Қоғам • 20 Желтоқсан, 2019

Хат қоржын (20.12.19)

5572 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Хат қоржын (20.12.19)

...үн қосады

Менің Туым, менің Отаным

Nur Otan партиясы Мемлекеттік Туды кеңінен насихаттау және қазақстандық жастар арасында патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында «Менің Туым, менің Отаным!» патриоттық акциясын қолға алған болатын.

Партияның аудандық филиалы мен Маңғыстау аудандық жас­тар ресурстық орталығы бірлесіп аудан орталығындағы «Азамат» спорт кешенінде, Шоқыр Бөлтекұлы атындағы спорт кешенінде, Маңғыстау техникалық колледжінде, Шебір ауылында аталған акцияны өткізді. Мұнда сөз алған Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айбарша Асамадинқызы «Мем­лекеттік рәміздер – мемлекеттің қоғамдық санасын және оң имиджін қалыптастыруға әсер ететін негізгі идеология көзі» екеніне тоқталды.

Аудандағы тұрақты өткізілетін түрлі шаралар мен акциялардың, қоғамдық маңызы бар шаралардың ұйымдастырушысы «Маңғыстау аудандық жастар ресурстық орталығының» басшысы, аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Аллаберген Қонарбаев үлкен саяси маңызға ие бұл шара – әрбір қазақстандықты асқан патриоттық сезімге бөлейтінін айтты.

Шараға қатысқан самбодан Әлем чемпионы Әлібек Жеңісов спортшылар жеңістерінің арқасында Олимпия ойындары мен әлемдік додаларда бейбіт өлкенің Көк байрағы көк аспанда желбіреп, кеудеде мақтаныш сезімін ұялататынын атап өтті.

 

Элеонора БИГЕЛДІҚЫЗЫ,

аудандық «Еріктілер корпусының» жетекшісі

 

Маңғыстау облысы,

Маңғыстау ауданы

 

...жаңалығын жеткізеді

Жаңа мектеп пайдалануға берілді

Түркістан облысының Кентау қаласына қарасты Ақын-тұма елді мекенінде жаңа мектеп пайдалануға берілді. Шалғай ауылдың оқушылары екінші тоқсанды жаңа білім ұясында оқып жатыр.

Осы уақытқа дейін аталған елді мекенде бір қабатты бастауы­ш мектебі ғана болған. Ал жоғары сынып оқушылары ауылдың ор­талығына қатынап білім алып келген. Енді мұндай қиындықтар артта қалды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, ауылда 300 орындық жаңа мектеп бой көтерді. Ақын-тұма атындағы білім ошағын салу жұмыстары өткен жылы басталып, ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталды. Жалпы аумағы 6949 шаршы метрді құрайды. Енді ауыл балалары заман талабына сай білім алатын болды.

Айта кетейік, заманауи үлгіде салынған ғимаратта күнделікті сабақтарға қажетті құрал-жабдықтармен қатар, зертханалық, пән кабинеттері бар. Спорт зал мен асханасы да қарастырылған.

 

Айнұр АҚБАЕВА

Түркістан облысы

 

...әсерімен бөліседі

Біз – оқитын өңірдің тұрғындарымыз

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде «Оқитын өлке» акциясы аясында Сарышолақ Боранбайұлының «Тілеуқабақ» әнінің шығу тарихы жайында «Әннің сөзі – тарихтың өзі» атты әдеби-музыкалық кеш өткізілді. Қазіргі кезде ақын-жазушыларымызды еске алып, есімдерін жаңғыртып жүрміз. «Оқитын өлке» акциясы 2011 жылдан бастап Ақтөбе өңірінде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Акция аясында өткізілген шараның басты мақсаты – көпшілік көп біле бермейтін, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы, ХХ ғасырдың басында Ақтөбе өңірінде өмір сүрген ақындар ішіндегі ең көрнектісі – Сарышолақ Боранбайұлының шығармаларын насихаттау, қалың көпшілікке таныстыру болып табылады. Сарышолақ жас кезінен өнерге әуес болған, әртүрлі аспаптарда ойнаумен бірге ән де салған, арабша оқып хат таныған. Ауызша деректерге қарағанда, жыршы Сарышолақ – кедей, тілі өткір, сөзі мірдей, айтысқан адамын жеңбей тынбайтын адам болған. Оның жыр жолдары мен өткір сөздері халық арасында кең тарап, елді сүйсінткен екен. Ұйымдастырылған кеште Сарышолақ Боранбайұлын насихаттаушы, зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұбаназар Асанов өз зерттеу еңбектеріне сүйеніп, көптеген жаңа мәліметке қанық қылды. Сонымен қатар ақындар Нұрлыбек Қалауов пен Талғат Тілеулес жерлес жыршы, композитор туралы көптеген деректеме келтіріп, әңгіме өрбітті. Алдағы уақытта «Оқитын өлке» акциясы аясында іс-шаралар жасалып, жастарымыз көптеген мәлімет алады деген ойдамыз.

 

Шырайлым ҚҰДАСОВА,

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері

Ақтөбе

 

 ...сақтандырады

Сенімге селкеу түспесе екен...

Университет қабырғасында жүріп танысқан бір құрбым бар. Соңғы кездері тым жақын араласа қоймасақ та көп қуанышын «инстаграмнан» бақылап, бірге қызықтап отырамын. Ақылын көп жағдайда эмоция билесе де, өзі сондай жақсы қыз. Осыдан бір-екі жыл бұрын бір жігітпен ұзақ кездесті. «Инстаграмы» соның фотосына толды. Содан күндердің бір күнінде сол жігіт бейнеленген фотолардың барлығы жоқ болды. Айтпаса да белгілі жағдайдың орын алғаны түсінікті. Бірақ әдемі қыздар ұзақ жалғызсырамаса керек. Көп ұзамай құрбымның тағы бір сымбатты жігітпен түскен фотолары біртіндеп шыға бастады. Тағы уақыт өтті. Екінші жігітті үшінші жігіт алмастырды. Сөйтіп құрбымның тірлігі баяғыда естіген бір анекдотты есіме түсірді. «Бір келіншек 10-шы рет күйеуге шыққалы тұрып, құрбыларына айтады екен: «Өстіп-өстіп, бұзылып кететін түрім бар», – деп. Біз, әрине, шексіз сүйеміз. Тіпті сол адаммен бірге шаңырақ көтеріп, бірге қартаятынымызға дейін сенімдіміз. Бірақ біздегі сенім жігіттің ойындағы жоспарымен сай боларына кім кепіл?! Жақсы қыздар жүз жігітпен жүрмейді. Түсінген адамға бұдан артық айтарым жоқ.

 

Клара ЕРМАҒАМБЕТОВА