Аймақтар • 11 Қаңтар, 2020

Герасимов көшесі

564 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өтіп бара жатқан жылы Қостанай қаласындағы «Әуежай» жаңа шағын тұрғын ауданындағы көшеге Дмитрий Герасимов есімі жұртшылық сұрауымен берілді. Герасимов деген жазушының, батырдың, тағы сондай бір үлкен тарихи тұлғаның ныспысы емес. Ол осыдан жыл тәулігі бұрын ғана облыстық балалар ауруханасындағы дәрігер болатын, травматология және ортопедия бөлімшесін басқарды.

Герасимов көшесі

Өткен қыста, кәдімгі қа­қаған қысқы шілденің кезінде қатардағы дәрігер Дмитрий Герасимов ойламаған жерде қайтыс болды. Түкірік жер­ге түспейтін аязды күнгі дәрі­гер жаназасы көпке дейін қос­танайлықтардың есінен шыға қоймас. Жаназаға беттеген адам қарасының көптігі сондай, жол полицейлері шіркеу тұр­ған орталық көшедегі кө­лік қозғалысын тоқтатуға мәж­бүр болды. Герасимовтың қайтыс болғанын естіген орыс-қазағының іші удай ашыды. Әсіресе, баласын емдеткен аналардың егіліп жылағанын көзіміз көрді. Өзі қызмет еткен ұжымы арнап қойған аза кітабына өкініштен жүрегі күйіп, көзінің жасы тамшылап отырып жазған көңіл айтуларды жай оқи салу да қиын. Қостанай қаласы ғана емес, тіпті, тұтас өңір екі-үш күн бойы дәрігер қазасын азалады.

Қостанайдағы травматолог және ортопед Дмитрий Герасимовты көзінің тірісінде ел газеті «Егемен» де байқаған еді. Газеттің 2017 жылғы 15 маусымдағы санында «Дәрігер Герасимов, көмегіңіз керек!» деген шағын мақаламыз шыққан болатын. Сол жолы Дмитрий Владимирович балалардың жарақаты бүгінде өте күрделі екенін айтқан еді. Қазір ойын баласы түрлі техникалардан, электр тоғынан, жарылғыш заттардан, адам жеп қоятын қасқыр иттерден, адамдардың «қасқырынан» зардап шегеді. Оның сыртында баланың іштен кеміс тууы да жылдан-жылға жиілеп келе жатқаны оның жұмыс тәжірибесіндегі белгілі жай. Біз кездескен күні ол сегіз операция жасапты. Оны кеңес алу үшін балаларын жетектеп күтіп тұрғандардың қарасы да біраз болатын.

– Дмитрий Владимирович ауру баланы көргенде, өзін ұмытып кететін, бір ата-анаға «кейін келіңіз» деген сөз айтып көрген емес. Бала ауыр жағдайда түссе, сол түні үйіне бармайды, ауруханада, ординатор бөлмесінде ұзақ таңды ұйқысыз атыратын. Оның сенбі, жексенбі күндері жұмысқа келмеген сәті болған емес! Ол демалуды білмейтін. «Дұрыс емделмеген кез келген жарақат баланы мүгедек етеді» дегенді қайталап отыратын әрі соны жүрегіне өте жақын алатын, – дейді әріптесі, шәкірті Санжар Жағыпаров.

– Ол 12 қаңтар, сенбі күні өзін сондай жағдайсыз сезініп отырды. Бірақ «бір ата-ана ауру баласын әкелу керек» деп жұмысына шығып кетті. Үйге аяғын зорға басып келді. Ал 13 қаңтар, жексенбі күні ол жатып қалды, қинала бастады. Біз дереу ауруханаға апардық, 14 қаңтар күні қайтыс болды. Ол жексенбі күні жатып қалмағанда, жұмысқа барамын дер еді, – дейді жары Юлия Герасимова.

