– Халқымыз ежелден-ақ шөлге құдық қазған, өзенге көпір салған және жолға ағаш еккен ең үлкен сауапты іс екенін айтады. Диқандықты баба дәстүрі санаған Сыр бойында көпірлер құрылысы өткен ғасырларда да болды. Қараөзек тұсындағы Сауранбай көпірі, Жосалы кентіндегі Қармақшы өткелі, Қызылорда қаласындағы Оспан көпірі кешегінің көзіндей тарихи нысандар. Бүгінде біз ата-бабамыздың көпір салу дәстүрін заманауи үлгіде жаңғыртып, дамытып келеміз. Соның бір дәлелі осы көпір. Қуаныштарыңыз құтты болсын, – деді аймақ басшысы.
Қазалы ауданының 7 ауылы мен көршілес Арал ауданына қарасты алты ауылда тұратын 20 мыңға жуық тұрғын осы көпірді ұзақ жыл күтіпті. Жиында жергілікті тұрғындардың атынан лебіз білдіріп, бата берген Бекарыстан би ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Қабақ Смағұлов көпір мәселесін алғаш рет сонау 1949 жылы ел ақсақалдары көтергенін еске алды.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысы бойынша салынған көпірдің жалпы ұзындығы 219 метр, 2 жолақты, ені 12 метр. Көпірдің екі жағынан 1,5 метр жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған. Жалпы құны 2,7 млрд теңге болатын құрылыстың бас мердігері «КА-Строй ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жаңа көпірден алғаш рет осы компания көліктері жүріп өтті.
Қызылорда