Жамбыл облысындағы “Дарын” мектеп-интернатының оқушысы Бауыржан Әубәкірдің ғылыми ізденісінің нәтижесінде еліміздегі “Nokіa” компаниясы ұялы телефондарының смартфоны қазақ тілінде “сөйлейтін” болады.
Бауыржан Әубәкір – жақында болып өткен оқушылар арасындағы республикалық ғылыми жарыстың жеңімпазы. Ғылыми жұмыстар бәсекесіне жіберілген 400-ден астам тақырыптың ішінен жамбылдық жасөспірімнің “Қазақ тілі мобильдік қондырғыда” деп аталатын жобасы өзінің маңыздылығымен ерекшеленді және ғалымдар мен білікті мамандар тарапынан өте жоғары баға алып, алтын медальмен марапатталды.
Жаңа жобаға “Nokіa” компаниясы басшылығы да назар аударып, жас талапқа фирманың Е-72 ұялы телефонын сыйлады. Сонымен бірге компания өкілдері жобаны өндіріске енгізудің техникалық мәселелерін де қарастырып отыр.
– Өткен жылы “Қазақстан Республикасындағы желісіз технология” тақырыбы бойынша жұмыс істеген болатынмын. Одан кейін осы жобаны қолға алдым. Өйкені бүгінде мемлекеттік тілдегі смартфондар жоқ. Үш айғы ізденіс өз нәтижесін берді, – дейді “Дарын” мектебінің оқушысы Бауыржан Әубәкір.
Б.Әубәкір информатика пәнінің мұғалімі Лаура Қыздарбекова, физика-математика ғылымының кандидаты, ТарМПИ доценті Александр Тучинмен бірге көп жұмыс істепті. Өзінің болашағын ғылымнан іздегісі келетін жас Қазақ-Британ техникалық университетінің ақпараттық технология факультетіне түсуді армандайды.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.