Каир сотының шешімімен Мухаммед Мурси 15 тәулікке қамалды. Оған тыңшылық жасады, ХАМАС қозғалысымен байланыста болды деген айып тағылып отыр. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Ел басқару қызметінен шеттетілген экс-президент қызы Шайма Мурси әкесіне тағылған айыптардың негізсіз екенін алға тартып, сотқа шағым түсіретінін мәлім етті. «Біз әкемізге тағылған айыптарды жоққа шығарамыз. Оны тақтан тайдыру үшін әдейі әскери төңкеріс жасалды», - дейді ол.
Әзірге Мысыр елін Әдли Мансур басқарып отыр. Ол жақын арада Парламенттің жоғары палатасын тарататынын атап өтті. Осы арқылы Конституция жарғысын қабылдауға бекініпті.
Кейбір ақпарат көздеріндегі дерекке жүгінсек, Мухаммед Мурси қамалғаннан кейін, «Мұсылман бауырлар» қозғалысының 300 белсенді мүшесін қамауға шешім шығарылған көрінеді. Бірақ, олардың барлығы болмаса да, Мухаммед Бади мен оның екі орынбасары қолға түскен.
Данияр Түймебай.