Аймақтар • 15 Желтоқсан, 2019

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында екі спорт кешені пайдалануға берілді

904 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңақорған ауданының Қожакент және Сунақата ауылдық округтерінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде салынған спорт кешендері  ашылды.

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында екі спорт кешені пайдалануға берілді

Қызылорда облысы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту жағынан көп өңірлердің алдында келеді. Кәсіпкерлерді ірі инвестициялық жобаларға тартудың арқасында соңғы жылдары біраз игілікті шаруа атқарылды. Қос ауылда ашылып отырған спорттық-сауықтыру кешендері осы әріптестік жемісі.

Тұрғындар қуанышын бөлісуге барған облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов жаңақорғандықтарды жаңа спорт нысандардың ашылуымен құттықтап,жылы лебізін жеткізді.

- Тәуелсіздік күні қарсаңында ауылдағылар үлкен қуанышқа бөленіп отыр. Жыл басында осы аудандағы Сүттіқұдық ауылдық округінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында спорт нысаны ашылса, енді Сунақата мен Қожакент ауылы тұрғындары осындай орталық игілігін көре алады. Ондаған тұрғынды жұмыспен қамтып, балаларды волейбол, бокс, ауыр атлетика, қазақ күрестеріне баулитын  жаңа спорт кешендері құтты болсын!, - деді облыс әкімі.

Салтанатқа жиналғандар жаңа кешенді аралап, ауыл балаларын спортқа баулу бағытындағы жұмыстарға ризалық білдірді.