Наурыз мейрамы күндері еліміздің ақпарат кеңістігі тағы бір басылыммен толықты. Газеттің бас редакторы, елімізге белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбектің айтуынша, “Қазақ спорты” аталатын басылым аптасына бір рет, сейсенбі күні шығатын болады.
Газеттің тырнақалды нөмірі қызықты да тартымды дүниелермен және оларға сай берілген әдемі суреттермен шыққанын атап өткеніміз жөн. Басылымның алғашқы нөмірінде “Таразы”, “Топжарған”, “Сараптама”, “Жылнама”, “Сөз өнері дертпен тең” және спорттың әр түріне байланысты берілген айдарлармен жарияланған мақалалар бар. Мұнда Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетовтің “Ақ олимпиада артта қалды, алда – Азия ойындары” атты материалы, дзюдо күресінен Қазақстан спорты тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанған Максим Раковпен жүргізілген сұхбат, белгілі журналистер Дүрәлі Дүйсебайдың “Сөз білмейтін комментатор көп”, Ғалым Қожабектің “Қазақ боксы: Тоқырау ма, әлде толқын ауысу ма?”, Төлеубек Қадырмолла мен Сәбит Тастанбекұлының жарыстардан берген репортаждары шыққан. Ал газеттің соңғы бетінде “Мен – қазақпын!” айдарымен берілген редактордың спорттық гимнастикадан Канада ұлттық құрамасының бас бапкері, қазір осы елдің астанасы Оттава қаласында тұратын қандасымыз Едіге Жаровтан алған сұхбаты оқырман қауымның іздеп жүріп оқитын дүниесі десек артық айтқандық емес.
“Астана Полиграфия” баспасынан оқырманға жол тартқан газет 10 мың таралыммен шығып отыр.
Дастан КЕНЖАЛИН.