Экономика • 19 Желтоқсан, 2019

Электр энергетикасы: жаңа технологиялар – жаңа мүмкіндіктер

1357 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Биыл қазан айында өткен «Digital Bridge» екінші халықаралық технологиялық форумы аясындағы Digital Bridge Awards жүлдесін квазимемлекеттік ұйымдар арасынан «KEGOC» АҚ ең үздік цифрлы кеңсе номинациясы бойынша жеңіп алды. Біз компанияның Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиевпен әңгімелесіп, жүлдеге жеткізген негізгі мәсе­ле­лер туралы айтып беруін өтіндік.

Электр энергетикасы: жаңа технологиялар – жаңа мүмкіндіктер

– Бұл кездейсоқ келе салған жүлде емес. Қазіргі таңда ком­пания технологиялық қам­ту көр­сеткіштері бойынша әлем­дегі ең озық электр желілері ком­панияларының деңгейінде. Ең басты фактінің бірі – «KEGOC» компаниясының өндірістік про­цестерін цифрландыру жөнін­дегі жұмысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды платформасында айтылған «Заманауи, «ақылды» техно­ло­гиялар енгізу арқылы энерге­тика­лық жүйені модернизация­лау» туралы тапсырмасын жүзе­ге асы­румен тікелей байланысты.

Қазіргі таңда «KEGOC» АҚ энергетика саласына инно­ва­ция енгізіп отырған бас­ты драйверлердің бірі бо­лып отыр. Өйткені компания­ның бола­шақтағы дамуы халық­аралық тәжірибе мен әлемдегі электр қуаты саласындағы негіз­гі тренд­терді, атап айтсақ интеллектуалды жүйелерді (Smart Grid) танып-білуге негізделген.

Әлемдік қуат көзі «энер­гети­калық алмасу» деп аталатын жаңа кезеңге, яғни бұрынғы қуат көздерімен салыстырғанда, басты айырмашылығы – жаң­ғыр­малы энергия көздері, шек­сіз ресурстарды (күн сәу­лесі, жел және басқа да энергия­лар­ды) пайдалана отырып, таза эко­ло­гиялық жарыққа қол жет­кізу кезеңіне ауысып жат­қаны ескерілді.

– Интеллектуалды электр желілерін құрудағы негізгі мақсат қандай және ондай желілердің негізгі құрамдас бөлігі не?

– Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық желісінің (БЭЖ) Жүйелі операторы саналатын «KEGOC» АҚ-ның бұл жұ­мыстағы негізгі мақсаты оның орнықты жұмыс істеуін қам­тамасыз ету.

«KEGOC» АҚ «Цифрлы Қазақ­­стан» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында Smart Grid элементтерін бірнеше жоба арқылы енгізіп жатыр. Атап айтсақ, бұл өтпелі про­цес­тер­ді мониторингтеу және бас­­қару (WAMS/WACS) жүйе­­­сін енгізу, сонымен қатар «БЭЖ жұмысының режім­дерін басқарудағы апатқа қарсы орталықтандырылған жүйе мен режімді автоматика жү­йесін енгізу» жобалары. Соң­ғы жоба өз кезегінде екі құ­рам­дас бөліктен тұрады – апа­тқа қарсы автоматиканың ор­та­лықтандырылған жүйесі (АҚАОЖ) және жиілік пен қуаттылықты автоматты түрде реттеу жүйесі (ЖҚАРЖ). Атап айтқанда, WAMS/WACS де­геніміз, бұл – энергия жү­йесінің берік және тұрақ­ты жұмысын қам­тып, ерте ескертудің жетіл­дірілген технологиясы. WAMS құрамдас бөлігі – энергия жү­йе­сінің әртүрлі нүктесіндегі жұ­мыс режімін қарқынды түрде мо­ни­торингтеу мақсатында энер­­гия жүйесінің негізгі өл­шем­дерін уақыт бойынша аса дәл синхронды түрде өлшеуге не­­гіз­­делген өлшемнің кең аумақ­­ты жүйесі.

