Қазақстан • 19 Желтоқсан, 2019

Түркиядағы «Qazaq eli»

681 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1991 жылдың 16 желтоқсаны күні Қазақ елінің тәуелсіздігін санаулы сағаттардың ішінде мойындаған Түркия рес­публикасы екені белгілі. Сон­дай-ақ әлем мемлекеттері арасында Қазақстанда өз елшілігін алғашқылардың бірі болып ашқан да Түркия. Содан бергі аралықта екі мемлекет арасындағы туыс­тық және достық пен әріп­тестік аясындағы қарым-қа­тынас тереңдей түсуде. Со­ның бірі – жоғары білім беру саласындағы байланыстар.

Түркиядағы «Qazaq eli»

Осы орайда Қ.Жұбанов атын­дағы Ақтөбе өңірлік мем­лекеттік университеті мен Түркияның жоғары оқу орындары арасындағы қарым-қатынастардың аясы мей­лінше кең екенін айтқан жөн. Оның ауқымы жоғары білім берудің тиімділігін көтеру, ғылыми-зерттеу қызметінің деңгейін өсіру, студенттер мен магистранттардың академиялық ұтқырлығын кеңейту және қос мамандық беру секілді ба­йыпты бағдарламаларды қамтиды. Бұл бағытта Қазақстандағы өңірлік жоғары оқу орны Түркияның 12 университетімен өзара ынты­мақ­тастық жөнінде келісім ор­нықтырды.

Әсіресе қазіргі күні екі ел ара­­сындағы түрколог ғалымдар бір­лесіп әзірлеген компьютерлік-лингвистикалық жобалардың берері мол екені белгілі болып отыр. Сүбелі еңбектер латын әліп­биіне негізделген. Сондай-ақ жаңа форматтағы қазақша-түрікше оқу­лықтар да студенттердің се­німді серігіне айналып келеді. Ла­­тын қарпіне арқа сүйейтін IT- бағдарламалардың қолданыс аясы да күннен-күнге арта түсуде. Оның бүгінгі беталысы инновациялық сипаттағы зерттеулерге жол ашады, – деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік уни­верситетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков.

Отандық өңірлік және шетелдік жоғары оқу орындары арасындағы дәнекерліктің оң мысалдары аз емес. Соның бірі Қ.Жұбанов пен Кастамону университеттері ұжым­дары бірлесіп түндігін түрген «Qazaq eli» атты қазақ тілі мен мәдениеті орталығы. Осы арада айта кетерлік мәселе, Түркиядағы Кастамону университеті Қ.Жұбанов университетіне магистратура мен білім беру бағдарламасы бойынша бірлескен оқу жоспарын ұсынғаны.

Түркиялық профессор Орхан Сөйлемездің Ақтөбеде өткіз­ген дәрістері мен сабақтары тың­дау­шылардың ыстық ықыласын туғызды. Әсіресе оларға қазақ әде­биеті нұсқаларының түрік тіліндегі аудармалары жөніндегі дә­рістер айрықша әсер қалдырған. Бұл жайт Түркиядағы «Qazaq eli» ор­талығының ашылу рәсімі кезінде ортақ әңгіменің тамызығына айналды. Өз кезегінде Қ.Жұбанов университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бағила Мұратбектің түркиялық студенттер алдында «Qazaq tili gramati­kasy» оқулығының тұсауын кескені де орталық қызметінің мазмұнын тереңдете түсті.

Кастамону университетінің ректоры, профессор Сейит Айдын­ның бұл бағыттағы ой-пікірі тө­мендегідей болып шықты:

– «Qazaq eli» орталығы – білім мен ғылым саласындағы қазақ-түрік ынтымақтастығының  жарқын көрінісі. Түрік елінде қазақ тілі мен мәдениетін үлгі тұтудың таптырмас үлгісі. Осы арқылы тұтастай Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты мәселелерді де түгендеп алуға болады. Әрине түптей келгенде бәрінің бастауы екі мемлекет арасындағы достық пен өзара түсіністік болып қала береді. Қазіргі жағдайда оның алтын көпірі «Qazaq eli» болып отырғаны –бәріміз үшін зор мәртебе.

 

АҚТӨБЕ – КАСТАМОНУ – АҚТӨБЕ