Жиында сөз алған Президент кеңесшісі Ерлан Қарин алғашқы Ұлттық қоғамдық кеңес отырысынан кейінгі аралықта орындалған жұмыстар жайында айтты.
- Ең алдымен Ұлттық қоғамдық кеңес мүшелерінің барлық айтылған ұсыныстары жинақталды. Жоспарға енгізілді. Осы уақыт аралығында белсенді түрде жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, негізгі жұмыс 3 бағытта ұйымдастырылды. Біріншіден, Президент Әкімшілігінің басшысы, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары деңгейінде және Премьер-Министрдің орынбасары деңгейінде жұмыс жиналыстары өтті. Ол жиналыстарда Ұлттық қоғамдық кеңес мүшелері мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері қатысып, қажетті экономикалық және әлеуметтік, мәдени салаларда ұсынылған реформалар аясындағы жекелеген сұрақтарды қарады. Берілген мерзім шегінде жалпы жоғары деңгейде Ақорда мен Үкімет үйінде 18 жұмыс жиналысы мен түрлі талқылаулар ұйымдастырылды, - деді Ерлан Қарин.
Кеңестің негізгі мақсаты – жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен мемлекеттік саясатқа қатысты өзекті, маңызды мәселелер бойынша бастамаларды, ұсыныстарды тұжырымдау. Ал мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу, азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды қарау, сындарлы диалогты қамтамасыз ету – кеңестің негізгі міндеттері.
Шараға Кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысып жатыр.