Қытайда өткен «Мастерс» турниріндегі сәтсіздікке қарамастан, Қазақстанның ерлер құрамасы үшін биылғы маусым жаман аяқталған жоқ. Жылдың басты жарысы – Токиода өткен әлем чемпионатында Елдос Сметов қола медальды иеленді. Парсы шығанағында ұйымдастырылған Азия біріншілігінің ақтық сайысында Ерлан Серікжанов пен Елдос Жұмаханов 66 кило салмақ дәрежесінің бас жүлдесін өзара сарапқа салды. Нәтижесінде Ерлан алтын алса, Елдос күміспен күптелді. Ал Ғұсман Қырғызбаев пен Ислам Бозбаев қола медальды мойындарына ілді. Одан бөлек, Гранд Слэм, Гран-при секілді үздіксіз өтіп тұратын тағы басқа турнирлерден сан мәрте олжалы оралдық. Соның арқасында бүгінгі таңда бірқатар дзюдошымыз әлемдік рейтингте үздіктер санатына қосылды. Иә, дәп қазір біздер үшін ең маңызды мәселе осы. Өйткені мықтылар тізімінде алғашқы 18 орында тұрған балуандар бірден, еш «ың-шыңсыз» Олимпия ойындарының жолдамасына иелік етеді.
Осы орайда мына бір жайтты естен шығармаған жөн. Егер бір мемлекеттің бірнеше өкілі әлемдік рейтингтің алдыңғы легінен көрінсе, онда жолдама ең жоғары орынды иеленген бір ғана балуанға беріледі. Сонымен қатар әр құрлыққа жеке-жеке таратылатын лицензиялар тағы бар. Солардың 20-сы (10 ерлер,10 әйелдер) Азияға тиесілі. Бір сөзбен айтсақ, 2020 жылы Токиода алауы тұтанатын ғаламдық додада бақ сынау құрметіне бөлену үшін әлемдік рейтингте шамамен «ТОП-25» дзюдошының қатарынан көріну жеткілікті.
Қазіргі кезде Қазақстанның ерлер құрама командасының алты мүшесі «ТОП-25» балуаны санатында. Егер байрақты бәсекелер барысында жеті салмақ дәрежесі бойынша жүлделердің сарапқа салынатынын ескерсек, бұл жаман көрсеткіш емес. Әсіресе 60 кило салмақта өнер көрсететін жігіттеріміздің қарқыны қуантарлық. Қоржынында 5809 ұпай бар Елдос Сметов екінші орында келе жатса, 4340 ұпайды олжалаған Ғұсман Қырғызбаев сегізінші сатыға жайғасты. Әзірге отандық дзюдошыларымыз арасындағы ең жақсы нәтиже осы.
Бұл күндері 66 кило салмақта белдесетін Ерлан Серікжанов 11-орында тұр. Ол 3570 ұпайды еншілеуде. Елдос Жұмаханов 20-сатыға табан тіреді. Оның қоржынында 2543 ұпай бар. 90 кило салмақ дәрежесіндегі Ислам Бозбаев 14-орынды (3213 ұпай) иеленсе, 81 кило салмақтағы Дидар Хамза 24-сатыға (2282 ұпай) тұрақтады. Осы алты балуанды Жансай Смағұлов өкшелеп келеді. Әзірге ол 26-орында (2207 ұпай) тұр.
Өкінішке қарай, ауыр салмақтағы балуандарымыз халықаралық жарыстарда көңіл көншітерліктей өнер көрсете алмай жүр. Мәселен, 100 кило салмақтағы Айбек Серікбаев пен Виктор Демьяненко 953 ұпайға қол жеткізіп, 48 және 49-сатыларға жайғасса, +100 кило салмақтағы Ерасыл Қажыбаев 37-орынды (1347 ұпай) қанағат тұтуда. Алдағы жарыстарда намыстарын қамшыламаса, айтулы жігіттердің төртжылдықтың басты додасынан сырт қалу қаупі туындап тұр.
Ерлердің әлемдік рейтингіне көз жүгіртсек, Жапония құрамасының қарқыны күшті екенін аңғару еш қиын емес. Бүгінгі таңда Күншығыс елінің 12 өрені «ТОП-10» дзюдошының тізімінде. Грузияның алты қыраны және Голландияның бес балуаны мықтылар санатында. Бразилия, Моңғолия, Израильдің – төрт, Ресей, Әзербайжан, Канада, Түркия, Оңтүстік Кореяның – үш, Қазақстан мен Испанияның – екі, Өзбекстан, Тайпей, Италия, Молдова, Украина, Косово, Швейцария, Бельгия, Германия, Болгария, Сербия, Куба, Венгрия, Португалия, Ирландия және Чехияның – бір татами шебері жоғарыда аталған межеден көрінді.
Ал әлемдік рейтингтің көшбасшылары мыналар: 60 кило – Рюдзю Нагаяма (Жапония), 66 кило – Джуширо Маруямо (Жапония), 73 кило – Рустам Оруджев (Әзербайжан), 81 кило – Саги Муки (Израиль), 90 кило – Николоз Шеразадишвили (Испания), 100 кило – Михаэль Коррел (Голландия) және +100 кило – Лукаш Крпалек (Чехия).
Әйелдер жайында айтар болсақ, Қазақстан құрама команда мүшелері арасында 48 кило салмақтағы Отгонэцэг Галбадрах қана сенім үдесінен шығуда. Алайда оның өзі де соңғы кездері жиі сүрінуде. Бұл күндері Галбадрах әлемдік рейтингте 11-орында тұр. Ал өзге салмақ дәрежелеріндегі беткеұстар балуандарымыз мынадай сатыларға табан тіреді: Анна Казюлина (52 кило) – 54, Севара Нышанбаева (57 кило) – 35, Иоланта Бердібекова (63 кило) – 58, Мөлдір Нарынова (70 кило) – 67, Зарина Райфова (78 кило) – 41 және Гүлжан Исанова (+78 кило) – 46-орын. Егер алдағы уақытта өтетін бәсекелерде бұрымдылар қарқынын күрт күшейтпесе, онда Токио Олимпиадасында жалғыз ғана Отгонэцэг Галбадрахтың өнер көрсететіні анық.
Қазіргі кезде әйелдердің әлемдік рейтингінде мына дзюдошылар алдарына жан салмай келеді: 48 кило – Дария Белодид (Украина), 52 кило – Амандин Бюшар (Франция), 57 кило – Криста Дегучи (Канада), 63 кило – Кларисс Агбеньену (Франция), 70 кило – Мари-Ив Гайе (Франция), 78 кило – Маделина Малонга (Франция) және +78 кило – Идалис Ортис (Куба).