Тәуелсіздік таңы атар тұста Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы тарихи Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Бұл еліміздің ядролық қарудан түбегейлі бас тартуға дайын екенінің дәлеліндей көрінді. Аталған шешім 1992 жылы халықаралық деңгейде Лиссабон хаттамасымен бекітілген болатын. Араға төрт жыл салып Қазақстан алғашқылардың бірі болып ядролық сынақтарды толықтай тоқтату шартына қол қойды. Осылайша әлем кеңістігінде еліміздің антиядролық саясаты айқындала түсті. Әрине, біз халықаралық құжаттарды мақұлдаумен ғана шектелген жоқпыз. Керісінше, жаһандық антиядролық саясатты батыл қорғаушы әрі қозғаушы күшке айнала білдік. Соның арқасында Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрылды. Стратегиялық шабуыл қаруларын толық қысқарту жоспарын іске асыру туралы бастама көтердік. Мұның артында ядролық сынақтарды түбегейлі тоқтату шартына қол жеткізу мақсаты тұрған болатын. Еліміздің бұл бағыттағы еңбегі әлемдік қоғамдастық тарапынан бірауыздан мойындалып, БҰҰ 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады.
Қазіргі таңда Қазақстанның «антиядролық» күн тәртібінде бірқатар маңызды міндет бар. Осыған орай біз 2017 жылдан бері МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкінің қызметін қамтамасыз етіп келеміз. Сонымен қатар еліміз «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің ережелерін іске асыруда. Бұл манифест ізгі мақсатты көздейді. Ондағы негізгі ұстаным – 2045 жылға қарай БҰҰ-ның жүз жылдығының қарсаңында ядролық қарусыз әлемге аяқ басу.
Қазақстан – өзінің халықаралық ауқымдағы негізгі мақсат-міндеттерін нақты айқындаған мемлекет. Ол оның бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақты дамуды қамтамасыз ету ұстанымдарынан көрініс тауып келеді. Бұл ұстанымдарға еліміз әлемдік дәрежеде де, аймақтық деңгейде де берік екенін бірнеше мәрте дәлелдей білді. Мыңжылдықтар бойы алып өркениеттерді байланыстырған қазақ жері тәуелсіздік жылдарында да Шығыс пен Батыстың арасын жалғаған маңызды көпірге айналғанына куәміз. Қазақстан геосаяси тұрғыда Еуропа мен Азияның өзара ынтымақтастық және қауіпсіздік архитектурасын қалыптастырып, дамытуға белсене атсалысуда. Осы сөзіміздің айқын дәлелі – мемлекетіміздің 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі болды. Біздің төрағалық етуімізбен халықаралық ұйымның қызметі жанданып, араға 10 жылдық үзіліс салып барып, жоғары деңгейдегі саммит ұйымдастырылды. Осы тұста Қазақстан 4Т формуласын ұсынды. Олар: сенім (Trust), дәстүр (Tradition), ашықтық (Transparency) және төзімділік (Tolerance).
Осы ретте ЕҚЫҰ форматындағы ұйым – Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес те (АӨСШК) Елбасының бастамасымен құрылғанын айта кеткен жөн. Аталған кеңес қатысушы мемлекеттердің өзара қарым-қатынасын жан-жақты нығайтып, аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ақылдасу алаңына айналды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биыл қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясында сөйлеген сөзінде келер жылы Қазақстанның төрағалық етуімен АӨСШК қауіпсіздік пен даму бағытында ықпалды әрі толыққанды өңірлік ұйым ретінде трансформацияға қадам басатынын жеткізді. Сонымен қатар «Валдай» халықаралық пікірталас клубының аясында Мемлекет басшысы аталған кеңеске қатысты тағы бір ұсынысты еске салды. Шығыстағы қауіпсіздік мәселесі күн өткен сайын өзекті болып келеді. Қ.Тоқаев Шығыста тиімді қауіпсіздік іргетасын қалау үшін Батыспен тығыз байланыс орнату керек екенін, осы мақсатта АӨСШК мен ЕҚЫҰ күш біріктіруі аса маңызды екенін жеткізді.
