27 Наурыз, 2010

ЛҮПІЛДЕГЕН ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҮРЕКТЕР

621 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ата-жұртынан алыста жүрген бауырларымыздың ұл-қыздарын тәуелсіз мемлекетіміздің бүгінгі жетістіктерімен таныстырып, кемелді болашағын көрсету мақ­сатында, сонымен қатар жастардың ата-бабалары бір замандары өмір сүрген мекенін таныстыру ниетінде осыдан жеті жыл бұрын “Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім” атты халықаралық олим­пия­да жеті жылдан бері үздіксіз өткі­зіліп келеді. Бұл шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетел­дердегі қандастарды қолдау жөніндегі 1998 жылғы Өкіміне байланысты жүзеге асырылып келе жатыр. Биылғы олимпияда киелі Жайық өңіріндегі Орал қаласында кеше өз жұмысын бастады. Облыс­тық драма театрының ғимаратында өткен алғашқы дидарласу кезінде жер ана келбетіндегі ана – қазақ­тың арғы-бергі тарихын жыр ті­лінде айта келіп, сахна төріне Күл­те­гін, Тоныкөк, Тұмар ханым, Сы­рым батыр секілді алыптарды шы­ғарып, аталы сөздерін айтқызды. Бұдан кейін төрткүл дүниенің бұрыш-бұрышынан келген ұл-қыздарды, нақтылай түссек Қытай, Франция, Монғолия, Ресей, Өзбек­стан, Қырғызстан т.б. мемлекет­терден келген оқушыларды облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Ноғаев құттықтап, елім, жерім деп келген жас ұрпақтың осы ата-жұртым деген ілтипатының ас­тарында үлкен жеңістің жатқанын тілге тиек етті. Ал Білім және ғы­лым министрлігіне қарасты “Дарын” орталығының директоры Т.Битуова жеті жыл ішінде жүздеген жастардың отанына келіп жоғарғы оқу орындарына түскенін, олардың алды қазір қызмет етіп жүргенін жеткізсе қазылар алқасының тө­раға­сы, академик Өмірзақ Айт­баев игілікті шараға ұйтқы болған облыстың азаматтарына шын ниеттен алғысын білдірді . Салтанатты рәсім үстінде қаладағы мектеп оқушылары әзір­леген ән-күй алма-кезек сахна төрінен көрініс тауып, жиылған жұрттың ерекше ілтипатына ие болды. Ендігі жерде шетелден кел­ген алпыстан аса оқушылардың жүзден жүйрік шыққандарға Білім және ғылым министрлігінің арнайы гранты тапсырылатын болады. Темір ҚҰСАЙЫН.