– Мен медицина институтына енді түскенде ол алтыншы курста оқыды. Мен диплом алған соң, облыстық балалар ауруханасында оның қолына келдім, бірге 17 жыл қызмет еттік. Алғашқы күннен бастап, менің ең бірінші ұстазым болды, маған ауруды қабылдаудан бастап, операцияның ұсақ-түйегіне дейін жетелеп жүріп үйретті. Ол осында келген жастардың барлығына үйретуден шаршамайтын. Менің әріптесім ғана емес, досым, досым ғана емес, әкемдей қамқорым болды. Адамгершілікті жоғары қоятын, зиялы адам еді. Ол қайтқалы мен әлі өзіме келе алмай жүрмін, Дмитрий Владимировичтің орны үңірейіп қалды, – дейді Санжар Маратұлы.

 2012 жылы Дмитрий Герасимов жазған мақалалар желісі Қазақстан трав­матологтары-ортопедтері съезіне қаты­су­шылардың үздік тәжірибелері қатарында жарық көрді. 2010 жылы ресейлік ғалым, медицина ғылымдарының кандидаты, жаратылыстану академигі Н.Н.Смелышевпен бірлесіп, «Руководство по чрекостному остеосинтезу» атты кітап шығарды. Бұл қазір Ресейде де, Қазақстанда да ортопедтер мен хирургтер столының үстінде жататын әдістемелік құрал болып саналады. Кітапты мың дана етіп шығарып, тегін таратты. «Ғылыммен айналысқан жақсы, әттең уақытым жоқ. Түстен кейін операциялар қайта жалғасады. Айына аурухананың осы бөлімшесінен 130-140 баланы емдеп шығарамыз. Ал бұл сан жаз айларында 160-қа дейін жетеді» деген еді дәрігер. Сол жолы біліксіздіктен ауруы асқынған балаларды қайта емдеу ең қиын жұмыс екенін айтып қалған. Ондай балаларды Герасимовке Қазақстанның өзге облыстарынан, Ресейден әкеліп жататын.

Юлия Герасимовадан Дми­трий Вла­дими­ровичтің қан­дай марапаттары болға­нын сұрағанбыз.

– Облыс әкімінің, министр­ліктің грамоталарын алып жүрді, «Денсаулық сақтау са­ла­сының үздігі» төсбелгісін тақты. Әрине, жылы сөз не­ге жаман болсын, үйге әкел­генде біз қуанатынбыз, бірақ өзі марапатқа, атаққа бой ал­дыр­ған кісі емес, ол туралы сөз айтпайтын, – дейді Юлия Ге­расимова. Достары Дмитрий Владимировичтің байлықты қумағанын да еске алады. Ол Қостанайдың өткен ғасырдың аяғында салынған бұрынғы үйлеріндегі пәтерде қарапайым тірлік кешті. Білімді байлық деп біліпті. Ұлы Володя да медицина институтының бесінші курсында оқиды, әкесінің жолымен травмотолог-ортопед болуға дайындалып жүр.

Жыл сайын «Қаланың құр­­метті азаматы» атағы пә­лен­­бай адамға үлестіріледі. Оның ішінде қала әкімі ап­паратының жетекшісі бол­ған, мәдениет басқармасын, мәслихатты басқарғандар да, қала туралы бір-екі мақала жазғандар да жүр. Марапатты, атақты «ыңғайын келтіріп» сұрап алатындар да бар. Алған грамоталарын, «Алғыс хаттарын» кабинетіне музей секілді айнала ілетіндерді көр­генде Герасимовтың мара­пат­сыз-ақ халықтың махаббатына, сүйіспеншілігіне бөле­нудің ерекше үлгісін көр­сетіп кеткеніне тәнті бо­ласың. Жұртшылық мұны Герасимовтың қазасында-ақ мойындағандай еді. Көшеге оның есімі берілмей, қайта Герасимов еңбекқорлықтың, мамандығына шын берілген шынайылықтың, біліктіліктің, адалдықтың, адамгершілік пен зиялылық­тың көшесін салып кеткендей еді. Қазақтың «көшелі адам еді» дейтіні осындайдан айтыл­ды ма екен? Алаяқтыққа бергісіз пы­сық­тығын, мейірімсіздігін, қуыс кеуде­лігін неше орден, неше марапат жаба алмай­тын­дар Герасимов салып кеткен көше­мен жүрер болса, қоғамнан да жусан иісі аңқы­ған даладай бір табиғи тазалық есер еді-ау...

Дмитрий Владимировичтің топырағы торқа болсын.

 

ҚОСТАНАЙ