WACS болса – апаттың алдын алу үшін және онлайн ре­жімде тұтынушылардың жары­ғын сөндіріп немесе генератор­ды қайта қосуға көмектесу үшін WAMS-тың векторлы өл­­шем­дерін пайдаланатын кең аумақ­ты басқару жүйесі. Оның үсті­не WACS жүйесі энергия жү­йесінде апат болғаннан ке­йін жекелеген аймақтарды (алғаш­қы мүмкіндіктен-ақ) автоматты түрде жарыққа қоса алады.

– Бақытжан Төлеуқажы­ұлы, бұл жобаларды жүзеге асы­­ру қандай нәтиже беретінін қыс­­қаша айтып бере аласыз ба?

– WAMS/WACS жобаларын жүзеге асырсақ, бірқатар қосалқы станса мен электр стансасынан түсетін ақпа­ратты WAMS өлшемі негізінде қайта өңдеуге болады. Қандай да бір олқылық табылса, электр режімі автоматты түрде рұқ­сат етілген шегіне түсе­ді. Бұл еліміздегі БЭЖ жүйесі­нің беріктігін арттырып, апат ке­зінде тұтынушылардың жа­рығын өшіру фактілерінің санын азайтып қана қоймай, электр тарату желілеріндегі өт­кізу қуатын барынша мол пай­далануға мүмкіндік береді. Атап айтсақ, WAMS/WACS жо­ба­лары енгізілгеннен кейін «Сол­түстік-Шығыс-Оңтүстік» электр өткізу желісінің қуатын шамамен 200 МВт-қа арттырады.

Апатқа қарсы автомати­каның орталықтандырылған жүйе­сін (АҚАОЖ) іске қосу Қазақ­­стан­ның энергия жүйесін­дегі апатқа қарсы процес­терді адамның әре­кетінсіз оқшау басқару режі­мін орта­лық­тандырылған апат­қа қарсы басқаруға ауыстыра отырып, осы шаққа орнатуға мүмкіндік береді. Яғни АҚАОЖ Қазақ­станның БЭЖ жүйесін мүлде басқа деңгейге көтереді.

Жиілік пен қуаттылықты автоматты түрде реттеу жүйесі (ЖҚАРЖ) Қазақстанның БЭЖ мен Ресейдің БЭЖ шекара­сын­дағы қуат сальдоларының өтуін жоспарлы мәліметтермен нөлге дейін теңестіру мақсатында процестердің мәліметін автоматтандырады. Бұл генерация мен тұтынудың жоспарлы балансынан ауытқуды азайтып, транзитті желілерді жоспардан тыс қуат ағындарын сақтайды.

Осы аталған жүйелерді жұмысқа қоса отырып, біз заманауи «ақылды» технологиялар­ды енгізу арқылы Қазақстан Рес­пуб­ликасының электр желілері жүйесін жаңғырту міндеттерін орындаймыз.

– Мен дұрыс түсінсем, бұл жобалар қазір жұмыс істеп тұрған электр желілері мен шағын стансаларда іске асып жа­тыр ғой. Ал жаңа энергия ны­сандарын іске қосуға да­й­ын­­дық қалай жүріп жатыр?

– Жалпы, «KEGOC» АҚ-на қарасты қазір жұмыс істеп тұр­ған немесе салынып жатқан энер­гия нысандарында Ұлттық электр тораптарының белсенді-бейімдеу жүйесін құруға қажет­ті элементтердің бәрі қазір­ден бастап енгізіліп жатыр. Менің ай­тып тұрғаным – релелік қо­рғаныс пен автоматиканың цифр­лы құрылғылары (РЗА), дис­петчерлік бақылау мен ақ­­парат жинау жүйесі (SCADA), сондай-ақ электр энергия­сы­ның коммерциялық есебінің авто­­мат­­тандырылған жүйесі (ЭКЕАЖ).

Дәл осы элементтерді қол­дану арқылы бір жыл бұрын ком­па­нияның тарихындағы ең ірі жоба­лардың бірі – «Солтүс­тік-Шығыс-Оңтүстік транзиті­нің 500 кВ ӘЖ құрылысы» (шығыс транзит) жүзеге асқан болатын. Бұл ел экономикасы үшін аса маңызды жоба, себебі жоғары вольтті желі Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуы­мен өткен жалпыұлттық теле­­көпір барысында іске қо­сыл­ды. Теле­көпір барысында «Шүлбі СЭС (Семей) – Ақ­тоғай – Тал­дықорған – Алма» бағы­тын­да­ғы 500 кВ жоғары вольтты желілері іске қосылған еді.

