Үкімет • 31 Желтоқсан, 2019

Келер жылы 17 заң жобасы әзірленеді

210 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында заң жобалау жұмысының 2019 жылға арналған жоспарының орындалу барысы қаралып, келер жылға жоспары бекітілді.

Келер жылы 17 заң жобасы әзірленеді

Парламент қарауына 32 заң жобасы енгізілді

Алдымен Әділет министрі Марат Бекетаев баяндама жасап, бұған дейін Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2019 жылға арналған жоспары бекітілген кезде 27 заң жобасын әзірлеу және Парламентке енгізу көзделгенін айтты. Алайда, әзірлеуші органдардың ұсыныстары негізінде енгізілген түзетулерді ескере отырып, 32 заң жобасын әзірлеу жоспарланып отыр. Олардың барлығы Парламент қарауына енгізілді.

− Мемлекет басшысы 3 заң жобасына қол қойды. 29 заң жобасы Парламент қарауында. Жыл ішінде тиісті  жоспарға 10 рет түзетулер енгізілді. Соның ішінде түзетілген 4 заң жобасы енгізілді. 12 заң жобасы бойынша мерзімдер ауыстырылды,  бір заң жобасы екі бөлімге бөлінді, − деді М.Бекетаев.

Министрдің айтуынша, заң жобаларының бастапқы бекітілген жоспардан кешігіп орындалуына бірнеше фактор ықпал еткен. Мысалы, заң тұжырымдамасының әзірлеу кезеңінде талдаудың сапасыз жүргізілуі, сондай-ақ әзірлеуші мемлекеттік органдар басшылары тарапынан қажетті бақылаудың болмауы сынды мәселелер туындағаны белгілі болды. Жоспардағы заң жобаларының жартысына жуығы бастапқыда бекітілген мерзімнен ауыстырылып отыр. Әзірлеуші мемлекеттік органдардың заң жобаларындағы ережелерді мақсатты топтармен талқылау бойынша тиісті жұмыс жүргізбеуі жоспардың кешігуіне кері әсер еткен. 

− Нәтижесінде, ІІ  жартыжылдықта Парламентке 13 заң жобасы емес, 25 заң жобасы енгізілді, яғни бастапқыда жоспарланған санынан екі есе көп. Бұл жағдайды Парламент депутаттары мен Президент Әкімшілігі тарапы сынға алды, – деді М.Бекетаев.

Министр өз сөзінде Заң жобалау мәселелері бойынша да бірнеше жиналыс өткенін айтты. Оның айтуынша, Әділет министрлігімен заң жобалау қызметіне бақылауды күшейтуге және шығармашылық жұмыстың сапасын арттыруға бағытталған бірқатар шешімге түзетулер әзірленді. Онда түзетілетін заңның мерзімі ауыстырылған жағдайда әзірлеуші-мемлекеттік органның және жауапты тұлғалардың жауапкершілігі қатаң болмақ.

− Бұл түзетулер барлық министр­лікпен келісілді. Тиісті қаулы жобасы Премьер-Министр Кеңсесінің қарауында. Бұған қоса, заңдарды әзірлеу, олар бойынша қоғамдық талқылау және қабылдау рәсімдерін жетілдіру мақсатында, Әділет министрлігі заң шығару процесін жетілдіру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер топтамасын әзірледі. Тиісті заң жобасы Үкімет отырысында мақұлданды және жақында Парламент қарауына енгізілді. Біздің пікірімізше, жоғарыда аталған ұстанымдар Үкіметтің заң жобалау жұмыстарын сапалы жос­парлауды, сондай-ақ Үкіметке және Парламентке заң жобаларын уақытылы енгізуге оң әсер етеді, − деді министр.

Сонымен қатар М.Бекетаев Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспар жобасы туралы айтты.

− Әділет министрлігі Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелерімен бірлесіп Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспар жобасын әзірледі. Бұл жоспарда 17 заң жобасы әзірленбек. Оның ішінде әлеуметтік қамсыздандыру, дене шынықтыру және спорт, әскери қызмет және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары т.б. салалар қамтылған, − деді Әділет министрі.

Белгілі болғандай, алдағы жылы «ерекше тауарларды бақылау туралы», «өсімдіктер әлемі туралы» және «ардагерлер туралы» жекелеген жаңа заң жобаларын әзірлеу көзделіп отыр.

Жоспар жобасында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын, сондай-ақ Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бағытталған бірқатар заң жобалары көзделген. Оның ішінде мемлекеттік сатып алулар, дене шынықтыру және спорт, аудандық, қалалық және ауылдық деңгейдегі биліктің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша заң жобалары бар. Мысалы, мемлекеттік сатып алулар мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеу сатып алу рәсімдерін оңайлату және өткізу рәсімдерін бірізділендіру нәтижесінде мемлекеттік сатып алуларды тиімді өткізу көзделген. Әзірленетін заң жобаларының ең көбі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиесілі. Әр министрлік 3 заң жобасынан әзірлейтін болады. Қаржы, Ұлттық экономика, Сыртқы істер, Мәдениет және спорт, Экология, геология және табиғи ресурстар, министрліктері екі заң жобасынан әзірлесе, Қорғаныс министрлігі бір заң жобасын әзірлейді. Осылайша Жоспар жобасында қарастырылған 17 заң жобасынан 2020 жылдың
І жартыжылдығында Парламентке 8 заң жобасын, ал ІІ жартыжылдықта 9 заң жобасын енгізу көзделген. Жоспар жобасы барлық мемлекеттік органдармен және Президент Әкім­шілігімен келісілді.

Тиісті тапсырмалар жүктелді

Тақырыпты қорытындылау барысында Премьер-Министр Асқар Мамин келер жылға арналған жоспар жобасына өзекті және маңызды мәселелерді шешуге, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларын орындауға бағытталған 17 заң жобасы енгізілгенін атап өтті.  Үкімет басшысы өз сөзінде мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына заң жобалау жұмысын жеке бақылауға алуды тапсырды.

− Жоспарлы заң жобаларын енгізу мерзімдері бұзылған жағдайда тікелей бірінші басшылардың жауапкершілігі қаралатын болады, − деді А.Мамин.

Үкімет басшысы күн тәртібіндегі мәселеден өзге алдағы мереке күндері өңірлердің әкімдері барлық қызметтердің кезекшілік кестесін қатаң сақтауы қажет екенін атап өтті.

− Жылумен және электрмен жаб­дықтау тұрақты болуы керек. Алдын ала болжам бойынша, қаңтар айында аяз күтілуде. Сондықтан барлық пара­метрлер нормаларға сәйкес болуы тиіс. Әкімдер жылыту маусымын жеке бақылауда ұстауы керек. Энер­гетика министрлігіне жылу орта­лық­тарындағы қазандықтар мен жағармай стансалардағы отын қорын бақылауды тапсырамын, – деді Үкімет басшысы. Сонымен қатар Премьер-Министр Ішкі істер министрлігіне күшей­тілген режімде жұмыс істеп, азаматтардың тыныштығы мен қауіп­сіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.

− Жаңажылдық іс-шаралар өткізу орындарындағы өрт қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп мәселелеріне мониторинг жүргізу қажет. Сонымен қатар автокөліктердің жолдағы қауіпсіздігі бойынша алдын алу шараларын уақытында қабылдау қажеттілігін тағы да ескертемін, – деді А.Мамин.