Елбасы ұсынған тағы бір айрықша қарым-қатынас форматы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі. Съезд 2003 жылдан бері елорда төрінде әлемдік ірі конфессиялардың көрнекті өкілдерінің басын қосып келеді. Мұның өзі уақыт санап ауқымы кеңейіп, интенсивті сипат алып келе жатқан жаһандық өзара байланыстарды одан әрі нығайтудың ерекше жолы. Дін – тек сенушілерге арналған идеологиялық ұстанымдар мен өмірлік бағыт-бағдарлар жиынтығы ғана емес, әлем жұртының үлкен топтары үшін бірлік пен татулықтың шешуші факторы. Сол себепті де, бір жағынан, дін арқылы геосаяси мақсатта адамдардың дүниетанымына манипуляция жасау қаупі болса, екінші жағынан, діндегі ортақ құндылықтар арқылы жаһанның бірлігін қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар екені айдан анық. Осыны ескере отырып, еліміз дінаралық диалог құру бастамасын барынша қолдап келеді. Аталған съезд дінаралық диалогты нығайтудың бірегей тәжірибесі ретінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің деңгейінде жоғары бағаға ие болды.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан БҰҰ-ның 100-ден аса келісімшартына және конвенциясына қосылып, оның 19 бағдарламасы мен ұйымын өз жерінде орналастырды. Оған қоса биыл мамыр айында Президент Қ.Тоқаев еліміздегі халықаралық ұйымдар үшін жаңа ғимарат ашқанын айта кетейік. Халықаралық қоғамдастықтың сенімі мен ең мәртебелі ұйымның жоғары бағасына ие болған еліміз Орталық Азия мемлекеттерінің арасында тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Осы орайда Қауіпсіздік Кеңесі жаһандық ұйымның ең маңызды органы екенін есте сақтаған жөн.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ядролық қарусыз әлем идеясын жоғары көтерген Қазақстан төрағалық тұсында да осы бағытынан айныған емес. Сондықтан мемлекетіміз ядролық қарудан бас тарту ұстанымына айрықша басымдық берді. Қырғиқабақ соғыс жылдарындағы қарсыластың шабуылын болдырмаудың кепілі саналған «тежеу» саясаты ХХ ғасырмен бірге тарих қойнауына кетті. Ал жаңа заман жаңа тәсілдерді талап етіп отыр. Ол үшін, әрине, қақтығыстарды реттеуге кепілдік беретін тың шараларды қолға алудың, аймақтық өзара сенімді арттырудың маңызы зор. Бұл, бірінші кезекте, Таяу Шығыс пен Корей түбегіндегі жағдайға қатысты айқындалуы керек.
Сонымен қатар Қазақстан жаһандық соғыстар қаупін сейілтіп, локалды қақтығыстарды реттеу мәселесін де күн тәртібіне шығарды. Бұл міндетті іске асыруда еліміз бітімгерлік бастамаларымен көзге түсті. Оның жарқын дәлелі – Астана процесі. Көпшілік біле бермес, Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелік кезінде Қазақстан осы кеңестің «ДАИШ» және «әл-Каида» ұйымдарымен күрес, Талибан/Ауғанстан жөніндегі комитетіне жетекшілік етті.
Тағы бір назар аударатын жағдай, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болған бірқатар елдер осынау ең беделді әлемдік алаңға аймақтық контекст қосып отырады. Қазақстан да солай жасады. Оның мысалы – биыл 19 қаңтарда министрлердің деңгейінде өткен «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру» туралы талқылау.
Шынына келсек, біздің аймақ бұған дейін БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің назарында болмаған. Себебі Орталық Азия кеңістігі салыстырмалы түрде тұрақтылық ахуалын сақтап отыр. Бірақ Қазақстан Орталық Азия тақырыбын күн тәртібіне өзгеше енгізді. Осылай ең жоғары деңгейде алғаш рет қауіпсіздік мәселесінің өңірлік дамуға қалай әсер ететіні сараланды. Экономикалық өркендеуге қол жеткізе отырып, туындаған қауіп-қатерлерді азайтудың орнықты жүйесін құру мәселесі талқыланды.
