Өткен сенбіде Атырау облысындағы №157/1 тергеу абақтысында отырғандардың туысқандары мен қорғаушылары шу шығарды. Түрмеішілік кезекті тексеру шарасына келіспеген тұтқындар өздеріне қол жұмсауға дейін барды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарова хабарлады.
Кейіннен белгілі болғанындай, тергеу абақтысында отырғандар арасынан 1 айыпталушы өз ішін өзі жарған, ал 7 тұтқын қолдарын кесіпті. Жарақат алғандардың барлығына шұғыл медициналық жәрдем көрсетілген. Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Г.Мұхтарованың мәлім етуінше, өткен жұмада тергеу абақтысында кезекті тексеру ж.ргізілген. Тексеру барысында түрме ережесіне сәйкес келмейтін көптеген заттар табылып, тәркіленген.
-Кезекті тексеру кезінде тұтқындардан ұшталған, кесетін түрлі заттар, ұялы телефондары, тіпті 2,5 литр қолдан ашытылған спиртті ішімдік, яғни «брага» табылды. Ережеге сәйкес келмейтін заттардың бәрі тәркіленді. Ал тұтқындарға зәбір көрсетті, ұрып-соқты деген дерек жалған,-деді Гүлнәзира Мұхтарова.
Жолдасбек Шөпеғұл,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.