Өткен аптада футболдан Қазақстан премьер-лигасының он тоғызыншы маусымы жалауын көтерді. Биылғы маусымға өткен жылдағыдай 12 команда қатысатын болады. Олар – “Ақтөбе”, “Локомотив” (Астана), “Шахтер” (Қарағанды), “Тобыл” (Қостанай), “Жетісу” (Талдықорған), “Атырау”, “Ордабасы” (Шымкент), “Тараз”, “Ертіс” (Павлодар), “Қайрат” (Алматы), “Оқжетпес” (Көкшетау) және “Ақжайық” (Орал).
Алғашқы турда мына командалар кездесті. Астанада премьер-лигаға оралған Алматының “Қайрат” командасымен кездескен “Локомотив” тең ойнады. Есеп – 0:0. Премьер-лигаға жолдама алған тағы бір команда “Ақжайық” өз алаңында “Ертіспен” ойнап, 1:4 есебімен жеңілуге мәжбүр болды. Ал Қостанайдың орталық стадионында өткен маусымашар матчта жергілікті “Тобыл” “Тараз” командасымен кездесіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл матчта биылғы маусымның алғашқы добын Нұрбол Жұмасқалиев соқты. Шымкентте Көкшетаудың “Оқжетпес” командасын қабылдаған “Ордабасы” олармен тең тарқасты. Есеп – 1:1. Ал осы турда кездесулері жоспарланған “Жетісу” – “Шахтер”, “Ақтөбе” – “Атырау” ойындары ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге қалдырылды.
Келесі турдың кездесулері ертең өтеді.
БАЛУАННЫҢ ЖҮЛДЕСІ
Алматыда грек-рим күресінен КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Кеңес Одағының 7 дүркін чемпионы, әлем және Еуропа чемпионы, Сеул және Атланта Олимпиадасының жүлдегері, даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін республикалық турнир өтті.
Екі күнге созылған турнир 10 салмақ дәрежесі бойынша өтіп, онда мына балуандар жеңімпаз атанды. Ең жеңіл, яғни 42 килода Айбек Марданов (БҚО), 46 килода Мейрамбек Айнағұлов (Ақтөбе) жеңіске жетсе, келесі 50 кило салмақта күш сынасқан 22 балуанның арасында Жамбыл облысының өкілі Абылай Медеуовтің бағы жанды. Одан кейін болған сындарда Алматының “Дәулет” спорт мектебінің шәкірті Мақсат Әйтпеков (54 кг), Жасұлан Өмірзақов (58 кг), Дәулет Батырбеков (63 кг, екеуі де ОҚО), Әбунасыр Өмірзақ (69 кг, Жамбыл облысы), Рашид Качиев (76 кг, ОҚО), Абзал Маратұлы (85 кг, Алматы) және 100 килодан астам салмақта Азат Шәукіров (СҚО) жеңімпаз атанды. Енді турнирдің алғашқы күні 42, 50, 58, 69, 85 кило салмақ дәрежелерінде бас жүлдені алған балуандар Ташкентте өтетін лицензиялық жарысқа қатысады.
Турнирдің соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы мақтау қағаздарымен бірге бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сол кезде Дәулет Болатұлы Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауданында болған су тасқынынан зардап шеккендерге 3 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек көрсететінін айтты.
Дастан КЕНЖАЛИН.