Премьер-министрдің бірінші орынбасары мен облыс әкімі баспана иелерін қуаныштарымен құттықтап, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен елімізде әлеуметтік салаға зор көңіл бөлініп жатқанын ерекше атап өтті. Екеуі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысты.
Биыл Шығыс Қазақстан облысында 8 мың пәтерлік 122 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. 25 үй, яғни 1493 пәтер қолданысқа берілді. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» салымшылары мен үй кезегінде тұрған 2665 адам қоныс тойын тойлайуға тиіс. «7-20-25», «Бақытты отбасы» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары арқылы көп балалы, толық емес және ерекше күтімді талап ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жеңілдік шаралары қарастырылған. Айта кету керек, жыл басынан бері тұрғын үй кезегінде тұрған 440 көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасы баспаналы болды.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов бірегей спорт кешенінің жұмысымен танысты. Екі жыл ішінде бой көтерген бірегей кешеннің мәдени-спорттық шараларды өткізуге арналған үлкен залы бес мың адамға арналған. Әлемдік стандарттарға сай спорттың сан түрлерінен жарыстар өткізу мүмкіндігі бар. Нысанның жалпы аумағы – 33,8 мың шаршы метр. Ірі кешенді жергілікті «Фирма АЗИЯ» ЖШС салған.
Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысқан Әлихан Смайылов:
– Шығыс Қазақстан облысы Тәуелсіздік жылдарында еліміздің жетістіктеріне айтарлықтай үлес қосты. Индустриалық және аграрлық аймақ тантал, мыс, мырыш және кейбір ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде жетекші орында. Облыс субсидияланған бизнес-жобалар саны, мемлекет-жекеменшік серіктестік туралы жасалған келісімдер саны бойынша елімізде бірінші орында. Республикадағы алғашқы роботты хирургия орталығы, нейрохирургиялық гибридті операциялық зал Шығыс Қазақстанда ашылды. Екі жыл ішінде барлық мектептер IT-сыныптармен жабдықталды. Білім беру және медициналық қызмет сапасы үнемі өсіп келеді. Мұның бәрі азаматтардың әл-ауқатын арттыруға кепіл, – деді ол.
Тәуелсіздік туы желбіреген 28 жылдың ішінде өңірдің жеткен жетістіктеріне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов толығырақ тоқталып өтті.
– Біз осы тарихи кезеңмен мақтанамыз! Себебі іргемізді бүтіндеп, тіліміз бен мәдениетімізді қайта жандандырдық. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында, дұрыс таңдалған бағдарды ұстана отырып, жоғары жетістіктерге жеттік. Бүгінде өзімізді тәуелсіз, қуатты және табысты Қазақстанның азаматтары деп зор сеніммен айта аламыз. Нұрсұлтан Назарбаевтың іргелі саяси философиясы прогресс пен жасампаздыққа бағытталған ел дамуының стратегиялық бағытын айқындап берді. Біздің болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарын сақтау және нығайту, – деді Даниал Ахметов.
Салтанатты шара барысында 50 азаматқа мемлекеттік наградалар мен ордендер табыс етілді. Бес тұрғынға «Шығыс Қазақстанның құрметті азаматы» атағы берілді. Марапатталғандардың ішінде ғалым Арап Еспенбетов «Парасат» орденін, «Абай Құнанбаев» қорының негізін қалаушы Балтабек Ерсәлімов «Құрмет» орденін иеленді. Шара соңы қазақстандық жұлдыздар қатысқан мерекелік концертке ұласты.