27 Наурыз, 2010

ДҮБІРГЕ ТОЛЫ ДҮНИЕ

588 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ТАЗА ИСЛАМНЫҢ ЖАРШЫСЫ ДҮНИЕДЕН ОЗДЫ Ислам дүниесіндегі айтулы тұлғаның бірі, әлемдегі ең көне және ең ірі “Әл-Азхар” ислам университетінің ректоры, Египеттің бас муфтиі болған шейх Мухаммад Саид Тантауи Сауд Арабиясына сапары кезінде қайтыс болды. 82 жастағы діни және саяси қайраткер құрметті қонақ ре­тінде король Фей­сал­дың “Исламға сіңір­ген еңбегі үшін” деп аталатын ха­лы­қа­ра­лық сыйлығын тап-сыру рәсіміне қатыс-паққа келген еді. Жұрт оның ислам-ның рухани орта­лы-ғына келген сәтінде дүниеден озуының өзін қасиеттілікке жорыды. Бұрын айтқан өсиетіне орай ғұлама ғалым, таза исламның жаршысы Мәдинеде жерленді. Таза ислам деп атап айтып отырғанымыз – шейх Мухаммад Саид Тантауи лаңкестікке қарсы идеологиялық күреске айрықша мән берген және өзі соның басында болған қайраткер еді. Оның пікірінше, ислам әділет­сіздікпен, басқын­шылық­пен, жазықсыз адамдарды қырып-жоюмен үйлеспейді. Мұндай пікірді ислам діни қайраткерлерінің көбі айтады, бірақ сол араб, мұсылман елде­рі­нің талайында бар лаңкестік ұй­ымдарға қарсы пәрменді күрес жүргізе қоймайды, ислам оларды қолдамайды деумен шектеледі. Ал Тантауи болса, лаңкестерді айып-тау­мен қатар, өзінің құзыры жет­кен дәрежеде әкімшілік, діни мекемелерден лаңкестерге қарсы пәрменді күрес жүргізуді талап етіп отырды. Осы жерде оның жоғары биліктік, рухани қызмет атқар­ғанын да айта кеткен жөн болар. Ол 1986 жылы Египет елінің бас мүфтиі болып сайланды, ал 1996 жылы президент Хосни Мү­бә­рәктің жарлығымен атақты “Әл-Азхар” университетінің рек­торы, сондай-ақ Каирдегі атақты “Әл-Азхар” мешітінің ұлы имамы болып тағайындалған. Ислам атын жамылған лаң­кестік ұйымдар негізінен осынау қасиетті дінді ұстанған елдерде әрекет етеді. Билік орындары мен діни құрылымдар сөз жүзінде оларды айыптаған болып, олар­мен исламның жолы бір еместігін мәлімдеумен шектеліп жүргені де белгілі. Кезінде Саддам Хусейн сияқты диктатор экстремистік ұйымдарды ашық қолдап, шахид­тер­ге ескерткіш орнатқанын да жұрт ұмыта қойған жоқ. Тантауи ашық лаң­кестермен қатар, экс­тремистік ба­ғыт­тағы ұйым­дарды да қатты сынға алды. Сол үшін де ол фун­да­менталистер мен радикалды діндарлар тарапынан қатты сынға ұшырап жүрді. Соған қарамай, ис­лам­ның тазалығы үшін, оның атын жамылған экстремистік күш­термен күресін тоқтатқан емес. Бәлкім, оның жүрек тал­ма­сынан қайтыс болуына да сол кү­рес­тің жүйкеге тиген әсері себепші болған шығар. Ерекше тоқталатын бір жай, Тантауи ислам әлеміндегі әйел­дердің құқы мен бостандығы үшін батыл күрес жүргізген қайраткер. Біршама ислам елдерінде ресми талаптарда әйелдердің құқы, оның қоғамдағы орны шектеулі екені белгілі. Тіпті көп жерде соңғы кезге дейін әйелді сүндеттеу (хитана) жүзеге асып келді. Тан­тауи­дай үлкен беделді қайрат­кердің мақұлдауы арқасында ғана денсаулық сақтау министрінің оған тыйым салу жөніндегі жарлығы жүзеге асты. Көп жерде, тіпті біздің елде де, қыздардың бетін жауып тұратын орамал (никаб) тартуы жөніндегі мәселе айтарлықтай дауға барып тіреліп жатады. Түркияда ол мемлекеттік, саяси деңгейге дейін көтерілді. Ал Тантауидің өзі басқаратын “Әл-Азхар” ислам университетінде никабпен жүруге тыйым жөніндегі пәтуасын ерлік санасақ, оған қарсы консерваторлардың шулап қарсы шығуын да түсінуге болар. Тантауи исламға қарсы әрекет­тердің барлығына қарсы пәр­менді күрес жүргізді. Данияда Мұ­хаммед пайғамбарды әж­уа­лаған карикатура жарияланғанда БҰҰ-ға дейін хат жазып, ұлы дінге ара түскені бар. Ең бастысы – ол өздерінің жосықсыз әрекеттерімен ислам дінінің беделін