Қазақстан • 25 Желтоқсан, 2019

Жамбылдық «Даңқты спортшылар алаңы» ашылды

535 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Әулиеата жерінде аталып өтіп жатқан Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт кешені аумағынан «Даңқты спортшылар алаңы» ашылды. Аталған нысан әр жылдары спорт бәсекесінде ел намысын қорғаған жамбылдық спортшылардың құрметіне орнатылып отыр.

Жамбылдық «Даңқты спортшылар алаңы» ашылды

Алаңның ашылу салтанатында грек-рим күресінен Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарының жеңімпазы, Әлем чемпионы, Қазақ КСР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіров облыс спортының бүгінге дейін жеткен жетістіктерінің аз емес екенін айрықша атап өтіп, аталған нысанның ашылуымен көпшілікті құттықтады. Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков аталған саланы дамытуда өңірде көптеген жұмыстардың атқарылып жатқанын айтып өтті. Ағымдағы жылдың өзінде өңірде 40 спорт нысаны пайдалануға берілген. Келесі жылы тағы 92 нысан ел игілігіне берілетін болады. Сонымен қатар, облыста қазына қаржысы есебінен 2 және демеушілер есебінен 1 спорт кешені салынуда. Жыл басынан бері халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекелерде ел намысын қорғаған 14 спортшы жүлделі орынға ие болған. Сонымен қатар, аталған жиында алаңға есімі жазылған бірқатар спортшыларға арнайы куәліктер табысталды.

Ашылып отырған «Даңқты спортшылар алаңының» ортасында биіктігі 6,5 метрді құрайтын факел орналасқан. Оның екі шетінде травертин және гранит материалынан дайындалған, биіктігі 3 метр, ұзындығы 9 метр болатын 2 құрмет тақтасы қойылған. Құрмет тақтасында Жамбыл өңірінен шыққан даңқты 145 спортшының және 96 еңбегі сіңген жаттықтырушының есімі жазылған. Олардың ішінде Жақсылық Үшкемпіров, Болат Жұмаділов, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Бейбіт Ыстыбаев, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметов сынды спорт саңлақтары бар. 

12