың өзгеден емес, алды­­мен өзіңнен болуы маңызды екенін мо­йын­­дағандай, ең алдымен өз-өздерін көтер­ме­­леуді бастап-ақ кетіпті. Осыдан 3 жыл бұрын Назарбаев Университетте қызмет ете­тін жас ғалымдардың бастамасымен ком­мер­­циялық емес қоғамдық бірлестік ретінде құ­рыл­ған Жас ғалымдар альянсы (YRA – Young researchers alliance) қазірде еліміз­дегі білім және ғылым саласында жемісті ең­бек етіп жүрген 300-ге тарта белсенді жас ғалым­дардың басын біріктіріп отыр. YRA-ның төр­айы­мы, Назарбаев Университеттің Химия ин­же­нериясы және материалдар технология­сы кафед­расының постдокторанты, PhD Әсия Ер­мұхамбетова өзгелерге айтқан сыннан әуелі өзің қорытынды шығарғанда ғана даму болатынын айтады. «Біз – жас ғалымдар Ұлттық ғылы­ми кеңестің немесе жобаларға грант бөлет­ін қандай да бір ықпалды ұйым­дар­дың жұмысын жиі сынға аламыз. Олардан ашық­тық пен әділдікті, рухани және қаржылық қол­даудың шынайы иегерін табуды талап ете­міз. YRA-ның құрылтайшылары болып бір­де жауапкершілікті өзгеден бұрын өзімізге артып, жобаларды шетелдерде жалғастыруға жол­дама берумен айналысып көруге келістік. Нәтижесі көңіл қуантады», дейді Әсия.

Асия ок

Оның мәлімдеуінше, биыл YRA-ның бас­тама көтеруімен Назар­баев Университеттің бака­­лав­риатында білім алып жүрген сту­дент­­тер­дің ғылыми-зерттеу жұ­­мыстарына қол­­дау көр­сету мақ­­сатында арнайы байқау жа­рия­­­­­ланды. «Байқаудың жеңімпаз­дарын анық­тау жұмысы жасы­рын түрде жүргізіліп, әділ қазы­лар алқас­ы­на ғылымда айтар­лық­­тай жетіс­тік­терге қол жет­кізген, елі­мізде академия­лық және ғы­лы­ми этика, ғылым­дағы қаржы­ның әділ үлес­тірілуі үшін күре­­сіп жүрген ғалымдар кір­ген. Бай­­қау нәти­­жесінде 27 студент­ке грант арқылы 1 мил­лион теңгеге жуық сыйақы таға­йын­­далды. Бұл Назар­­­баев Универ­ситет жанын­дағы Әлеу­меттік даму қорының қол­дауы­мен жүзеге асырылды. Альянс жетек­шілері болашақта байқаудың гео­гра­­фиясын кеңей­тіп, республика көлемінде өт­кізу­­ді жоспарлап отыр», дейді YRA-ның төрайымы.

 Қазақстан қол қойған келісімін орындай алмай отыр

YRA ұйымдастырған байқау жеңімпаз­дарының бірі Ердәулет Нұрболатұлы Құрылыс және қор­шаған орта инжинериясы бо­йынша магистратураның 1-курсында оқиды. Ол қазір көмірқышқыл газының геоло­гиялық сақталуын зерттеп жүр.

Ердаулет

«Бәріміз білетіндей, әлемде бұрын-соңды болмаған жаһандық жылыну процесі жүріп жатыр. Ғалымдар бұл проблеманы шешу жолында түрлі технологияларды ойлап тапты. Солардың бір қатары – су, жел, күн секілді табиғи энергияны қайта жаңғырту мүмкіндігі. Бірақ бұл технологиялардың бәрі қазіргі энергетика инфрақұрылымын толық­тай алмастыруды талап етеді. Ал Назарбаев Универси­теттің профессоры Вуджин Ли­дің жетекшілігімен бастаған зерт­­теу жобамыз бүгінгі инф­ра­­құрылымды, яғни зауыттарды тү­гелімен алмастырмай, тек жа­ңғырту арқылы көздеген нәтижеге қол жеткізуге бағытталған. Мәселен, ауаны күн сайын шектен тыс лас­тап жатқан көмірқышқыл га­зынан тазарту үшін CO2-нің таралуының алдын алып, жер ас­ты қойнауында сақтауға болады», дейді жас жеңімпаз. YRA байқауынан жеңіп алған грантымен және оған қоса Кореяның жартылай қаржылық қолдауы­мен сол елдің лабораториясында екі ай тәжірибеден өтіп келген Ердәулеттің айтуынша, ондағы жабдықтардың, мамандар мен зерттеушілердің ауаны ластанудан қорғаудағы еңбегі қарқынды. Корейлер мұндай зертхананың жұмысын 30-40 жыл бұрын бастап кетіпті. Осыдан-ақ жас ғалым Қазақстанда да бұл жобаның болашағы барын бағамдаған. «Мемлекетіміз 2015 жылы БҰҰ елдері арасында Париж келісіміне қол қойды, құжатта көмірқышқыл газының белгіленген мөлшерінен тыс ауаға таралмауына келіскен. Алайда Қазақстан қазір осы талапты, анығында келісімді орындай алмай отыр. Көмірқышқыл газының мөлшері келісімдегі лимиттен асып кетті. Мәселені шешу мақсатында жаңғырмалы энергия көздерінің үлесін арттыруда. Бірақ бұл халықаралық талапты толық орындауға жеткіліксіз», деген жас зерттеуші қолға алған технологиясын ғылыми тұрғыда негіздеп, нәтижесін шетелдік журналдарға жолдауды жоспарлап отыр. Халықаралық сарапшылар жұмысын мойындаса, мемлекеттік мекемелерге ұсынып көрмек. Қазақстан өзі қол қойған халықаралық келісімнің шартын орындай алмай отырғанын ескерсек, бұл жобаның жүзеге асуына мемлекет те мүдделі болуға тиіс.