Президентіміз Қ.Тоқаев БҰҰ-ның биік мінберінен Ауғанстан және Орталық Азия мәселесіне тағы бір рет әлем назарын аудартты. Біраз жылдан бері еліміз Ауғанстан мемлекетін қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласып келе жатқаны белгілі. Аймақта терроризм мен экстремизм, есірткі айналымы, заңсыз көші-қон мәселелері аса өзекті болып отыр. Осыны ескеріп, Мемлекет басшысы Нью-Йоркте Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға қолдау көрсету мандаты бар БҰҰ-ның Орнықты даму орталығын құруды ұсынды.
Елбасы Н.Назарбаев БҰҰ қабырғасында тағы бір маңызды бастама көтерген еді. Ол – терроризм мен діни экстремизм қаупіне жаһандық деңгейде қарсы тұру ұсынысы. Елбасы ұсынысы барлық тараптың қолдауын тауып, «Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібінің кодексі» бекітілген еді. Қауіпсіздік Кеңесі жұмысының ауқымды бөлігі дәстүрлі түрде Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселесіне арналады. Бұл қалыптасқан заңдылықты Қазақстан айналып өткен жоқ. Соның нәтижесінде еліміз Судан мен Батыс Африкадағы қақтығыстарға арналған отырыс ұйымдастыру мәселесін көтерді. Қауіпсіздік Кеңесінің Сомали мен Эритрея жөніндегі комитетін басқарған еліміз африкалық мемлекеттердегі әскери және гуманитарлық дағдарыстарды шешуге де елеулі үлес қосты.
Бейбітшілікті сақтау – қазақстандық сыртқы саясаттың маңызды бағыты. Сириядағы ахуалды реттеу мақсатында қолға алынған Астана процесі, бірінші кезекте, тактикалық-гуманитарлық міндеттерді шешуге күш салды. Ал Женева процесі саяси міндеттерді шешуге бағытталды. Әрине тараптардың принципті ұстанымдарын ескере отырып, бұл бағытта келісімге келу аса қиын екені түсінікті. Астана бағдары болса, Сириядағы қазіргі жағдайды талқылауды, қарулы қақтығыс аумағында қалып қойған бейбіт тұрғындарға көмектесуді, қарулы іс-әрекеттерді тоқтата тұруды көздеді. Сонымен қатар деэскалация аумағы туралы келісімдерді, гуманитарлық көмек мәселелерін талқылайтын алаңға айналды. Астана платформасында Сирия мәселесіндегі келіссөздер қол жеткізген үлкен нәтиже – БҰҰ мен Қызыл крест халықаралық ұйымы сарапшыларының қатысуымен тұтқындарды босату, қаза тапқандардың денесін беру және із-түзсіз жоғалғандарды табу жұмыстарын жүргізу болды. Бүгінге дейін Астана форматында 14 раунд өтті. Бұл Сирия үкіметі мен қарулы оппозицияның арасындағы келіссөздер процесіндегі айтарлықтай кедергілерді артқа тастауға көмектесті.
Шанхай ынтымақтастығы ұйымының аясында да Қазақстан Еуропа мен Азияның арасын ортақ жобалар арқылы жақындастыруға күш салып келеді. 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Шанхай ынтымақтастығы ұйымына әлемдік алып экономикалар – Үндістан мен Пәкістан республикалары мүше болып енді. Бұл аталған ұйымның қуатын еселеген, айбынын арттырған айтулы тарихи оқиға болды. Осылайша, еліміздің ынтымақтастық миссиясы өз жемісін беруде.
Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатын тиімді, белсенді, сындарлы диалог негізінде жүргізіп келеді. Жоғарыда аталған іс-шаралардың барлығы да тәуелсіз еліміздің әлемдік аренадағы беделді орнын бекітіп отырғаны түсінікті. Бұл, әуелі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың саяси бастамашылдығының арқасында ақиқатқа айналды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев аталған жаһандық бастамалардың жалғасын тауып, нәтижелі жүзеге асуына зор үлесін қосып келеді. Еліміздің жаһандық беделін нығайтуға жас та болса тәжірибелі, салмақты дипломатиямыздың сіңірген еңбегі зор. Тәуелсіз Қазақстан өзінің сыртқы саясаттағы белсенді позициясын сақтай отырып, әлі де талай жаһандық бастамалардың көшбасшысына айналарына сенім мол.
Зарема ШӘУКЕНОВА,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры