Әлбетте, осы сияқты толағай табыстар бауырлас қазақ елінің жасампаз еңбегінің де жемісі, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің, көрегендігінің нәтижесі деп білемін. Бұл орайда «Халқы қандай болса, басшысы сондай болады» деген хадисті мысалға тартқаным орынды болар. Нұрсұлтан Назарбаевтай ұлттық лидері бар Қазақ елі бақытты.
Биыл Қазақстанда аса үлкен саяси оқиға болды. Билік трансформациясы бүкілхалықтық сайлаудың барысында жаңа лидерге өтті. Мұндағы ең басты мәселе, елді басқарудың сабақтастығы сақталып қалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастаған, жүргізген істерін одан әрі жалғастыруда. Қазақстан осыған дейінгі қарқынымен алға адымдаса, Тұңғыш Президенттің кезінде қабыл алынған стратегиялық мақсаттар үдесінен шығатыны сөзсіз.
Қырғызстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлын Орталық Азиядағы, бұдан да кеңірек аядағы әлемдегі түркі елдерінің ақылгөй тұлғасы деп таниды. Н.Назарбаев егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап Орталық Азия мемлекеттерінің одағын құру идеясын көтеріп, бұл бағытта көп күшін жұмсады.
«Алтынды тот баспайды» демекші, асыл идеялар көнермейді екен. Өткен қараша айының аяғында Ташкент қаласында болған Орталық Азия мемлекеттерінің екінші Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша төрт елдің – Өзбекстанның, Қырғызстанның, Түрікменстанның және Тәжікстанның президенттері Нұрсұлтан Назарбаевқа Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік жиналысының Құрметті төрағасы мәртебесін беру туралы шешім қабылдады. Мұндай шешім Нұрсұлтан Әбішұлына ұйымның ісіне белсенді түрде қатысуын жалғастыруға, ағалық ақылын айтуға мүмкіндік береді. Бірінші бас қосуы Тұңғыш Президенттің бастамасымен Қазақстанның астанасында өткен осы Консультативтік жиналыстың Ташкенттегі екінші кездесуінде Н.Назарбаев бірнеше өзекті мәселені ортаға салды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісім» жасасуды ұсынды.
«Тауарлардың, қызметтердің және капиталдың қозғалысына тосқауыл болатын кедергілерді алып тастау арқылы «кедергісіз Орталық Азияны» қалыптастыру керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев осы жиналыста. Қазақстанның ұлттық лидерінің бұл сөзін қырғызстандықтар жақсы рәуіште қабыл алды. Бір жарым ғасыр ілгері Еуропалық ғылыми орта «Азия – адамзат бесігі» деп өркениеттің өзегі екі қос өзен – Әмудария мен Сырдарияның жағалауларында екенін мойындаған. Ал енді Түркі әлемінің бесігі – Түркістан қаласын қайыра түлетуде Тұңғыш Президент дер кезінде нақты шешімдерді қабыл ала білді. Оның Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан деп аталып, орталығы Түркістан шаһары болды. Жарлықтың шарапаты екі бірдей маңызға ие. Біріншісі, әрине, шаһар әлемдегі түркі халықтарының назарын өзіне аударды, екіншісі – Қожа Ахмет Ясауидің мәртебесі артып, мұсылман жұртының тәу ететін киелі жері болады.
Биылғы қазан айының 14 жұлдызында Әзербайжанның астанасы Баку қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің (Түркі кеңесі) жетінші отырысы елеулі оқиғаларымен есте қалды. Өзбекстан Түркі кеңесінің толыққанды мүшесі болды. Ежелгі мажар қыпшақтарының мұрагері Венгрия кеңеске алғаш рет бақылаушы ел ретінде қатысты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің ғұмыр бойғы Құрметті төрағасы» мəртебесі беріліп, Түркі әлемінің ең жоғарғы орденін тағайындау, оның алғашқысын Н.Назарбаевқа беру ұйғарылды. Бұл Тұңғыш Президенттің түркі халықтарының басы қосылса деген отыз жылға жуық қажырлы әрекетіне берілген лайықты баға болды. Түркі елдерін біріктіру туралы пікірін Н.Назарбаев сонау 1992 жылы Түркияның сол кездегі басшысы, премьер-министр Сүлеймен Демирел, Қырғызстанның сол кездегі президенті Асқар Ақаевпен Анкарадағы жолығуында айтқан еді. 1993 жылы Түркі Республикасының 69 жылдық мерейтойында бастаманы Әзербайжанның сол шақтағы президенті Әбулфаз Елшібей қостаған. Н.Назарбаев ұйытқы болған осы төрттіктің 1993 жылы Халықаралық түркі мәдениетінің ұйымы – ТүркСОЙ құрылды. Тұңғыш Президенттің тікелей ұсынысымен 2008 жылы Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясы (ТүркПА), 2010 жылы штаб-пәтері Қазақстанның елордасында орналасқан Халықаралық Түркі академиясы құрылды. Бұл институттардың барлығы құрылғаннан бері қарай түркі елдерінің экономикасын өркендету, рухани байланыстарын нығайту бағыттарында ауқымды істерді атқарып келеді. Бұлардың ішінен түркі халықтарының түп-тамыры болған қазақ-қырғыз елінің ынтымақтастығын нығайтуда Халықаралық Түркі академиясының салымы салмақты екенін қырғыз елінің өкілі ретінде білдіріп қою парызым. Академия екі жылдың ішінде Қазақстанда және Қырғызстанда бауырлас екі елдің зиялыларының төрт форумын өткізді. Бұлар жай ғана декларатив емес, нақты жұмыстармен қосталуда.
Нұрсұлтан Әбішұлының түркі халықтарының ынтымағын шыңдаудағы рөлін Түркияның Президенті Режеп Тайип Ердоған «Түркі әлемінің ақсақалы» деп дәріптеп, алқалы жиындарда дәйім төрден орын беріп келеді. Бұдан үлкен сипаттау бар ма?
Қазан айындағы түркі мемлекеттерінің басқосуында Н.Назарбаев «Түркі келешегі – 2040» бағдарламасын әзірлеуді және Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін ұйым деңгейіне көтеріп, «Түркітектес мемлекеттер ұйымы» деп атауды ұсынады. Бұлар да бауырлас елдердің көкжиегіне көз салған ақсақалымыздың ғибраты.
Ташполат САДЫҚОВ,
түркітанушы, «Вильгельм Томсен» сыйлығының лауреаты, Қ.Қарасаев атындағы Қырғыз мемлекеттік гуманитарлық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы
Қырғыз Республикасы,
Бішкек қаласы