Дәулет Болатұлын жанкүйерлерге таныстырып жатудың өзі артық. Десек те айтулы азаматтың ел спортына сіңірген еңбегі ерен екені анық. Ол – грек-рим күресінен КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, Сеул және Барселона Олимпиадасының жүлдегері, дүние жүзі, Еуропа және Азия чемпионы, құрлықтық ойындарының жеңімпазы, әлем кубогының екі дүркін иегері. Осылай ұзаққа дейін тізбектей беруге болады.
Дәулет Тұрлыхановтың атындағы залдың ашылу салатанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, республикалық спорт колледждің директоры Амалбек Тшан, ҚР қол добы федерациясының президенті Гүлнар Тұрлыханова және тағы басқа лауазымды тұлғалар қатысты.
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшан басқаратын республикалық спорт колледжінен талай саңлақ спортшылардың шыққандары белгілі. Олардың арасында Олимпия ойындары мен әлем чемпиондары да жетіп артылады. Алаштың мақтан тұтар азаматы Дәулет Тұрлыханов та дәл сол мектеп-интернаттың қабырғасында тәлім-тәрбие алған. Бұйыртса, сол жеңіспен өрілген дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенімдіміз.