Сонымен қатар шараға Түркия Президенті Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Көлік вице-министрлері Ө.Фатих Саян және С.Дурсун, Отбасы, еңбек және әлеуметтік қызметтер вице-министрі Айше Ергезен, Энергетика және табиғи ресурстар вице-министрі Алпарслан Байрактар, Сауда вице-министрі Сезаи Учармак, Анкара губернаторы Васип Шахин, Ескишехир губернаторы Өздемир Чакаджак, Анкара мэрі Мансур Яваш, бұрынғы Мәжіліс төрағасы Джемил Чичек, Қазақстан-Түркия парламентаралық достық тобы төрағасы, Мехмет Али Джевхери, Түркия мәжілісі депутаттары, бірқатар университет ректорлары, аудан әкімдері, партиялар басшылары, бұрынғы министрлер, елшілер, халықаралық ұйым басшылары, Түркі кеңесі Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Қазақстанның құрметті консулдары, инвесторлар, дипломатиялық миссия, зиялы қауым, іскер топ, диаспора мен БАҚ өкілдері, қазақстандық тәлімгерлер және қонақтар қатысты.
Алқалы қабылдаудың беташар сөзін сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы Тәуелсіздік күнімен жиналған қауымды құттықтады. Егемендігіміздің 28 жылдығында Қазақстанның жеткен жетістіктеріне тоқталған А.Сапарбекұлы бауырлас Түркияның әрдайым көрсеткен қолдауын атап өтті. Еліміздегі саяси реформаларды тілге тиек еткен Қазақстан елшісі Елбасы Н.Назарбаевқа Түркия Президенті Р.Ердоғанның бастамасымен Түркі кеңесі құрметті төрағасы атағы берілгендігін еске салды. Президентіміз Қ.Тоқаевтың қоғамның демократиялық құқықтары мен қауіпсіздігін сақтау, халықпен тиімді кері байланыс орнату, саяси реформалар, ұлттық кодты қалыптастыру жұмыстарын жалғастыру, көпвекторлы және теңгерімді сыртқы саясат және жастарды билікке тарту секілді саяси басымдықтарына назар аударды.
Айтулы кештің ашылу салтанатында сөз сөйлеген ТҰҰМ төрағасы Мұстафа Шентоп «Түркия Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекет болғанын әрдайым мақтан тұтады. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынас біз үшін өте маңызды. Алға қойылған 10 млрд долларлық сауда айналымы межесіне жету үшін қыруар жұмыс атқарылуда. Қазақстанның қуанышы біздің де қуанышымыз», деді.
Сондай-ақ алқалы кеште ТҰҰМ төрағасы М.Шентоп елші А.Сапарбекұлына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атына Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қоры Türksav атынан 1919 ж. 19 мамырда Ататүрік бастаған ұлтазаттық соғыстың 100 жылдығы құрметіне тағайындалған «19 мамыр Түркі әлемі жаңғырылуы» марапатын табыстады.
Айта кетелік Türksav қоры түркі әлемінің әдебиет және өнер салаларындағы ынтымақтастығын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізуде. Бұдан бұрын Türksav Елбасы Назарбаевқа «Түркі әлеміне қызмет сыйлығын» берген болатын.