Төрт жыл ішінде, соның ішін­де 2014 жылдан бастап 2018 жыл аралығында ұзындығы 1700 шақырымнан асатын жоғары вольтты желілер, жаңадан 500 кВ класты «Семей», «Ақтоғай» және «Талдықорған» үш шағын стансасы салынды. Онымен қоса заман талабын ес­­кере отырып, қуаты 1150 кВ «Екібастұз» шағын стансасы, қуаты 500 кВ «Өскемен» ша­ғын стан­саларында ашық бөлу құрылғылары ашылды, сондай-ақ Шүлбі СЭС қуаты 220 кВ ашық бөлу құрылғысы іске қо­сыл­­ған болатын. Қуаты 500 кВ «Алма» шағын стансасы ке­ңей­­тіліп, қайта құрастырудан өтті.

 Басқа да жобаларға тоқта­лар болсам, «Павлодар энергия түйінінің Қазақстанның Бір­ың­ғай электр энергия жү­йе­лері­мен байланысын күшейту» ат­ты жобаның аяқталғанын айта кетейін. Осы өңірді Қазақ­станның БЭЖ байланыстырып тұрған қолда бар электр қуатын тарату жүйелеріне қосымша ретінде «Өнеркәсіптік» шағын стансасы мен «ЕЭЖ» АҚ (Еуро­азиялық энергия корпора­циясы) ортасынан қуаты 220 кВ болатын жаңа электр қуа­тын беру желісі салынды. Осы жұмыстар жалпы энергиямен қамтитын және энергия тарататын кәсіпорындарға Павлодар қаласы мен осы облыста жа­ңадан салынып жатқан өн­дірістерді қуатты электр жүйе­сімен қамтуға мүмкіндік берді.

Биыл «KEGOC» АҚ «Ұлттық электр желілерін жаңғырту 2 кезеңі» жобасының аясында Түлкібас шағын стансасы мен Бөрлі шағын стансасының ара­сындағы қуаты 220 кВ ауа желі­сінің құрылысын сәтті аяқ­тады. Бұл жоба Жамбыл және Түр­кістан энергия түйініндегі электр қуат арттыруда аса жо­ғары маңызға ие. Қуаты 220 кВ Түлкібас-Бөрлі ауа желісін жұ­­мысқа енгізу арқылы 220 кВ қуат­ты Кентау-Қаратау және Шым­­кент-Жамбыл транзиті мен қуа­ты 500 кВ Л-5169 Шымкент-Жам­был желісін жөндеуге жі­бер­­­ген кезде туындайтын қуат мә­­­се­лесін шештік. Оның үстіне, бұл жобалар Қазақстан Респуб­ли­­­ка­сы­ның оңтүстік өңіріндегі элек­тр энергия қуатын арттырды.

Сонымен қатар бұл сала­да­ғы маңызды оқиғалардың бі­рі ретінде 2019 жылдың 1 қаң­­т­арынан бастап «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында жаңа электр нарығы іске қосылғанын атап өту керек. Жаңа электр нарығы электр энергиясының жалпы на­ры­ғын екі түрлі сегмент – электр энергия және электр қуаты на­рық­тарына бөлді.

Қуат нарығы «бірыңғай сатып алушы» моделіне негіз­деліп, жаңа электр нысандарын салуға және қазіргі қуат өн­ді­ру­ші нысандарды қайта жаң­ғыр­туға қажетті қаражат тартуға ай­тарлықтай ықпал етіп отыр. Яғни елдің бірыңғай электр энер­гия желілеріндегі электр қуаты­на деген сұранысын қана­ғат­тандыра алады.

– Бақытжан Төлеуқажы­ұлы, өзіңіз білетіндей, осы жылдың басында қуаттылық нарығымен бірге, Биллинг жүйесі іске қосылған. Оның ерекшелігі неде?

