Чехияның «Клементинум» Ұлттық кітапханасында Қазақстанның Чехиядағы елшілігінің және Қазақстанның Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен екі кітапхана басшылығының кездесуі ұйымдастырылып, оған елшілік қызметкерлері де қатысты.
Кездесу аясында екі ел кітапханаларының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қайта қол қойылды. Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар алдағы 2020 жылы Чехияның Ұлттық кітапханасында ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған мәдени-ақпараттық орталық ашу туралы уағдаласты. Аталған әдеби орталыққа қазақ ақынының еңбектері, ұлы данышпан өмірінің түрлі кезеңдерін бейнелейтін картиналар қойылып, сайт құрылады және осы орталықтың қызметі туралы кең көлемді ақпарат қамтылған бюллетень орналастырылады.
Бұл чех жұртшылығына қазақтың мәдениеті мен әдебиетін кеңінен танып-білуге мүмкіндік беріп қана қоймай, жазушылардың, мәдениет, білім және ғылым салаларындағы қоғам қайраткерлерінің шығармашылық кездесулері үшін арнайы алаңқай болмақ.