Аймақтар • 18 Желтоқсан, 2019

Әкімшілік жауапкершіліктің салмағы ауыр

129 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет біреулердің кіргісі келсе – кіріп, шыққысы келсе –шығып жүре беретін ауласы емес. Оның оң және теріс бағыттағы белгілі бір тәртіптері бар. Бұған дейінгі жинақталған деректер адамдар көп жағдайларда мемлекттік қызметтен теріс себептермен жағдайлар бойынша шығарылатынын көрсетеді. Соның ең басында жемқорлыққа жол беру көрінісі басты бір себептің бірі болып отыр.

Әкімшілік жауапкершіліктің салмағы ауыр

Жемқорлықтың аты – жемқорлық. Мұндай дертті бойына жұқтырғандар қызметтен босаса да, кейін теріс жолмен уысына түсірген қаражатты жеке қара басының мүддесіне пайдаланып кетуі әбден мүмкін екенін ешкім жоққа шығара алмады. Олар осындай жолмен өздеріне хан сарайындай үй көтеріп, қос-қостан, бес-бестен бағасы қымбат шетелдік көліктер сатып алуы да ғажап емес. Қандай қаражатқа? Әлде ол мемлекеттік қызметтен босай сала «майлы шелпекке» тап болып, аяқ астынан табысы тасқындай қалды ма?

Міне, осы мәселенің ақ-қарасын айқындап, ажырату үшін мұндай топқа кіретіндер кейінгі үш жыл уақыт ішінде әр жылдың 31 наурызына дейін тұрғылықты жерінен мемлекеттік кіріс органдарына өз табыстары мен кірістері және мүлкі туралы декларацияны тапсыруға тиіс. Егер бұл құжаттық материалдар көрсетілген мерзімде тапсырылмаса – бұл жағдай әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің тармақтары мен баптарын бұзу болып табылады деді газет тілшісіне Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет сапасын бақылау басқармасының бас маманы Қайрат Әкиев.

Оның айтуынша өткен 2018 жылы өңірде мемлекеттік қызметтен сыбайлас жемқорлыққа жол бергені және өзге де теріс іс-әрекеттері бойынша босатылған 66 мемлекеттік қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Ал биылғы 2019 жылдың 11 айы аралығында аталған басқарма мемлекеттік қызметтен теріс себептерге байланысты босатылған 16 адамға әкімшілік хаттамалар толтырған. Мұндағы айыппұл мөлшерінің көлемі 2 миллион тенгеге жуықтайды. Қысқасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мамандарының мәлімдеуінше декларация өз уақытында тапсырылса, айыппұл мөлшері мемлекеттік қызметтен теріс себептермен шығарылған адамдардың отбасына зиянын тигізбейді.

Декларация тапсыру ісін жүйелі жолға қоя білудегі басты мақсат – әкімшілік жауапкершілікке тарту ғана емес, сонымен бірге мұндай құқық бұзушылықтардың алдын-алу және оны болдырмау, -деп түйін жасады Мемлекеттік қызмет сапасын бақылау басқармасының бас маманы Қайрат Әкиев.