«13 желтоқсан күні Түркістан қаласындағы орта мектеп мұғалімін полиция бөліміне жеткізу фактісі бойынша Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен қалалық Полиция басқармасы басшылығына қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр. Тергеу кезінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің мұғалімге қатысты іс-әрекетінің қаншалықты заңдылығына баға беріледі. Сондай-ақ Түркістан қаласы Ішкі істер басқармасы бастығының лауазымын асыра пайдалану фактісінің бар-жоғы анықталады» делінген хабарламада.
Облыстық Полиция департаменті басшысының бұйрығымен Түркістан қалалық Полиция басқармасының бастығы Данияр Мейірхан қызметтік тексеру аяқталғанға дейін қызметінен шеттетілді.
Еске сала кетейік, Түркістанда Мағжан Жұмабаев атындағы №15 орта мектептің мұғалімі Бақыт Кеукенов «әжетхана күзетпегені үшін» жазықты болған еді. 31 жылдық өтілі бар ұстазды қалалық Полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Данияр Мейірхан бастаған бір топ полицей ұстап әкеткен. Мектеп директоры К. Әбдіқадырованың жазуынша, мұғалім аяқ киімінен су өткен соң соны ауыстыру үшін мектеп ғимаратына кірген. Алайда полицейлер қарсылық көрсеткеніне қарамастан ұстаздың қолын қайырып, бөлімшеге алып кеткен. Кейін бұл жағдайды естіген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімге араша түсті.
Бүгін мектеп мұғалімін «әжетхана күзетпегені үшін» ұстап әкеткен қалалық Полиция басқармасының бастығы Данияр Мейірхан ұстаздан кешірім сұраған еді.