Ғалымдардың беделі артса, ғылым дамиды

Әсия Аңсабаева YRA-ның networking шарасына Қостанайдан арнайы келіп, «Өңірде ғылымды насихаттағаны» үшін марапат­талды. Ахмет Байтұрсынов атын­дағы Қостанай мемлекеттік уни­вер­ситетінің доценті, PhD док­торы өңірлердегі жас ғалым­дар­дың мемлекет тарапынан көр­сетілетін демеуге аса мұқтаж еке­нін жеткізді. Оның ойынша, облыстардағы мамандар үнін жеткізіп, сөзін өткізе алатын республикалық деңгейдегі ық­палды әрі қашықтыққа қарамастан, қол­жетімді ұйым болуы керек. Қол­даудың басы осыдан басталады. «Әлгінде айтқан қажеттілікті толығымен қанағаттандырған жас ғалымдардың жаңашыл ортасы сол зерттеушілердің өздері арқылы қалыптасып келеді. Оның аясын ірі қалаларды ғана қам­тумен тарылтпай, керісінше елі­міздің картасындай кеңейтуге рес­пуб­ликаның барлық өңіріндегі зерт­теушілердің атсалысқаны аб­зал. Ғалымдардың беделі артса, ғылым дамиды», деген агроно­мия саласы бойынша зерттеу жүр­­гізетін Ә.Аңсабаева қазір­­гі таң­да органикалық өнім­­дер­ді шығаратын фермерле­р­мен бір­лесіп ғылымның өндіріс­ке енуіне еңбек етіп жүр. Фер­мер­лер қандай да бір өнім өндіру­де ғалымдардың зерттеу қорытындысына сүйенеді.

Асия К

«Біз далалық тәжірибемізде бұр­шақты зерттедік. Өнімге айналмай тұрып оның құрамындағы пай­­далы және зиянды заттардың мө­л­шерін анықтаумен айналыс­тық. Яғни, қандай түрін өнімге ай­­на­л­дыруға болатынын зерт­те­­дік. Соған сәйкес фермерлер тұ­ты­ну­­шыларды сапалы өнім­мен қам­т­амасыз ете отырып табыс кө­лемін арттыра ала­ды. Бұл елі­­міздегі органика­лық өнім на­­­ры­­ғын да дамытады. Күн­де­лік­­­ті тұтынып отыр­ған зат­тар­дың құрамын зерттеген­дік­тен, дү­кен­­дердегі азық-түлік­тер­дің қап­та­­ма­сына қарап-ақ сапа­сының қай деңгейде екенін білуге бола­ды», дейді маман. Ә.Аңса­баева­ның пайымдауынша, өнім ең ал­дымен ел аумағында сертифи­кат­талуы керек. Екіншіден, стан­­дарттарға сай келетіндері «Organic KAZ» деген жасыл түс­пен жазылған, жапырақтың суреті бар сәйкестік белгісімен белгі­ле­нуі тиіс. Әйт­песе қаптама­сында «ГМА (ген­дік модифика­ция­лан­ған ағ­залар)-сыз», «Эколо­гия­лық таза өнім» деп көрсетіл­гені­мен, са­па­сын­да кілтипаны көп өнімдер өріп жүр.

