Қазіргі таңда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өз құзыреті шеңберінде жастарға байланысты іс-шараларды жалғастыруда. Агенттіктің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалымен бірлесіп, дарынды жастарды мемлекеттік қызметке тарту, кадр қорын қалыптастыру мақсатында 2018 жылы облысымызда алғаш рет жоғары оқу орындары түлектері үшін Батыс Қазақстан облысының «Жаңа талап» мемлекеттік қызмет мектебі құрылып, өз жұмысын жалғастырып келеді.
Өткен жылы «Жаңа талап» мемлекеттік қызмет мектебінің құрамына мотивациялық эссе жазып, тестілеу мен әңгімелесуден кейін жоғары оқу орындарының 33 студенті қабылданды. Мектептің 14 тыңдаушысына мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өту мүмкіндігі қамтамасыз етілді.
Осы жылы мектеп бағдарламасын жаңа форматта жүргізу ұйымдастырылды, әр жоғары оқу орындарында топтар құрылып, мектеп құрамына жастар практикасы аясында мемлекеттік органдарда тәжірибеден өтіп жүрген мамандар да енгізілді. Мектепке құжаттарын тапсырған М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің және Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің 105 студентінің 80%-ы мектепке қабылданды.
Мемлекеттік қызметке орналасуға үміткерлер алдымен мемлекеттік тіл мен заңнамаларды білуге арналған тестілеуден өтіп, конкурстық негізде мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналаса алады. Осы ретте мемлекеттік қызмет мектебінің тыңдаушыларын тестілеу бағдарламасына енгізілген нормативтік-құқықтық актілермен таныстыру мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшылығымен және құзыретті мемлекеттік органдардың білікті мамандарымен дәрістер, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы уәкілетті орган ретінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының өкілі әлеуметтік желілер арқылы және mgov, egov mobil қосымшалары арқылы электрондық қызметтерді алу бойынша практикалық дәріс ұйымдастырылды.
Сонымен қатар мектеп тыңдаушыларына Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры және мамандармен жеке тұлғалық және кәсіби құзыреттерді қалыптастыру мақсатында «Жеке тұлғаның даму парадигмасы», командада жұмыс істеуге үйренуге мүмкіндік беру, жолдастық ахуалды қалыптастыру және қарым-қатынас жасау үшін психологиялық кедергілерді жоюға дағдылану бойынша «Ынтымақтастық, команда құру», «Коммуникативті дағдылар» тақырыптарында тренинг өткізілді.
Мемлекеттік қызметшілердің бойында кәсіби біліктілігімен қатар, қарым-қатынас жасау қабілеті, әдептілік, коммуникативтілік және сөйлеу мәдениеті сияқты жеке қасиеттері болуы қажет. Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамыту мақсатында және телеарна әлемінің ішкі жұмысымен, бағдарламаларды түсіру, жазу барысымен танысу үшін департаменттің бастамасымен мектеп тыңдаушыларына «AQJAIYQ», «ТДК-42» телеарналарында экскурсия ұйымдастырылды.
Мектеп тыңдаушыларына әлеуметтік желілерде ақпараттарды ілгерілету бойынша «Әлеуметтік желілерді пайдалану және дағдыларын жетілдіру» бойынша да тренинг ұйымдастырылып, «Qalam» оқу орталығының директоры өз тәжірибесімен бөлісті. Алдағы уақытта мектеп тыңдаушылары осы алған білімдерін тәжірибе жүзінде мемлекеттік органдарда тағылымдамада пайдаланатын болады.
Мемлекеттік қызмет мектебі жас көшбасшыларға мемлекеттік қызметтің іс жүзіндегі дағдыларын үйренуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда мектептің 30-ға жуық тыңдаушысы облыстағы жергілікті атқарушы органдарда, сот жүйесінде, құқық қорғау органдарында, сонымен қатар Атырау, Маңғыстау облыстарынының мемлекеттік органдарында тағылымдамадан өтуге қызығушылық танытуда.
Тағылымдамадан өткен соң «Жаңа талап» мемлекеттік қызмет мектебінің тыңдаушыларына оқу курстарын аяқтағаны туралы сертификат беріледі.
Болашақ көшбасшылармен пікірлесу барысында бірі мемлекеттік қызметте қызмет атқарып, еліне адал қызмет етуді жоспарласа, енді бірі ауылды дамытуға септігімді тигізсем дейді. Осы ретте аталған жоба «Жаңа талап» мектеп түлектеріне болашақта биік белестерді бағындырып, тек заң аясында және ел мүддесіне адал қызмет етуіне мүмкіндік береді деген үміттеміз.
Ғалым ТҰРСЫНБАЕВ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы