Руханият • 23 Желтоқсан, 2019

Ташкентте «Қазақстан - дала мен таулар рухы» көрмесі өтті

569 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақстан - дала мен таулар рухы» көрмесі Қазақстандағы кәсіби көркемөнер мектебінің дамуын 30-жылдардағы реалистік жүйеден бастап, 1990-2000 жылдардағы дәстүрлі, символдық және поэтикалық өнер түрлеріне дейін байқауға мүмкіндік береді.

Ташкентте «Қазақстан - дала мен таулар рухы» көрмесі өтті

Көрермендер әр түрлі суретшілердің туындыларын тамашалай алады. Ұлттық кескіндеме мектебінің негізін қалаған Қазақстанның алғашқы кәсіби суретшілері өздерінің талантын 1920-1930 жылдары көрсетті. Олардың шығармаларының негізгі тақырыптары - революциялық өзгерістер дәуірі, жаңа әлемнің қалыптасуы, халықтың тарихы. Экспозицияның негізгі бөлігінде аға буынға жататын суретшілердің жұмыстары қойылады. Әбілхан Қастеевтің «Алматының жаңа ғимараттары», «Медеу мұз айдыны»,  Әубәкір Исмаиловтың «Бес-Шатыр», Қанафия Телжановтың «Композитор С.Мұхамеджановтың портреті», Молдахмет Кенбаевтің «Алма-Ата маңындағы таулар», Ұлы Отан соғысы жылдарындағы көптеген әйгілі қазақ суретшілерінің алғашқы ұстазы - А.М. Черкасскийдің «Көкнәр» атты туындысы ұсынылған.

Экспозицияда музей қорында сонымен бірге көрнекті қазақстандық кескіндеме шеберлері Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Исмаилова, Салихитдин Айтбаев, Жанатай Шарденов, Сахи  Романов, Абдрашит Сыдыханов, Тоқболат Тоғысбаев, Қанафия Телжанов, Бахтияр Табиев, Арий Школьный, Асқар Есдаулет, сонымен қатар өзбек суретшілері Орал Тансықбаев , Бахтиёр Бабаев, Владимир Бурмакиннің туындылары қойылады. 

Сондай-ақ Айша Галимбаева мен Гүлфайрус Исмаилованың көпқырлы және әрдайым танылатын туындылары көрерменді қызықтыратын болады. Импровизация шабытының шыңында  сомдалған Жанатай Шәрденовтің пейзаждары немесе Абдрашит Сыдыхановтың кескіндеме белгілері көрерменге Қазақстандағы кескіндеме өнерінің тарихындағы жаңа, күтпеген құбылыстарды ашады.

«Қазақстан - дала мен таулар рухы» көрмесінде ұсынылған әр суретші мен олардың жұмыстары өзінің шығармашылық ерекшелігімен танымал деп  айтуға болады.