27 Наурыз, 2010

ЕЛОРДАДАҒЫ МӘУЛІТ КЕШІ

765 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Наурыз мейрамының алдында “Нұр Астана” орталық мешітінің ұйытқы болуымен Елордамыздағы Конгресс-холл сарайында мәуліт рәсімі жоғары деңгейде аталып өтті. Көрермендер залы халыққа лық толып, орын жетпегендері аяқтарынан тік тұрды. Ал залға сыймағандары кешті фойеге орнатылған экран арқылы тамашалады. “Астана” медресесінің ұстазы Сәдуақас қари Олжабаев Құран оқып, іс-шараның шымылдығын ашқаннан кейін жүргізушілер Зейін Әліпбек пен Медет Шәйкелов алғашқы құттықтау сөзді Қазақстан мұ­сылмандары діни басқар­масының наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Қалижан қажы Байырбекұлына берді. Ол жиналған жамағатқа мәуліт жа­йында кеңінен мәлімет беріп, пай­ғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі ғұмыр жолына, ислам дінінің адамзатты имандылыққа бастайтын құндылықтарына тоқтала келе, елорда халқын алдағы Наурыз мерекесімен құттықтады. Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасы пайғамбарымыз Мұ­хаммедтің (с.ғ.с.) өнегелі өмір жо­лына қатысты мектеп оқушылары мен студент жастар арасында шы­ғарма бәйгесін жариялаған бо­латын. Осы мәуліт кеші барысында Астана қаласы бойынша шығарма бәйгесінен жүлделі орындарға іліккен жастарға сыйлықтар та­бысталды. Бір қуаныштысы, сту­денттер арасындағы бас жүлденің иегері Сандуғаш Оразбаева тек Астана қаласы бойынша емес, республика көлемінде де бірінші орынды жеңіп алды. Мәуліт кешінің басты ерек­шелігі – пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту. Бұл әрбір мұсыл­манның негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Сахнадағы салауатты “Нұр Астана” мешітінің қызметкерлерімен бірге 63 медресе шәкірті де оқыды. Ал бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатқан елордалық мәуліттің респуб­ли­ка­мыздың өзге өңірлеріне қара­ған­дағы бір ерекшелігі – театр­лан­дырылған көріністің қойылуы. Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртістері “Рим билеушісі Һирақл­дың исламды мойындауы” атты мағыналы да мәнді көрініс қойып, жиналған көпшілікті бір тебірентті. Айтыс өнері – адамның көңілін көтеріп қана қоймай, санаға са­ли­қалы ой салатын ұлттық құн­ды­лық­тарымыздың бірі. Осыны ескерген астаналық имамдар был­тырдан бері айтыс өнерін мәуліт бағдар­ла­ма­сына енгізіп келеді. Биыл жас ақын­дар Жақ­сылық Ор­ын­басар мен Ербол Жанат өзара ай­тысты. Со­­нымен бірге, кеш ба­рысында елі­мізге танымал болып үл­герген зағип балалардан тұратын “Сәт” триосы екі ән шырқап, қа­зақ­тың дәс­түрлі жыр-термелері орын­да­лып, жас ақындар өлеңдерін оқыды. “Нұр Астана” мешітінің тап­сырмасымен мәуліт кешінің ән­ұранының жазылуы – бұл жылғы мәуліттің басты жаңалығы болғаны анық. “Ақиқат нұры” деп аталатын мәуліт әнұранының сөзін ақын Се­рікзат Дүйсенғазин, әуенін белгілі сазгер Ермұрат Үсенов жазған. Кештің соңында әншілер Марат Омаров, Жанқалдыбек Төленбаев, Медет Шәйкелов, Арман Ғаб­дул­лин мәуліт әнұранын шыр­қады. Енді алдағы жылдары да мәуліт кешінде осы әнұранды орындау дәстүрге енгізілмек. Кеш соңында сөз алған бас имам Қалижан қажы Байырбекұлы Заңқоев бұл мәуліттің өте жоғары дең­гейде ұйымдастырылғанын ай­тып өтіп, осы істің басы-қасында жүр­ген дін қызметкерлеріне, қол­ғабыс тигізген адамдарға рахметін жеткізді. Ескендір ЕРҒАЛИҰЛЫ. Астана.