Моңғолияда өтіп жатқан кадеттер арасында грек-рим күресінен Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде қазақстандық балуандар бес медальға ие болды.
Онда алғашқы күні 50 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Айдос Сұлтанғали мен 69 килоға дейінгі салмақта күрескен Темірлан Шадуқаев чемпион атанды. Алғашқысы финалда өзбекстандық Камариндин Зауриндиновті тізе бүктіріп, Шадуқаев барлық үш кездесуде де қарсыласына ұпай ұстатқан жоқ. Ол бірінші белдесуде Минг-Лианг Вангты (Тайпей), одан кейін Манджит Далал (Үндістан) мен Кейван Ризаи Далиниді (Иран) ұтты.
Чемпионатта Зелимхан Усманов (42 килоға дейін) пен Елнұр Мұхамеджан (54 килоға дейін) күміс жүлдегерлер атанды. Азамат Бисенғалиев (46 килоға дейін) қола жүлдеге ие болды.