Оқу орнымыздағы өрелі өзгерістер көп ретте жаратылыстану ғылымдарын қамтығанын, атап айтқанда теориялық және эксперименттік физика, химиялық және биологиялық зерттеулер саласында жүзеге асырылғанын атап өтуіміз керек. Бұл кезеңде көрнекті математиктер мен физиктер, инженерлер конструкторлық-жобалық бюроларға, ғылыми-зерттеу институттарына, жоғары оқу орындарына орала бастаған-тын.
Кеңестер Одағының Ғылым Академиясы жаңадан Сібір бөлімшесі мен Новосібір университетін ашып, талантты жас ғалымдар легін тәрбиелеуге, жаңа ғылыми бағыттарды қалыптастыруға кірісті. Осы Новосібір университетіне одақтас республикалардан қатарының алды болған озат студенттер шақырылып, олар негізін салған қуатты толқын әлемдік ғылым көгінде жарқырап көрінді. Осы лектің көшбасшысы болған тума таланттардың бірі Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымының докторы, профессор Фазылхан Бәйімбетов еді. Фазылхан Бәйімбетовтің өмірбаянымен танысқан кісінің оның туабітті дарынына, еңбекқорлығына, болған іске болаттай беріктігіне, алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын қайсарлығына таңданбай қоймайды. Новосібір университетіндегі атағы жер жарған М.А.Лаврентьев, С.Л.Соболев, В.Л.Канторович, Р.З.Сагдеев, А.В.Бицадзе сияқты әлемдік деңгейдегі ғалымдардың дуалы ауыздарына іліну үшін табиғи қабілет аздық ететіні рас. Және осы ұлылардың сенімін ақтап, оның өзі де әлем мойындаған зерттеуші қатарына қосылды, мұны академик Төлеген Қожамқұловша «Бәйімбетов феномені» деп атамасқа шарамыз жоқ.
Осы «Бәйімбетов феноменінде» Фазылхан туған жері Торғай өңірінің алатын орны ерекше, ол ғалымның адамгершілік, азаматтық болмысының қалыптасуында үлкен орын иеленеді. Расында да, ел-жұртына имандылық пен білім нұрын шашқан ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринді, Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы, азаттық қозғалысының туын тіккен Амангелді Иманов пен Әліби Жангелдинді өмірге әкелген Торғайда туып-өскен Фазекең орыс тілін жедел игеріп, терең білімімен ұстаздарының ілтипатына бөленді. «Ешкімнен кем болмауға тиістімін деген намысқа негізделген еңбектің және қалай талпынып жүргенімді бағалаған оқытушыларымның арқасында Новосібір университетінің тарихында бірінші Лениндік стипендиат болдым», деп жазған еді Фазекең өмірбаяндық еңбегінде.
Бәйімбетов – әлемдік деңгейдегі қазақcтандық физика плазмасы мектебін қалыптастырған аса көрнекті физик-теоретик ғалым. Оның осы бағыттағы жұмыстарының нәтижелері «Идеалды емес физикадағы математикалық модельдеу» және «Жоғары температуралы тығыз плазманың псевдопотенциалдық теориясы» атты монографиялары мен алыс және шетелдердің ғылыми журналдарында жарық көрген 500-ден аса мақалаларында баяндалады. Плазма физикасы саласында білікті мамандар даярлау үшін Фазылхан Бәйімбетов оптика және плазма физикасы кафедрасын ашып, оны 20 жылдай басқарды. Осы уақыт ішінде кафедра жетістіктері бойынша факультетте алдыңғы қатарға шықты. Көптеген мамандар, соның ішінде ғылым докторлары мен кандидаттары дайындалды. Негізгі пәндерден дәрісті ғалымның өзі оқыды. Қазіргі таңда бұл кафедра университеттегі ең үздік кафедралардың бірі, болашақта біздің ұлттық университетіміздің іргелі негізі нақ осындай кафедралар болады.
Фазылхан Бәйімбетовтің ғалым және педагог ретінде қалыптасуы екі университетпен – оның өзі білім алған Новосібір университетімен және соңғы 38 жыл бойы жұмыс істеген, доценттен профессорға, кафедра меңгерушісіне және екі мәрте проректорлыққа дейінгі жолдан өткен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен тығыз байланысты. Бүгінде 10 ғылым докторының және 60-тай ғылым кандидаттары мен философия докторларының басын қосатын академик Ф.Бәйімбетовтің плазма физикасы бойынша ғылыми мектебі осы проблемамен айналысып жүрген ғалымдар қауымдастығының әуелден-ақ әлемдік бренді болды.
