Аймақтар • 23 Желтоқсан, 2019

Мамырсу ауылында ардагерлер бөлмесі ашылды

744 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ауылдарыңызда ардагерлер бас қосып отыратын бөлме бар ма?» деген сауал қойды.

Мамырсу ауылында ардагерлер бөлмесі ашылды

Сәуір айында ауданымызға әкім болып тағайындалған Ділдәбек Оразбаев мамыр айында Мамырсу ауылының тұрғындарымен кездескенде: «Ауылдарыңызда ардагерлер бас қосып отыратын бөлме бар ма?» деген сауал қойды. Мұндай бөлме бізде жоқ болатын. Екі күннен кейін аудан әкімінің өкімімен ауыл әкімшілігі ғимараты ішінен бізге үлкен бөлме беріліп, оны жабдықтау жұмыстарын бастап кеттік. Бөлмеге Мамырсу ауылының іргетасын қалаған, ашаршылықты да, соғысты да көрген, тылда да аянбай еңбек еткен ардагерлердің суреттерін қойсақ деген шешімге келдік. Бұл жұмысты ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы қолға алса деген ұсыныс айтылды. Сол күннен бастап ауылымыздың ардагерлерінің суреттерін жинақтай бастадық. Осы жұмыстың өзіне жеті айдай уақыт кетті. Содан не керек, 25 қарашада ардагерлер бөлмесі салтанатты түрде ашылды.

мамыр

Бөлмені өзімізше үш бөлімге бөліп, әуелі ауылымыздың екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан және Ауған соғысына барып, оралмаған азаматтардың суреттерін ілдік. «Ер еңбегі - ел есінде» деп аталған екінші бөлімде совхоз кезінде еңбегімен ел құрметіне бөленген аға буын өкілдерінің, совхоз, мектеп басқарған азаматтардың суреттері орналастырылды. «Алып анадан туады» атты бөлімде Батыр ана, Алтын алқа, Күміс алқа иегерлері атанған ардақты аналардың суреттері төрден орын алды. Жалпы, ардагерлер бөлмесіне 500-ден астам суреттер ілінді. Шағын ардагерлер бөлмесін өткеннен үлкен сыр шертетін, жастарға тәрбиелік мәні бар тарихи музей десе де болады. Ардагерлер бөлмесінің ашылуына мұрындық болған аудан әкімі Д.Оразбаевқа, осы істің басы-қасында жүрген ауыл әкімі А.Ибрайшинге, қол ұшын берген ауыл азаматтарына алғысымыз шексіз.

                                                         Орынбек Тұрысбекұлы,

Мамырсу ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Шығыс Қазақстан облысы, 

Аягөз ауданы