Қарадалада өскен көкөніс өніміне сұраныс жоғары. Қазір жылыжайдан жиналған қызанақтың 500 тоннасы Ресейге жөнелтілді. Көрші елдің нарығына жасалған қадам сәтті болып, алдағы күндері тапсырыс көлемі арта түседі деген сенім бар.
Жылыжай бизнесін дөңгелетіп, сұранысқа сай өнім жинап отырған кәсіпкердің бірі – Стахан Белғожаев. Ұйғыр ауданы ғана емес, Жетісу өлкесіне еңбегі еселі, беделі зор ақсақал Шонжы ауылы маңындағы жерасты ыстық суы аумағына демалыс орнын салып, отандық туризмнің дамуына үлес қосып келеді. Қазір демалыс аумағынан жылыжай ашып, көкөніс өсіруді қолға алды. Термальді су көздері – демалушылар үшін қысы-жазы қызмет көрсететін нағыз шипалы орын. Демек, келушілер үшін табиғи таза көкөніс қашанда керек. Әуелгіде демалыс орнының қажеті үшін шақтап өсірген қияр мен қызанаққа қызығушылар қатары көбейіп, өндірістің іргесін кеңейтуге тура келген екен. Енді Стахан ақсақалдың жылыжайында өскен өнім Ресейге жөнелтіліп, сыртқы нарыққа жол тартыпты.
– Бүгінде тұрғындарды экологиялық жағынан таза, сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудің қамын жасауға кірістік. Жеміс-жидек бағын отырғызып, жылыжай салдық. Нәтиже жаман емес. Екі гектардағы жылыжайдан күніне 5-6 тонна қияр мен қызанақ теріп алдық. Өнімді Алматыға тасымалдаймыз. Көкөніс тиеу үшін арнайы жабдықталған мұздатқыш автокөлік алдық. Дайын өнім делдалдар арқылы сыртқы нарыққа шығарылуда, – дейді шаруашылық иесі.
Айтпақшы, Қарадала төсінде бау-бақша көлемі жыл сайын жайқалып өсіп, көбеюде. Бүгінде ауданда 623 гектар бақ бар. Оның ішінде 513 гектарға өрік ағашы, 40 гектарға алма ағашы отырғызылған екен. Жалпы, жеміс-жидек бақтарының көлемі 4532 гектарға жетсе, 1860 гектарынан өнім алынды. Сондай-ақ ауданда алманың «Апорт» сұрпын өсіру жолға қойылды. Қазір 380 гектарды құрайтын бақта тек осы жеміс түрі өседі. Жүзім бағының көлемі 635 гектарға жеткен. Күтіп, баптау ісінің бәрі жаңа технологияда жүреді. Оның ішінде 473 гектар бақта тамшылатып суару әдісі қолданылады.
– Ауданымыз ауыл шаруашылығына иек сүйгенімен, қайта өңдеу өндірісін де дамытып отырмыз. Қазір елде 15 өнеркәсіп өнімдерін өңдейтін кәсіпорын бар. Өткен 9 айда 1 млрд 585 млн теңгелік өнім өндіріліп, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғандағы табыс көлемі 100,2 пайызды құрады. Ал шағын және орта кәсіп бағытында 7639 адам кәсіпкерлікпен айналысып, есепті мерзімде 5 702 214 теңгелік тауар өнімін өндірді. Яғни, аудан бюджетіне 402576 теңге осы шағын кәсіптен түсті, – дейді Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нұрахунов.
Жалпы, Ұйғыр ауданында биылғы жыл қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық бағыттары бойынша оң өсім байқалды. Атап айтқанда, аграрлық секторда ғана өткен 9 айда жалпы құны 18 млрд теңгеден астам дайын өнім өндіріліпті. Ал ауданға 4 млрд 969 млн теңге көлемінде инвестиция тартылған. Мұның қатарында бірнеше жеке кәсіпкердің бастамалары бар. Мысалы, «Жартиев» шаруа қожалығының жалпы құны 120 млн теңге болатын, 50 бас сиырға арналған тауарлы-сүт фермасы, «Прима құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылына 35 мың тонна бройлер етін өндіретін құс фабрикасы және «Чунджа фруктс» серіктестігінің 200 гектар аумаққа егілетін баққа тамшылатып суару әдісін енгізуге арналған жобалары іске асса, аймақта өндіріс үлесі артып, жаңа жұмыс орны да көбеймек.
Алматы облысы