Академик Бәйімбетовтің ең басты сіңірген еңбегі – әлемдік ауқымдағы ғалым бола отырып, ол жоғарыда атап өткеніміздей Қазақстанда физика плазмасы бойынша бүкіл әлем мойындаған ғылыми мектеп құрды. АҚШ-тың, Германияның, Францияның, Жапонияның және Кореяның түрлі университеттері мен ғылыми институттарында академик Бәйімбетов ұсынған теңдеулер мен модельдердің негізінде жүйелі зерттеулер жүргізіп жатқан тұтас бір ғылыми топтар бар. «Бәйімбетов теңдеуі», «Бәйімбетов потенциалдары» сияқты ұғымдар ғылыми қауымдастық тілінде берік орнығып, әлемдік жетекші ғылыми орталықтар ғалымдарының ғылыми мақалаларындағы үйреншікті тіркестерге айналды. Мәселен, академик Бәйімбетовтің және оның шәкірттерінің ғылыми мақалаларына әлемдік агенттіктер деректері бойынша төрт мыңнан астам сілтеме жасалған. Егер жалпы алғанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарына бүгінгі таңда он екі мыңнан астам сілтеме жасалғанын ескерсек, университеттің әрбір үшінші жоғары рейтингті мақаласы академик Ф. Бәйімбетов ғылыми мектебінің үлесіне тиеді. Бұл – Қазақстандағы ең жоғары көрсеткіш. 2015 жылы академик Т.Рамазанов бастаған Фазылхан ағамыздың шәкірттерінің ғылым мен техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығын алуы да осының айғағы болып табылады.
Осы орайда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, академик Кенжеғали Сағадиев жерлес інісі Фазылханға арнап былай деп жазған болатын: «Әр адамның өз өмірінде өзі салған ізі бар. Сенің ізің көпшілікке, әсіресе өскелең ұрпаққа тәлім боларлықтай. Сауаты шамалы, кедей еліміздің ең бір алыс ауылындағы отбасында туып, ғылымның өте бір маңызды саласының туын көтеріп, оған қолбасшылық еткенің және осы ұзақ жолды табандылықпен жүріп өткенің басқаға үлгі боларлық емес пе!». Иә, ғалымның өмірдегі мақсаткерлігі бірегей ғылыми бағыттың іргетасын қалауына себепкер болды.
Фазылхан Бәйімбетов Алаш арыстарының жолын жалғастырып, қазақ тілінде физика пәні бойынша оқулықтар, ғылыми-танымдық мақалалар жазған. Оның «Плазма-табиғаттың «ерке қызы» және «Плазма және оның практикада қолданылуы туралы» атты мақалалары оқытушылар мен студенттерге кеңінен танымал. «Физиктер мен лириктер» заманыда есейген ол өз ойларын қара сөзбен де, өлеңмен де өрнектеген.
Ұрпақ тәрбиесінде үлгі мен өнегенің орны ерекше. «Ағаға қарап іні өсер» дейді халық даналығы. Ғылымда, қоғам тірлігінде ұлағатты тірлік тындырып, артына айшықты із қалдырған қайраткер ғалымның өшпес өнегесі бүгінде білім қуған жастардың заманауи бітім-болмысын қалыптастырудың өзегіне айналып отыр. Университетіміздің физика-техникалық факультетінде академик Бәйімбетовке арналып дәрісхана ашылған. Оқу ордамыздағы «Өнегелі өмір» сериясымен шығып келе жатқан, ұлттық өркениет дарабоздарына арналған ғұмырбаяндық кітаптардың 39-шы шығарылымы Фазылхан Бәйімбетовке арналған. Аталған кітап талапты жастардың іздеп жүріп оқитын туындысына айналды.
Біртуар тұлға Фазылхан Бәйімбетовтің өмірі мен ғылыми-педагогтық қызметі өз Отанына, халқына, туған жеріне қалтқысыз қызмет ету үлгісі болып табылады. Өз өмірін мәнді де мағыналы тірлікке арнап, ғылым мен өнерде, ұрпақ тәрбиесінде, кәсіпкерлікте нақты нәтижеге жетуді ойластырып жүрген қазіргі жастар үшін академик Бәйімбетов өмірінен алатын ғибрат пен тәлім-тәрбие мол.
Ғалымқайыр Мұтанов,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик