Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2019

Жамбыл облысының музейі жаңа ғимаратқа көшірілді

1600 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тараз қаласының орталық алаңындағы ыңғайсыз ғимаратта  орналасқан облыстық тарихи-өлкетану музейі бүгін «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің ішінен ашылған ғимаратқа толығымен көшірілді.

Жамбыл облысының музейі жаңа ғимаратқа көшірілді

Жаңа ашылған музей ғимараты 2 қабаттан тұрады. Оның жалпы аумағы 4015 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар музей экспозициясы «Тарихқа дейінгі кезең залы», «Тараз қаласының тарихы», «Қазақ халқының этнографиясы», «Әулиеата кезеңі» сияқты төрт залдан тұрады. Аталған экспозицияларда Әулиеата өңірінің ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихы көрсетілген. Музей қорында 65 мыңнан астам бірегей және құнды жәдігерлер сақталған. Мұнда сақталған тарихи, археологиялық коллекциялар, нумизматика, тарихи-тұрмыстық заттар, қолжазбалар мен баспа құжаттары, бейнелеу және сәндік өнер туындылары тарихымыздың бай қазынасы.

Мәселен, музейде неолит дәуірінде егіншілік пайда болғандығын дәлелдейтін қола орақ, 1950 жылы Қордай ауданынан табылған Сақ тайпасының дулығасы, Алматы облысы, Есік аумағынан табылған «Алтын адамның» көшірмесі, 1960 жылы Талас ауданы, Билікөл жерінен табылған Ұмай ананың тасқа қашалған бейнесі, облыс аумағынан табылған VI-XIII ғасырларға жататын Балбал тастар және өзге де көптеген жәдігерлер бар. Сонымен қатар, Тараз қаласының негізін салушы Ғұн патшасы Шаньюй Чжи-чжи бейнесі бейнеленген жәдігер сақталған. Ол біздің заманымызға дейінгі 38 жылдары Тараз қаласының іргетасын қалаушы ретінде тарихтан белгілі. Паннода 2 жыл ішінде 2 қатарлы мықты қала салған Ғұн патшасының уәзірлері ақ киізге көтеріп хан сайлап жатқан кезі көрсетілген.

Сондай-ақ музейдегі үлкен жаңалықтың бірі – заманауи инновациялық технология, лазер арқылы жасалған, суреттерді көрсететін голограмма деуге болады.Голограммада облысымыздың тарихи-архитектуралық ескерткіштері виртуалды түрде көрсетіледі. Келушілер 3D форматтағы голографиялық шоуды жан-жағынан тамашалай алады. Ал, музейдің бір қабырғасында «Құрметті азамат» атағының берілу ережесі көрсетілген.

Сондай-ақ сенсорлы киоскіде «Жамбыл облысының Құрметті азаматтарының»  тізімі, олар туралы мәліметтер енгізілген. Мұнда өлкеміздің бай табиғи мұрасымен қатар, түрлі қазба байлықтары, тарихи бұйымдар орын алған. Музейге келушілер Жамбыл облысының тарихымен, археологиялық қазбалар кезінде табылған бірегей жәдігерлерімен танысып, өлке тарихы және даңқты тұлғалары жайлы мол мағлұмат ала алады. Осы мақсатта музейге келушілерге қазақ және орыс тілдерінде, ал, шетелден келген туристерге ағылшын тілдерінде өңір тарихына шолу, тақырыптық экскурсиялар жүргізіледі.

1