– Бұл жүйе «Жүйелі қыз­мет көрсету процестерін жетіл­діру» жобасының аясын­да жүзе­ге асты. Осы жүйе­нің арқасында жүйелі қыз­меттерді автоматтандырып, бүкіл мәліметтерді цифр­лан­дыруға мүмкіндік туды. Бұл клиенттермен жұмыс істеу бағытын жетілдірудегі үлкен қадамның бірі десек болады. Енгізіліп жатқан өзгерістердің ауқымын алып қарасақ, біз­дің компанияның Биллинг жү­йесін бірегей деп атауға негіз бар. Тұтынушыларға сапалы қыз­мет көрсету есебінен, сон­­дай-ақ өзара есептесу про­цеду­раларының жеделдігі мен ашық­тығы есебінен Компания қыз­метінің тиімділігі әлдеқайда артты.

Біз бұл жүйе ішіндегі үш шағын жүйенің, атап айтсақ ке­лісімшарттарды басқару, есеп және қаржы жүйелерінің жұ­мысына сараптама жүргіздік. Жаңа жүйеде келісімшарттардың реестірі жасалды, оған 2018-2019 жылдардағы 2 мыңнан аса (келісімшарт, қосымша келі­сімдер, келісімшарттардың қо­сым­шалары) жазба енді. Ал есеп пен баланстардың мәлі­меттері негізінде 2019 жылдан бастап тұтынушыларға төлем жасау үшін 7 мыңнан аса элек­тронды құжат берілді. Жаңа жүйені енгізудің негізгі пай­да­сының бірі – Компания тұтыну­шы­ларының көрсетілген қызмет са­па­сына қанағаттану деңгейі өсті.

KEGOC тұтынушылары компания жұмысындағы жа­ғымды өзгерістерді, атап айт­сақ мәліметтерді өңдеу уақы­ты азайғанын, бүкіл қажетті ақ­параттарды, соның ішінде, төлем құжаттарын бір орталық­тан алу мүмкіндігі пайда болғанын айтады. Бұдан өзге, тұтынушының жеке кабинеті арқылы, яғни, энергия нарығындағы 300-ге жуық субъект келісімшарт­тар­дың жай-күйі мен статис­тика­лық ақпаратына, қаржы­лық құжаттарға қол жеткізіп, есеп­терді бақылай алады. Осылайша, KEGOC-пен өзара іс-әрекет орнатады. Осы­ның нә­тижесінде Биллинг жүйе­сін­дегі операциялардың көбі бір тетік арқылы шешіледі, ком­пания ішінде, филиалдар ішінде құжаттарды келісу автоматты түрде жүзеге асады. Тұтынушыларға қатысты да осындай мүмкіндік бар. Сон­дықтан қазір біз мониторинг­теу мен есепке уақыт өлтір­мейті­ні­мізді айтпаса да түсінікті шығар деп ойлаймын. Ең бастысы, қазір қате жіберу тәуекелі барынша азайды.

– Биллинг жүйесін бұдан әрі дамытуға бола ма?

– Осы жылдың соңына де­йін көлемдерді сәйкестендіру акті­леріне, коммерциялық есеп құ­рыл­ғыларын сәйкестендіру акті­леріне электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қол қою тетігін енгізуді жоспарлап отырмыз. Яғни құжаттарға қағазда қол қойып, мөр басылмайды. Бұл жұмысымызды, әсіресе арнайы филиалдардағы қызметкерлердің жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді, сондай-ақ поштамен хат жіберуге кете­тін шығынды азайтады. Соны­мен қатар, келесі жылы электр қуаты нарығымен байланыс­ты қосымша құрамдас бөлікті ен­гізу арқылы жүйенің қызметін кеңей­ту жоспарланып отыр.

– Бақытжан Төлеуқажы­ұлы, әңгімеміздің негізгі та­қы­ры­бына орала отырып, елі­­мізде интеллектуалды энер­гия жүйесі қашан құ­ры­ла­ты­нын сұрағым келіп отыр?

– Интеллектуалды энергия жүйесін салу өте ауқымды мін­дет, ол айтарлықтай ресурстар­ды талап етеді. Дегенмен, ұзақ­мерзімді болашақта мемле­кеттік деңгейдегі тиісті шешім­дердің арқасында ол міндетті орындауға болады. Ол үшін еліміздің интеллектуалды энергетикасын дамыту туралы мемлекеттік тұжырымдаманы жазып, қабылдау керек. Бұл тұжырымдама әлемдегі озық тәжірибені ескеріп, интеллек­туалды энергия жүйесінің мақ­сатты архитектурасына негіз­делуі керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»