Аймақтар • 26 Желтоқсан, 2019

Көкшетаулықтар Жаңа жылға қамдануда

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа жыл жақындаған сайын дайындық та қызу. Көкшетаулықтар шырша құрып, түрлі-түсті шамдар жағып, үйін безендіріп,  отшашулар сатып алуда. Алайда тәжірибе көрсеткеніндей, мұндай пиротехникалық құралдардың барлығы бірдей қауіпсіз емес.

Көкшетаулықтар Жаңа жылға қамдануда

Келер жылдың 3-ші қаңтарына дейін Ақмола облысында «Пиротехника» атты республикалық жедел алдын алу шаралары жүргізілмек. Желтоқсан айының 17-сінде басталған шараға ұзын саны 700 қызметкер қатысады. Қазірдің өзінде қауіпті заттар тәркіленуде.  

– Бұл – алдын-алу шаралары. Сондай-ақ сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың қайдан әкелетіндігін анықтау. 6 күн ішінде атқарылған жұмыстар бойынша пиротехникалық өнімдерді заңсыз сатуға байланысты 196 бапқа сәйкес облыстың 15 азаматы жауапкершілікке тартылды. Сертификатталмаған 417 пиротехникалық өнім тәркіленді. Нәтижесінде 953 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Мұндай өнімдерді сатып алмас бұрын азаматтар тауардың нормаға сай екендігін растайтын сертификат, лицензиясын  сұрауға құқылы. Сәйкесінше сатушы да сатып алушының талабына сай тиісті құжаттарды көрсетуге міндетті, – дейді азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының инспекторы, полиция капитаны Талғат Нұрғалиев.

Пиротехникалық өнімдерді арнайы дүкендерде ғана сатуға рұқсат етілген. Алайда көшедегі ашық сөрелерде сатылып та жатқан жайлар кездеседі.

– Төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының мамандары мен жергілікті полиция қызметкерлері тұрақты түрде жаңа жыл қарсаңында «Пиротехника» атты алдын-алу шараларын ұйымдастырады. Биыл, міне, айтулы шараны бастап, алғашқы құқық бұзушылықтарды анықтадық. Пиротехникалық бұйымдар далада сатылса, олар дұрыс жұмыс істемей, адам денсаулығына зиян келтіреді, – дейді Көкшетау қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының бас маманы Абылайхан Шәріпов.

Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшылығы әзірге пиротехникалық өнімдерден зардап шеккендердің жоқ екендігін айтады. Десе де, кәмелет жасына толмағандар жарақат алмас үшін ювеналды полиция инспекторлары оқу орындарында осы тақырып аясында оқушылармен кездесулер ұйымдастыруда.