Қазақстан • 20 Желтоқсан, 2019

Т.Қалиев: Жала жабу туралы баптың декриминализациялануы журналистерді жігерлендіре түседі

343 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Талғат Қалиев кеңес отырысының нәтижелеріне қатысты пікір білдірді.

Т.Қалиев: Жала жабу туралы баптың декриминализациялануы журналистерді жігерлендіре түседі

- Жұмыс топтарының отырыстарында жасалған ұсыныстардың көпшілігі қолдау тапты деуге болады. Осы уақытқа дейін мемлекеттік органдармен және Президент Әкімшілігінің басшылығымен бірнеше кездесу өткен болатын. Онда алдыңғы отырыстардың ұсыныстары кеңінен талқыланып отырды. Саяси модернизациялау тобының бірнеше нәтижесін атап өтуге болады. Соның бірі – митингілер туралы хабарлау жүйесіне көшу. Бұл өте маңызды қадам деп есептеймін. Сондай-ақ саяси партиялардың мүшелерін тіркеу 40 мыңнан 20 мыңға дейін қысқартылатыны қуантады. 20 мың адамды 17 облысқа бөлгенде әр облысқа 1176 адам керек деген сөз. Бір облысқа 1000 адам көп емес деп ойлаймын. Әр ауданнан 100 адам жиналса, партия құруға болады. Ал енді ол халықтық партия болу үшін шынында да әр облыста кем дегенде 1000 адам болуы керек. Бұл бастама арқылы саяси мәдениет қалыптасады деп ойлаймын, - деді Талғат Қалиев.

Сонымен қатар ол Парламенттік оппозиция институты жайында пікір білдірді.

- Оппозициялық партиялардың өкілдері Мәжілістегі комитеттерді басқаруы – үлкен жетістік. Өйткені Мәжілістегі комитеттің басшысы лауазымы қарапайым депутаттық мандаттан гөрі кез келген партия үшін едәуір жол ашып тұр. Сөзсіз, мұндай жағдайда Парламент пікірталасқа бейім әрі батыл болуы тиіс. Өйткені бұл жағдайда партиялардың ресурстары көбейеді, - деді ол.

Сондай-ақ  Т.Қалиев Президенттің жала жабу туралы бапты декриминализациялауға қатысты шешімін сөз етті.

- Жала жабу туралы баптың декриминализациялануы отандық журналистерді жігерлендіре түседі. Қылмыстық кодекстің 130-бабын декриминализациялау және оны Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл қадам журналистерге сөз бостандығына жол ашады. Ашық жазуға жүрексінетін журналистер енді еркін ақпарат беретін болады, - деді Талғат Қалиев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.