түсір­ген­дерге қарсы белсенді күреске шықты. Мұндай қадамға бару көп адамның қолынан келе бермейді. БАСҚАНЫҢ КІНӘСІН АРҚАЛАҒАН ПАК НАМ КИ Корея Халықтық-Демократиялық Республикасының Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы Пак Нам Ки қасақана ел экономикасын күйретті деген айыппен өлім жазасына кесілді. Оған елде жүр­гізілген ақша ре­формасы үшін айып тағылды. Бұл ре-форма өткен жыл­дың аяғында жүзеге асып, елде айтар­лық­тай қиындық ту­дыр­ды. Оның ха­лыққа қо­лайсыз­дық туды-ратыны жайында бұ­дан бұрын жаз­ға­нымыз да бар. Ол ең алдымен халықтың азық-түлік жөніндегі қажетін өтеп келе жатқан орташа кәсіпкерлерге қарсы бағытталғанын және соның салдары бүкіл халыққа жайсыз тиетінін айтқанбыз. Ол біздің сәуегейлігіміз де емес, бірден аң­ға­рылатын жай еді. Көп уақыт өт­пей-ақ, шын мәнінде солай болып ш­ықты, казармалық тәртіп ор­нық­қан елде сол реформа жүзеге асқан кезде халық бұрынғыдан да күй­зеле түсті. Бұл реформаның мәні мынада еді. Билік бұл реформаны ин­фля­ция­ның өсуіне, халық тұр­мысының төмендеуіне қарсы шара деп тү­сіндірді. Реформа бойынша қол­дағы ақша 100:1 курсымен де­но­ми­нацияланды. Оның үстіне әр отба­сына тек 140 доллар көлеміне сай ақшаны ғана айырбастай аласың. Одан артылғаны күйіп кетеді. Бұл дегеніңіз жұрттың жылдар бойы азын-аулақ жиған-тергені күлге айналды деген сөз. Бар-жоғы 140 доллары бар отбасының кәсіпкерлікпен айналыспақ түгілі, ша­­малы уақыттың өзінде күн кө­руі­нің өзі мұң болмақ. Ал бұған де­йін шамалы қаржысы бар кә­сіп­керлер ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндірумен, оларды ха­лыққа жеткізумен айналысып, содан белгілі мөлшерде пайда та­уып келсе, енді оған мүмкіндік жоқ. Бұдан сол кәсіпкерлер пай­да­дан айрылып қана қоймайды, ха­лық өзіне қажетті өнімнен айрылады. Жан-жақты ойластырылмай жүргізілген реформаның зардабы ол жүзеге асырылған күннен-ақ көрінсе, алдағы уақытта күшейе түспек. Үш-төрт айлық мерзімде халық бұ­рынғы күнде жи­нақ­та­ған қорымен күн көріп келсе, енді сол қор таусылған кезде онсыз да негізгі халқы аш­құр­сақ күн кешіп кел­ген елде азық-түлік жетіс­пеу­шілігі мықтап белең алатыны даусыз. Және оны қысқа мер­зімде жоюдың да жолы бел­гісіз. Өз басшы­лы­ғы­ның жо­сықсыз әрекет­терінен жылдар бойы жапа шегіп келген солтүстік­кор­ея­лықтар тағы да тағдыр талайына ұшырап отыр. Елде ақшаны деноминациялау сауатсыз жүргізілгені даусыз десек, оған кінәлі ретінде жоспарлау комитетінің төрағасы Пак Нам Киді ұстап беру де ақылға сый­май­тын жай. Бұл әсте де Пак Нам Ки­дің жеке өзі шешім қабыл­да­уымен жүзеге асатын шаруа емес. Мұндай қадамға сауатты эко­но­мис­тің бармайтыны өз алдына, бұл шын мәнінде саяси аван­тюраға негіз­дел­ген белден басқан шешім болғаны да даусыз. Және мұндай шешімді КХДР-де тек ел басшысы жасай алады. Ақша реформасы ар­қылы соңғы жыл­дары ел эко­но­ми­касына ықпал ете бастаған орта тапқа мықтап соққы беру көзделсе, бұл жосықсыз шара бүкіл мем­лекеттің қабырғасын солқылдатып кетті. Әдетінше КХДР басшылығы халық қасіретін де өзінің саяси мүд­десіне пайдаланып қалмақ. Ол­ардың айтуынша, “тегі буржуа­зия­лық” Пак Нам Киді жау “Сол­түстік Кореяның ұлттық эконо­ми­касын құрту үшін ел ішіне кір­гіз­ген” көрінеді. Демек, бұл елдің басына түскен қиындық ел бас­шы­лығының қателігінен емес, жау жақтан келген. Сарап­шы­лар­дың пікірінше, халық мұндай ақ­талуға сене қоймайтындай. Ақша рефо­р­масы үшін кімнің кінәлі екенін халық пайымдап отыр. Тіпті Пак Нам Ки айыпты болғанда, соны аңғармаған ел басшы­лы­ғынан не үміт, не қайыр! Әйтеуір қарапайым халыққа бұл елде аса қиын кезең туып отыр. Мамадияр ЖАҚЫП.