 Басшылықтың ауысуынан қолдаусыз қалдық

Мал шаруашылығы – қазақтың атакәсібі. Ал оны заман талабына сай дамыту да ғалым­дар­дың жұ­мы­сын қажет етеді. Төрт тү­лікті өсі­руде қолайлы жағдай жа­сау мен сапалы, экологиялық таза, ор­га­никалық қауіпсіз ет-сүт өнім­де­рін алу бойынша Қазақ ұлттық аг­рар­лық университетінің профессоры, PhD док­торы Қуантар Әлиханов әріп­тестерімен бір­ге малда кез­десетін түрлі жұқпалы ауру­лар­­­дың алдын алу мақсатында сауық­тыру шара­ларын жүргізеді. Ға­лым­дар әзірлеген ғы­лы­ми-зерттеу жұ­мыстарының нәтиже­лерін Ал­маты мен Жамбыл облыс­та­рын­­­­д­ағы шаруа қожа­лықтары­ның өн­­ді­рісіне енгізіп үлгерген. Бұ­дан бөлек жануарлардағы жұқ­па­­лы ауру­лардың алдын алу бо­­йын­­ша про­филактикалық іс-шара­лар жүр­гізуде арнайы де­зин­фек­ция­лық препараттарды патент­теп, оны мал және құс ша­руа­шы­лық­тарында қолданып ке­ле­ді. «Бі­рақ мұның барлығы – ғы­лы­ми жо­­­ба­­­лары­мызды өнді­ріске ен­гізу, өнім үлгісі ретінде ғана жа­сал­­ған жұ­мыстар. Осы өнім­дер­ді әзір­­леу­мен айналыс­қан ға­лым­­дар­­ға ешқандай табыс кел­мейді. Өйт­­кені біз препараттар­ды на­рық­қа шығарып, сатумен ай­­на­­лыс­­паймыз. Бы­лайша айт­қан­да, қолы­мыздан келе­ті­нін көр­сеттік, ойлап тап­тық, шыға­рып бердік. Ал оны әрі қарай тү­бе­­ге­йлі тұрмысқа қол­данып ке­т­е­­тіндей жағдай жа­сал­май отыр. Мә­селен, қазір Қазақ­станда де­­зин­­фек­­циялық препараттар шы­­ға­­ра­тын цех, зауыт жоқтың қасы, сондықтан Ресей мен Қытай, Беларусьтан дист­ри­бью­тер­лік жолмен әкелін­ген қолже­тім­ді препараттар көп­теп сатылу­да. Был­тыр ғана Жамбыл об­лы­сын­дағы Құлан ауданы­ның әкі­мі­мен инвестициялық жоба әзір­ле­ген­біз. Бірақ жыл­дың со­ңына қарай аудан басшы­лы­ғын­­дағы өз­ге­рістерден кейін қол­даусыз қал­дық. Дезинфек­ция­лық заттар құя­­тын бюджетті ша­ғын цех­тың өзі 8-10 млн тең­ге тұ­рады, осы­дан-ақ оның қан­ша­­лық­ты қар­­жы­­лық қолдауға тәуелді еке­нін білу­ге болады», дейді жас профес­сор.

Куантар

Оның ойынша, Тұң­­­ғыш Прези­дент – Елбасы қоры­ның әр сала бо­­­­йын­­­­ша озат жас ға­лым­дарға мем­­­ле­­кет­тік сый­­лық­­тар, үздік ғы­­­л­ы­­ми-зерт­теу жобаларына грант­­­­­тар, алыс-жа­қын шетел­дер­ге зерт­теу жол­­дамалар, үз­дік сту­­­дент­­терге стипендиялар таға­­­йын­­­­­дап, қаржылай марапатталатын ин­­тел­­лек­­туалды са­­йыстар, түйі­­ні тар­­қа­тыл­маған мәсе­­ле­лерді тал­­­қы­­лайтын түрлі халықаралық және өңір­лік конференциялар мен фо­­рум­дар­ды ұйымдастырғаны үл­кен демеу болып тұр. Білім және ғы­­лым ми­нистрлігі де 2020-2022 жыл­­дар­ға ғылыми және ғылыми тех­­ни­калық жобалар бойынша жас ға­лым­дарды гранттық қар­жы­­­лан­­дыру конкурс­ын жариялап, жа­қын арада осы 3 жылға жал­пы сом­асы 9 млрд теңгені құрай­тын ғы­лыми жобалар ірік­теледі. Де­ген­­мен, әр ғалымда кемі 2-3 жо­ба­­дан болатынын ескерсек, бір­ді-екілі ұйым­дардың қар­жы­лық қол­дауы теңізге құйған там­шы­дай-ақ болатыны сөзсіз.

P.S. Байқайсыз ба, ғалым күнделікті жұмысымен, әрбір жобасының жемісімен халыққа, қоғамға қызмет етіп отыр. Біз бір парасын ғана жазып отырмыз. Қолдау дедік. «Мемлекет ғалымдарға жеткілікті қолдау көрсетпейді немесе кәсіпкерлер мойын бұруы керек» дейміз. Ал біз өзіміз оларды жұрт болып, көп болып қолдап жүрміз бе? Иә, ақынға шапан жапқандай, әншіге доллар салынған конверт қыстырып, арқасынан қаққандай, тым болмаса әкімге табақ тартқандай. Біз осы қолдаудың астарында бағалаудың барын білеміз бе? Кімді бағалау керегін ше?.. Нақ осы сұраққа жауап тапқанда ғана қолдау өзінің шынайы иесін адаспай табады.