Үстіміздегі жылдың ақпан айында Санкт-Петербург қаласында жоғалған Ресей әртісі Алексей Осиповтың өлі денесі 19 шілде күні Кронштадт қаласының маңындағы Фин шығанағының айдынында табылды. Бұл туралы «Московский комсомолец» газеті жазды.
Бірақ А. Осиповтың туыстары бұл мәліметке сенуден бас тартып отыр. Мәселен, актердің бауыры Иван Осипов полицияның жеке мәліметіне күмән келтіреді. «Біз істі жүргізіп жатқан тергеушімен үнемі хабарласып тұрмыз. Алексей табылған жағдайда ол бізге хабар беретін еді», – деп мәлімдеді Иван.
Енді айлақтан мүрдесі табылған азаматтың жеке тұлғасын анықтау үшін оған ДНК сараптамасын жүргізу қажет.
Бір айтатын жайт, 38 жасар әртіс биылғы ақпан айында із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. Бұл жайында оның құрбысы Ольга сол кезде полицияға шағым айтып келді. Сол күні актер осы қызбен Фин шығанағы ауданына серуендеп жүрген екен. Ол кенет мұздың бетімен біраз жүріп қайтпақ болады. Ал Ольга онымен ермей, жағалауда қалып қояды. Алайда, Алексей сол кеткеннен жағалауға қайта оралмайды. Оны күте-күте шаршаған қыз сосын құқық қорғау органдарына жүгінеді. Кейіннен анықталғандай, сол күні айдынның әртіс жоғалып кеткен ауданында мұздың жарылып, сеңнің жүруі орын алған көрінеді.
Біз сөз етіп отырған Алексей Осипов 1975 жылғы 18 ақпанда Ленинград қаласында өмірге келген. Санкт-Петербург театр өнері мемлекеттік академиясының әртістер даярлайтын факультетін бітірген. Ол кинодан 2001 жылдан көрені бастады. Осы аралықтан бері Алексей «Байғұс Настя», «Дүкеннен шыққан екеу», «Жақұтты Барон», «Бұзақылар Петербургі», «Тергеу құпиясы», «Тасжарған» секілді бірқатар телесериалдарда ойнап, көрермендерге танымал болды.
Айдар Өрісбаев.